Сонымен, көп адамның көңілін күпті қылған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы қабылданудың алғашқы кезеңінен өтті. Сәрсенбі күнгі Мәжілістің жалпы отырысында ол толықтай мақұлданып, жоғарғы палатаға жол тартты. Осыған орай біз заң жобасын Мәжілістің қарауына дайындаған жұмыс тобының жетекшісі, депутат Рамазан СӘРПЕКОВТІ әңгімеге тартып, бірнеше сұрақтар қойған едік.
– Заң жобасын әбден зерттеп, ұңғыл-шұңғылына үңілген адамның бірі өзіңізсіз. Саясаткер әрі заңгер ретінде оның маңызы қандай дер едіңіз?
– Бұл заңның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуда айтарлықтай ықпал ете алады деп ойлаймын. Дін дегеніміздің өзі адамның тал бесіктен жер бесікке жеткенше өзімен бірге жүретін, жан-дүниесіне әсер ететін әлеуеті мол дүние ғой. Оған деген соңғы жылдардағы құрмет оның қай салаға да ықпалының күшті екенін көрсетеді. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті деп есептеймін. 1992 жылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде осындай заңның қабылдану себебі де сол. Өйткені, ол өз саласында қоғамды түрлі қыспақтардан қорғауға әсер етуі тиіс еді. Солай болды да. Соның арқасында талай-талай кесапаттарды заң талабымен ауыздықтап, халыққа оның зардабын аз тигіздік. Демек, ол дер кезінде қабылданған құжат болып шықты. Бірақ уақыт өзгермей, алдыға жаңа талаптар қоймай тұра алмайды. Бұл – өмір заңы. Сондықтан осыдан 19 жыл бұрын қабылданған құжатты қайта қарап, толықтыру бұл табиғи нәрсе. Сөз ретіне қарай айта кетейін, қазір еліміздегі заңнамалық базамыз 350-дің үстіндегі ұлттық заңдардан тұрады. Соның көбін біз жетілдіріп, қандай да болсын өркениетті мемлекеттің заңнамалық нормаларына жақындатып келе жатырмыз. Осылардың ішінде Дін туралы заңды да жетілдіретін кез жеткен. Бірақ ол түрлі себептермен кешеуілдеп қалды. Соны пайдаланған түрлі, дәстүрлі емес діндердің ағымдары, олардың ішінде қоғам дамуына, ұлттық қауіпсіздігімізге, адамдардың денсаулығына кері әсер ететін секталар елімізде көбейіп, көңіл алаңдатарлық жағдайға жетті деп айтуға болады. 1992 жылы мәселен, бізде барлығы 300-ге жуық діни бірлестіктер болса, бүгінгі күні олардың саны 4551 болған. Солардың кейбірі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастады. Әсіресе, тіркелу мәселесінің барынша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің болмауы, олардың әкеліп, таратып жатқан діни әдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, міне, осының бәрі діни бағыттағы ахуалдың барынша күрделенуіне жол берді. Тіпті, дін істерімен айналысатын өкілетті органның да түрлі министрліктерге беріліп келуі бұл істерді реттеуде тұрақты мүмкіншілік тудырмады. Осылардың бәрі, сайып келгенде, жоғарыда айтқан кемшіліктерді туғызды. Тіпті түрлі ағымдарға ерудің әсерінен бір ауылдағы екі көшенің, бір отбасындағы ері мен әйелінің, ата-анасы мен баласының арасы ашылып, кикілжіңге баруына жол берілді. Міне, осының бәрі қажетті заңның кешеуілдеп қалғандығының салдары еді. Сондықтан, осы мәселелерді реттеуге бағытталған біздің заңымыздың маңызы өзінен-өзі көрініп тұр емес пе?
– Дегенмен, жағдай осыншалықты күрделі ахуалға жеткенше мемлекет қол қусырып қарап отырды деп айта алмайтын шығармыз?
