23 Қыркүйек, 2011

Ішкі әскердің «Қалқаны»

446 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қай басылымның болмасын өткен жолы, тарихы өзіндік шежіресі болады. Сонау ал­ғашқы нөмірден күні бүгінгіге дейінгі ара­лықта сол басылымның басып өткен жолын оның тарихы дейтін болсақ, біз әңгіме еткелі отырған Ішкі істер министрлігі Ішкі әс­керлерінің органы болып келген «Қалқан­ның» да қалып­тас­қан дәстүрі бар. Үсті­міз­дегі жыл­дың қыркүйек ай­­­ында осы басы­лым 50 жылдық мерейлі мерекесін атап өт­келі отыр. Газет тарихына үңіліп отырып, біз оның 1961 жылы 28 қыркүйекте Кеңестер одағы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Қа­зақ КСР және Қырғыз КСР бойынша бас­қармасының саяси бөлімі органы «На боевом посту» деген атпен жарық көргенін бай­қаймыз. 1979 жылы газеттің атауы «Дзержинец» деп өзгертіліп, ресми түрде КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің Қазақ КСР және Қырғыз КСР бойынша басқармасының газеті болып шыға бастайды. Еліміздің егемендік алған жылдарында ке­ңестік дәуірден қалған армия өзгерістерге ұшы­рап, әскер түрлері қайта құрыла бас­та­ды. 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Президенті Н.Назарбаевтың Жар­­­­­лығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері құрылды. Әскер газетінің ата­уы «Қалқан» – «Щит» болып өзгертілді. Оның бас редакторы Виктор Фрайденберг, орын­ба­сары болып белгілі журналист Са­ғи­долла Көшімбаев тағайындалды. Бүгінгі күні қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақ­стан» газетінде қызмет істейтін, запастағы майор Александр Тасболатов, «Ал­маты ақ­шамы» газетінің қызметкері, за­пастағы капитан Айнабай Мәдиев, «Казахстанская правда» газетінде жұмыс істейтін Дулат Молдабаев, шекарашылардың «Отан сақшысы» газетінде қызмет істейтін подполковник Тамара Дәулетбаева, Ішкі әскер­лер қолбасшысының баспасөз хатшысы, под­полковник Қуаныш Қожахметов уақы­тын­да осы «Қалқан» газетінде еңбек еткен қаламгерлер. 2004 жылдың қаңтарында Ішкі әскердің төл басылымы – «Қалқан» газетінің бас ре­дакторы болып подполковник Сәдуақас Жұ­батов тағайындалды. 2004 жылдың наурыз айынан бері газет «Қалқан» атауын иеленіп келеді. Ал 2005 жылдың наурыз айында «Қал­­қан» газетінің қосымшасы ретінде «Бүр­­кіт» журналының алғашқы нөмірі жа­рық көрді. Тәуелсіз еліміздің құқық қорғау орган­­­да­рында «Арлан», «Сұңқар», «Арыс­тан» ат­ты арнайы мақсаттағы бө­­лім­­шелер бар. Ішкі әскерде де ерекше міндетті ор­ын­­­дай­­­тын «Бүркіт» бө­­­лімшесі құрылған болатын. Атал­мыш бө­лім­шенің жауын­гер­ле­рі бүгінгі күндері өз­де­ріне қойылған міндеттерді ор­ындау кезінде кә­сіби шеберлік та­нытып, кез келген қыл­мыс­қа қар­сы күресте сақадай-сай тұратын «бүр­кіт­ші­лер» екенін дәлелдеп жүр. Жур­нал­дың «Бүр­кіт» аталуы осыған байланысты деуге болады. Қазіргі уақытта редакция ұжымында бас редактордың орынбасары подполковник Алтай Сиырбаев, бөлімше бастығы подполковник Айткүл Мырзатаева және өңірдегі тілшілер, майорлар Ерболат Сұлтанов пен Альфия Ахметжанова, капитандар Ержан Абдрахманов, Мұратбек Құдайбергенов, аға лейтенант Руслан Жангулин және Данагүл Алғожина, Астанадағы тілшілер Александра Өтепова, Руслан Қайыркенов сияқты журналистер еліміздің әр түкпіріндегі әскери бө­лімдерге іссапарға барып, сол бөлімдердің тыныс-тіршілігінен қалам тербеп жүр. 2009 жылдың сәуір айынан бастап «Бүркіт» журналының қосымшасы – «Ішкі әскерлер жаршысы» шыға бастады. Сондай-ақ, осы жылы «Қалқан» газеті редакциясы жанынан видеостудия құрылғанын айта кеткен жөн. Капитан Дмитрий Дягтеревтің басшы­лы­ғы­мен осы уақыт аралығында ішкі әскерлердің жауынгерлері қызметі жөнінде «Хабар» телеарнасы және «Голд-медиа» шығарма­шылық орталығымен бірге бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Бұл орайда капитан Асқар Нұрпейісов, лейтенант Евгений Павловский және аға лейтенант Санат Құмаров, сержант Олег Буланов фильмдерді жасауға шығармашылық үлестерін қосып келеді. Ішкі әскердің «Қалқан» газеті жарты ға­сыр бойы өз оқырмандарына еліміздің құ­қық тәртібі – ішкі әскерінің ерлігі мен ба­тыл­дығы жөнінде материалдар жариялап, жас сарбаздар мен сардарларды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде және жау­ын­герлік рухты көтеруге өз үлестерін қосып келеді. Осы мерейлі мереке қарсаңында «қал­қандық» әріптестеріміздің шығарма­шы­лық жұмыстарына табыс тілегіміз келеді. Шарафаддин ӘМІР.