Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Нью-Йорктен.
Алдымен уәде етілген жайдан бастайық. «Назарбаев осы күндері бүкіл әлемнің аузында жүрген Палестина проблемасын да айналып өткен жоқ. Бұл жайындағы Елбасымыз сөзі жөнінде де, осындағы пікірталасты да арнайы, бөлек жазған жөн сияқты көрінеді. Қазірше БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының қарсаңында Палестина басшылығы ел тәуелсіздігін тану туралы мәселе көтергенін ғана айтумен шектеле тұрайық», деп жазғанбыз газеттің өткен нөміріндегі мақалада. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтынын басын аша айтумен қатар, өңірдегі барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас қақтығыстың әділдікпен, соның ішінде тікелей палестина-израиль келіссөздері арқылы реттелуін жақтайтынын атап көрсетті. Біз осы жаққа шығарда интернеттен БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібіне қойылуы мүмкін деген мәселелер жөнінде біраз материалдар қараған едік. Сондағы пікір жазушылардың сөзі 66-сессия осы проблеманы талқылау үшін арнайы шақырылып жатқандай да әсер қалдырған. Палестина автономиясының сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики Палестина Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тәуелсіз Палестина мемлекетін 1967 жылғы шекарасында тану ғана емес, БҰҰ-ға толыққанды мүшелік беру жөнінде өтініш жасайтынын мәлімдеген болатын. Алайда, қазірше, мұндай мәлімдеме министрдің деңгейінде айтылып отыр. Махмұд Аббастың ресми мәлімдемесі жария етілген жағдайда ғана (газет қолыңызға тигенше солай болуы да мүмкін, өйткені мұндағы журналистер, біздің сөйлесе алатынымыз ресейлік әріптестер ғой негізінен, Палестина басшысы БҰҰ Бас хатшысына өтінішті жұмада тапсыруы мүмкін дегенді айтып жатыр) бұл мәселе Қауіпсіздік Кеңесінде ресми түрде қарала алады. Біздің ойымызша, АҚШ осы мәселеде вето құқын пайдаланады, себебі Барак Обама БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде бұл мәселе алдымен тікелей екіжақты келіссөздерде қаралуы керек деген ұстанымын ашық білдірді. Қысқасы, бұл мақалада да Палестина проблемасы туралы тереңдетіп жазуға мүмкіндік жоқтығын айтуға мәжбүрміз. Қалай болғанда да, алдыңғы күні Елбасымыз айтқандай, тарих таразысына қиын мәселе салынып отырғаны рас. Сессия күндерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысу үшін келген шетелдік делегациялар басшыларының құрметіне берілген қабылдауға қатысты. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан басшысының Австрия Республикасының Президенті Х.Фишермен, Түркия Премьер-Министрі Р.Ердоғанмен, Еуропа Кеңесінің Президенті Х.Ван Ромпеймен кездескенін газеттің алдыңғы нөмірінде жазғанбыз. Ал Елбасы келесі кезекте Грузия Президенті М.Саакашвилимен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, АҚШ Президенті Барак Обамамен, Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен, Финляндия Президенті Тарья Халоненмен, Украина Президенті Виктор Януковичпен, Польша Президенті Бронислав Коморовскимен, Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен, Латвия Президенті Андрис Берзиньшпен, Словения Президенті Данил Тюркпен де кездесіп, кездесулер кезінде көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Ол кездесулер жөнінде Мемлекет басшысы БҰҰ ғимаратының жанында, Гудзон жағалауында журналистерге берген сұхбатында қысқаша әңгімелеп өтті. Ресей тележурналисінің сұрағына орай Президент Қазақстанның өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығына толымды табыстармен бара жатқандығын нақты көрсеткіштер тілімен айтып берді. «Хабардағы» әріптесіміз Нұрлан Оқаұлы еліміздің жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісіне қосар үлесі туралы сұрады. Бұл сұрақтың жауабын Қазақстан Республикасы Президентінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейлі мәжілісте кеше таңертең сөйлеген сөзі жайында әңгімелей отырып баян етуге де болады. Мұндағы жұмыстың қаншама қауырттығын кеше осы мәжілістің таңғы сегізде басталғанын айтсақ та аңғарта алатын сияқтымыз. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Бас Ассамблеясы 66-сессиясының төрағасы Нәсір Әбд әл-Әзиз ән-Нәсір, Бразилия Президенті Д.