– Әрине, 2006 жылы Президентіміздің Жарлығымен Азаматтық қоғамды дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасы бекітілген болатын. Соның ішінде дін істері жөнінде заң әзірленуі қажеттігі тиісті мемлекеттік органдарға жүктелген еді. 2008 жылы бір топ депутаттың ынтасымен қолданыстағы дін туралы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Ол қалыптасқан тәртіп бойынша Мәжілісте қаралып, мақұлданды. Сенатта да бұл құжат барлық процедуралардан өтіп, қабылданды. Бірақ оған Елбасы қол қоймастан бұрын халық арасындағы кейбір пікірлерге байланысты оның Ата Заңға сәйкестігін тексеру сұралып, аталмыш құжат Конституциялық кеңеске жолданған болатын. Конституциялық кеңес 2-3 нормадан Конституцияға қайшылық тауып, 2009 жылғы қаулысымен заңның қабылдануына қарсылық білдірді. Осы жағдай болмаса, ол сол кезде-ақ толыққанды, біткен құжат сияқты еді. Өйткені, 2006-2008 жылдары оны дайындау өте қарқынды, жан-жақты жүргізілген болатын. Біздің бүгінгі заң жобасын оншақты күннің ішінде, өте жылдам уақытта қарап шыққанымыздың өзі де, біріншіден, сол заң жобасын терең талдағандықтың арқасында мүмкін болды деп айта аламын. Екіншіден, Конституциялық кеңес те өзінің сондағы қаулысында жаңа заң қабылданатын болса мына мәселелерге көңіл аударылса деген ұсыныстар жасаған еді. Заң жобасын әзірлеген топ сол ескертпелерді ескерген екен. Соның арқасында біз заң жобасын тез арада қарастырып, пысықтап жібердік. Әрине, мен бұл құжат төрт құбыласы түгел сай заңнама деп айта алмаймын. Оның да кезінде жетілдіруді қажет ететін тұстары болуы мүмкін. Өйткені, әр нәрсенің төрешісі уақыт екені даусыз.
– Заң жобасынан қоғамның күтіп отырған басты-басты мәселелері бар екені анық. Олар: біздің қалыптасқан діни наным-сенімімізге, ата-бабадан қалыптасқан дәстүрімізге, отбасылық ынтымағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зиянды діни ағымдарға тыйым сала ма деген үміт. Бұл құжат осындай әрекетке қол жеткізе алатын тетіктер тудыра ала ма?
– Мұндай мақсат заң жобасын әзірлеушілердің де, жұмыс тобының мүшелері – біздің де ішкі мақсатымыз болғаны анық. Сондықтан да құжатқа зиянды ағымдардың жұмысына өркениетті жолмен тосқауыл қоя алатын тетік енгізе алдық деп айта аламын. Ол – діни бірлестіктер мен миссионерлердің қайта тіркелуін талап етіп, реттейтін норманың енгізілуі. Демек, аталған ұйымдар мен адамдар қызметін мемлекеттік қайта тіркеу арқылы, іс-қимылдарының заңға сәйкестігін анықтау жолымен біз зиянды әрекеттері бар ағымдарды екшей аламыз. Ал мемлекеттік тіркеуден өтпеген қандай да бір діни ұйым немесе миссионер тұяғын қимылдата алмайды. Нақтылап айтатын болсақ, біз діни бірлестіктерді 3 санатқа бөліп отырмыз. Олар – жергілікті, аймақтық және республикалық. Жергілікті және аймақтық діни бірлестіктер облыстардағы әділет департаменті басқармасында, ал республикалық деңгейдегі бірлестіктер Әділет министрлігінде тіркеуден өтеді. Заң жобасында тіркеуден өту үшін діни бірлестікте қанша мүше болуы керектігі айқындалып және олардың бәрі кәмелет жасына толған Қазақстан азаматы болуы керек деген шарт енгізілген. Екіншіден, тіркелу үшін діни бірлестіктің жарғысы, тіркелуді күн тәртібіне қойып өткізген жиналыстарының хаттамасы, діни бірлестікке енуге ынта білдірген адамның сол жиналысқа тікелей өзінің қатысқандығы (осы талап заң жобасын талқылау кезінде жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысымен енгізілді), үшіншіден ынталы болған адамдардың толық тізімі тапсырылады. Жарғының өзіне қандай талаптар қойылатындығы жөнінде заң жобасында арнайы бап бар. Онда міндетті түрде Қазақстан азаматтарының барлық құқықтарын, соның ішінде демалу құқығын бұзып мезгілсіз уақытта діни уағыз айтып мазаламауын талап еткен және тағы басқа нормалар қарастырылған. Сонымен бірге олардың алдағы жүргізетін жұмыстарына қандай әдеби және басқа құралдарды пайдаланатыны жөнінде мәлімет беріледі, ал бұлар тіркелу барысында мамандардың қатысуымен діни сараптамадан өтіп, зиянды немесе зиянды емес сипаттары анықталады. Осы жұмыстар үшін Дін істері жөніндегі агенттік өзіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемінде дін саласында жүрген білікті мамандарды сарапшы ретінде қаражат төлеп шақырады. Сарап жұмысы бір айдың ішінде өткізіледі. Одан өткен соң да жарғыда кейбір күдік тудырған мәселелер болса, үш ай мерзімге түзеп келуге қайтарылады. Егер осы мезгілде түзеп келмей, өздерінің әрекеттерін жалғастыра беретін болса, ондай бірлестіктердің жұмысы сот арқылы тоқтатылады. Міне, осындай жұмыстар арқылы біз қоғамымыздағы зиянды діни ағымдарды ауыздықтап, оларды арамыздан аластармыз деген үмітіміз бар.
– Ал түрлі зиянды ағымдарды уағыздайтын шетелдік миссионерлердің жұмысын реттеуге қандай мүмкіншілік туғыза алады?
– Біз миссионерлік жұмыспен Қазақстан азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар айналыса алады деп жаздық. Бұл – Ата Заңымыздың нормасына сәйкес келеді. Мұнда біз көпконфессиялы мемлекет болғандықтан ешкімнің діни сеніміне шек қоймаймыз деген қағидатты басшылыққа алдық. Бірақ олардың тіркелуіне қойылатын талаптар да діни бірлестіктерге қойылатын талаптарға ұқсас. Өзгешелігі: шетелдік миссионерлер келгенде заң жобасына сәйкес Қазақстанда тіркелген қандай діни бірлестік сізді шақырды, қолыңызда мөрмен бекітілген шақыру қағаз бар ма деген бірінші талап қойылады. Ал егер шақыруы болмай, тек шетелдік озық тәжірибені тарату үшін келдім, біздегі діни бірлестік осындай жолмен жүргенде қоғам үшін пайдалы болды деген секілді мәселелер айтса, оған да шектеу жоқ. Тек, заң талабы бойынша, қолында сол елде тіркелген діни бірлестіктің мүшесі және соның уағыздаушысы деген анықтамасы болуы керек. Егер осындай құжаты немесе шақыруы бар адам болса, миссионер мұндағы әрекетінде өзін шақырған немесе діни мақсаты бір бірлестікке мүше болып тіркеледі. Бүгінге дейін миссионерлер келіп жататын және оның немен айналысып жүргенін ешкім қадағаламайтын. Ал жаңа заң жобасы бойынша миссионердің әрекет ететін аймағы, сондай-ақ қандай уағыз айтып жүргені жөнінде оның өзіне ғана емес, тіркелген діни бірлестігіне де жауапкершілік жүктеледі. Заң жобасындағы жаңадан енгізілген талаптардың тағы бірі – миссионер жыл сайын өзінің әрекеті туралы Дін істері жөніндегі агенттіктің аймақтағы мамандарына есеп беріп отырады. Жұмысы дұрыс екендігіне маманның көзі жетіп, оның зиянсыздығы анықталса, миссионердің қайта тіркеуден өтіп, келесі жылға әрекет етуіне рұқсат беріледі. Ал теріс пиғылы анықталып, тек қаржылық пайдасын көздейтіні, біреулердің наным-сенімдеріне қиянат жасайтындығы белгілі болса, оның әрекеті соттың шешімімен тоқтатылып, өзін Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылданады.
– Мәжілістің жалпы отырысында қандай баптар туралы қарсы пікірлер айтылды? Олардың пайымдарының қателігі неде деп ойлайсыз?
– Заң жобасының 3-ші бабы туралы пікірталастар болды. Онда мемлекет және діни рәсімдерді атқару мәселелері қарастырылған. Соның ішінде Қазақстан Республикасында ресми түрде тіркелген діни ұйымдар өздерінің мінәжат орындарын, ғибадатханаларын салуға, өздеріне қажетті әдеби құралдарын пайдалануға мүмкіндіктері бар деп, ал оған мемлекет тарапынан немесе басқа да заңды тұлғалар немесе адамдар тарапынан кедергі келтіруге жол берілмейтіндігі айтылған. Ал екінші тармақшасында діни бірлестіктер мен Қазақстан Республикасы азаматтары, шетелдік азаматтығы бар және азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында бірдей жауапты деп жазылған. Бұл біздің Конституциямыздың талабына сәйкес келетін норма. Осы нормалар сұрақтар тудырып, кейбір депутаттар мемлекет діни мінәжат орындарын салуға араласуы керек деген секілді ойлар айтты. Бірақ Ата Заң талабына қайшы келетіндіктен ондай пікірлер қабылданбады.
Сонымен бірге 7-баптың нормаларына байланысты депутаттардың көптеген сұрақтары туындады. Онда қандай жерлерде құлшылық етуге тыйым салынбайтыны жазылған. Діни жоралар мен рәсімдер ғибадат үйлерінде және оған бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелерінде, зираттарда, жақын тұратын адамдардың құқықтарына кедергі жасамайтын болса тұрғын үйлерде, асханалар мен мейрамханаларда, қонақүйлерде жасалынады делінген. Сондай-ақ ауруханаларда, мүгедектер үйі мен қарттар үйінде, түрмелерде және түрмеге дейінгі оқшаулағыштарда отырған адамдар қажет десе ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерін шақыруға құқы бар. Ал мемлекеттік мекемелерде, құқық және сот орындарында, әскери құрылымдарда, адамның денсаулығын қорғау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын органдарда, зайырлы оқу орындарында құдайға құлшылық ету, миссионерлік қызметтерді атқару, діни жораларды жасауға тыйым салынады делінген еді. Соған кейбір әріптестеріміз қарсы шығып, неге біз ешкімге кедергі жасамасақ өз кабинетімізде намаз оқи алмаймыз деген ыңғайда сұрақтар қойды. Сондай-ақ, оқу орындарындағы намазханалардың жабылатындығы да олардың қарсылықтарын тудырды. Намаз оқуға қарсы болмасақ та, ислам жораларын жасаған жерде басқа да діндерге рұқсат берілуі қажеттігін, оның бәрі аталмыш орындардағы еңбек тәртібінің сақталуына кері әсерін тигізеді деген ниетпен салынған тыйым еді бұл. Бірақ біз жұмыс тобында заң жобасын жасаушылардың намаз оқыған адамдарға қолданылуы қажет деп тапқан жауапкершілігін алдырып тастадық. Олар негізгі заң жобасымен бірге қаралатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты ілеспе заң жобасында Әкімшілік-құқықтық кодекске рұқсатсыз намаз оқыған адамдар үшін алғаш рет 50 АЕК, екінші рет қайталанса 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады деген толықтыруды ұсынған еді. Біз барлық заңнамаларымызды ізгілендіруге ниет етіп отырған кезімізде намаз оқығаны үшін жаза қолдану дұрыс болмас деген ұсыныс енгізіп, оны алдырып тастаттық.
– Демек, аталған қызмет орындарында намаз оқуға болмайды, бірақ оқысаң да ештеңе емес деген сөз ғой бұл?
– Алдымен тәртіпті қалыптастырайық, өзін сыйлаған адам, дінін сыйлаған жан мешітке барып немесе үйге барып құлшылығын орындай берер. Діннен бас тартсын деген түсінік қалыптастырмайық дедік біз.
– Қоғамдық палатада заң жобасы талқыланғанда басқа бір діннің өкілі ешкімге кедергі келтірмей, жексенбі күні өз үйімде 2-3 адаммен бірге құдайға құлшылық жасасақ, бұл да заңсыздық бола ма деген сұрақ бергенде Қ.Лама Шәріп бұл да заңды бұзу болады деп жауап берген еді. Заң жобасы сол күйінде қалды ма, әлде өзгертілді ме?
– Бұл туралы әңгіме жоқ. Адам өз үйінде ешкімге кедергі келтірмей, ешкімнің құқығын бұзбай құлшылығын жасаса, ешкім оған тыйым сала алмайды. Мысалы, ораза уақытында мұсылмандар үйлерінде ауызашар береді, тарауық оқиды, оған қалай кедергі келтіресің? Ежелден қалыптасқан дәстүр. Ешқандай қарсылық жоқ. Бәрі де бүгінге дейін қалыптасқан дәстүр бойынша атқарыла береді, тек жоғарыда айтқан төрт орында ғана тыйым салынады.
– Заң жобасы ертең қабылданып кетсе, оны толығымен іске асыруға жаңадан құрылған Дін істері жөніндегі агенттіктің құзыреті жете ме? Соған көздеріңіз жетті ме?
– Өте дұрыс сұрақ. Кез келген тамаша заң орындалса ғана халыққа тиімді болады. Ал толық жүзеге аспай жатса, ондай құжаттың халыққа пайдасы болмайды. Заңның орындалуына жауапты уәкілетті органымыз – Дін істері жөніндегі агенттіктің құрамында бүгінгі күні небәрі 80 қызметкері ғана бар екен. Оның жартысы осы Астанадағы агенттіктің өзінде, ал барлық облыс орталықтары мен Алматы қаласында 2-ден ғана қызметкері бар көрінеді. Аудандық, ауылдық жерлерде мүлде жоқ. Негізгі діни жұмыстар, келіп жатқан миссионерлер шеткері елді мекендерде жүріп жатыр, ал онда оларды бақылайтын уәкілетті орган өкілі жоқ. Сондықтан біз Дін істері жөніндегі агенттікке ауылдарда өкілдерін, аудандық жерлерде өкілеттіктерін ашу жөнінде ұсыныс енгізіңіздер, қазір Мәжілістің қоржынында 2014 жылға дейінгі бюджеттің жобасы қаралғалы жатыр, біз сіздердің ұсыныстарыңыздың қаражат жағынан сол бюджетте қамтамасыз етілуіне ықпал етейік деген пікірлер айттық. Жағдай міне, осындай.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.