Руссефф, Франция Президенті Н.Саркози, Жапония Премьер-министрі Й.Нод сөздерінен кейін мәртебелі мінберге көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевқа бөлекше құрмет көрсетілді. Бірінші кезекте шараны ұйымдастырушыларға, әсіресе БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның жеке өзіне ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берген шақырулары үшін ризашылығымды білдіргім келеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуде сөйлеген сөзінде. Бұл менің Қазақстан Президенті қызметіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Мен ядролық қауіпсіздікті үш бірліктің тұтас бір құрылымы ретінде қарастырамын. Біріншісі – проблемалардың әскери-саяси аспекті. Ол адамзатты ядролық қарудан қорғаумен байланысты. Екіншісі – ықтимал ядролық терроризмге қарсы іс-қимыл болса, үшіншісі – атом энергетикасының қауіпсіздігі. Қазақстан басшысы осындай көкейкесті ой-тұжырымымен күн тәртібіндегі мәселе әлемдік қоғамдастықтың әркез алаңдаушылығын туғызуы тиіс екеніне назар аударды. Бірінші мәселе бойынша, деп жалғады сөзін Қазақстан басшысы, біздің ұстанымымыз өзгеріссіз қалады, яғни ядросыз әлемге қарай қадам тарихи мақсат болып табылады. Ал таяу болашақта ядролық державаларды ядросыз мемлекеттерге қатысты ядролық қаруымен қоқан-лоққы жасамауға міндеттейтін конвенция қабылдау қажет. Осылай деген Нұрсұлтан Әбішұлы ядросыз әлемге бағыт ұстануда оның нақты жолдарын іздестіру маңызды міндет болып қала беретініне екпін түсірді. Халықаралық-құқықтық нормаларды де-факто ядролық мемлекеттердің бар екендігі шындығымен сәйкес келтіруді қағидатты маңызды санаймын. Бақытымызға орай, әзірше әлем ядролық терроризм проблемасымен бетпе-бет келе қойған жоқ. Бірақ, біз іс жүзінде осы қатерден толық сақтана алмай отырмыз, деді Мемлекет басшысы. Президент ядролық қатердің бақылаусыз таралуының аса үлкен тәуекелі ядролық технологиялардың «қара» базарына қатысушы мемлекеттермен байланысты болуы ықтимал екенін атады. Қазақстан басшысының пікірінше, бұл жерде мәселе Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа тексеру жүргізуге қатысты ғана емес, мәселе қатысушы мемлекеттердің оны нақты сақтауында болып отыр. Әлемдегі соңғы оқиғалар біздің іс жүзінде ядролық энергетиканы пайдаланудың сапалық жаңа кезеңіне жақын келгенімізді айғақтайды. Осымен байланысты Қазақстан бейбіт атомды қауіпсіз игерудің үш әмбебап қағидатын ұсынады. Біріншісі – атом энергетикасын дамыту саласындағы жалпы планетарлық басқару тетіктерін жетілдіру қажет. Бүкіл әлемде ядролық нысандар қауіпсіздігінің қазіргіден де тиімдірек жүйесін құру ұтымды. Атом энергетикасы нысандары қауіпсіздігінің біртекті, барынша қатаң және халықаралық тұрғыдан танылған стандарттарын жасау өте-мөте маңызды. Осы қағидаттарды қатаң сақтамайтын әлемдегі бірде-бір АЭС-ті пайдалануға жіберуге болмайды. АЭС-тердің басқару және қорғаныс жүйелеріне МАГАТЭ-нің бақылауымен және тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүйелі түрде стресс-тесттер өткізіп тұруды міндеттеу оңды іс болмақ. Екінші мәселе ретінде Нұрсұлтан Назарбаев атомдық төтенше жағдайларға дер кезінде қайырыла алатын нақты, жалпыға ортақ қағидаттар мен тетіктер қажеттігін көлденең тартты. Әлемдегі аса ірі техногендік апаттарға көбінесе табиғи катаклизмдер себеп бола бастады. Сондықтан Жер шарындағы табиғи және антропогенді үдерістерге жаһандық мониторинг жүйесін енгізген жөн. Ол үшін жергілікті ландшафтты, логистиканы, демографиялық картаны есепке ала отырып, әлемнің әр аймағы үшін дағдарысқа қайырылудың сценарийін жасау керек. Қазақстан басшысы қауіпсіз бейбіт атомды игерудің үшінші әмбебап қағидаты ретінде ядролық нысандардағы тіпті қандай да бір болмашы кінәраттар жөнінде әлемдік қоғамдастықты уақыт оздырмай және толық көлемінде хабардар етіп отыру қажеттігін атады. Жаһандық радиофобия жағдайында шынайы ақпараттар негізінде жұртшылықтың ядролық энергетикаға сенімін нығайтудың қағидатты маңызы бар. Ядролық энергетикада ежелгі құқықтық қағидаттарды – «шындықты, тек қана шындықты және барлық шындықты» айту қағидаттарын басшылыққа алып отыру қажет. Сөзінің тоқетеріне қарай Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын – 1991 жылдың 29 тамызында өзінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапқанын жария етті. БҰҰ Бас Ассамблеясына Қазақстанның Семей полигонының жабылу күнін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Біздің еліміздегі барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің толық бақылауында және кепілдігінде, деді Мемлекет басшысы. Өзіміздің атом өнеркәсібімізді дамытуды жалғастыра отырып, біз ядролық-отындық циклдың – уран өндіруден ядролық отын дайындауға дейінгі аралықтағы циклдың – вертикалды-интеграцияланған компаниясын құруды жоспарлаудамыз. Қазақстан МАГАТЭ туының астында төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру арқылы таратпау режімін нығайтуға үлесін ұлғайта түсуге дайын. Осылай деп мәлімдеген Қазақстан Президенті еліміздің аталған банкті өз аумағында орналастыруға құлықты екенін тағы да жеткізе отырып, Қазақстанның бастамасы қолдау көретініне сенім артты. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзінің соңында Бас хатшының осындай Жоғары деңгейдегі кездесу ұйымдастыру идеясына ризашылығын айтып, осында жария етілген ұсыныстар ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесін нығайтуға ықпал етеді деп үміттенетінін білдірді. Президентіміз жарыссөзге шығатыны хабарланғанда жиналғандар Қазақстан басшысына бөлекше құрмет көрсетті дедік. Олай болуы заңды да. Адамзат тарихында жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан басшы қазірше біреу ғана. Ол – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан да жақында жолдаған хатында АҚШ Президенті Барак Обама: «Қазақстан Тәуелсіздігін алған сәттен бастап ядролық қарусыздану және таратпау саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады. 2012 жылғы наурызда Сеулде (Оңтүстік Корея) өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммиттің маңызы зор. Сеул саммиті аясында Вашингтон мен Астананың ядролық қауіпсіздік саласындағы өзекті проблемаларды шешуге бірлесіп салмақты үлес қосатыны, ядролық қарудан азат әлем құру жолында алдағы қадамдарды анықтайтын мүмкіндіктерді қарастыратыны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Сеулдегі кездесуім кезінде екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық аренадағы қазақстандық-америкалық ынтымақтастық тақырыбы талқыланатынына сенім білдіремін», деп жазды. Сондықтан да БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: «Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын». «Мен кеше Семейде болдым. Ол өңірге жасаған сапарым мен үшін баға жетпес тәжірибе. Семей полигонындағы сынақтар барысында зардап шеккен миллиондаған адамдардың қасіреті мен ондағы экологиялық ахуалдың қиындықтарын суреттеуге тіл жетпейді. Тіпті оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіздің көрегендігіңіз бен басшылығыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адам сол қасіретті бастан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сізге Семей ядролық сынақ алаңын жапқан және Қазақстан аумағында барлық ядролық инфрақұрылымдарды жойған ұлттың басшысы ретінде шексіз ризалығымды айтқым келеді... Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», деді. Қазақстан әлем саясатын айқындайтын мемлекеттердің қатарына қосылып келеді. Қазақстанды әлем ядролық қарусыздану үдерісінің көшбасшысы санайды. Қазақстан үлгісін үйренер үлгіге балайды. Мұны кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінберінен еліміздің атына айтылған жылы пікірлер тағы да қуаттай түсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының қорытындысы бойынша шетелдік және қазақстандық БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Елена Вапничная, БҰҰ радиосы ақпараттық қызметінің жетекші шолушысы Елбасына: – Құрметті Президент мырза, биылғы жылы бұрынғы кеңестік республикалардың бірқатары, Қазақстанды қоса есептегенде, тәуелсіздіктерінің және БҰҰ-ға мүше болғандарының 20 жылдығын атап өтетіні Өзіңізге белгілі. Осы 20 жыл ішінде БҰҰ-мен ынтымақтастық қалай қалыптасты? БҰҰ Қазақстанның дамуына қандай үлес қосты, ал Қазақстан БҰҰ-ның дамуына қандай үлес қосты? деген сұрақ қойды. – Егер Қазақстан туралы, менің елім туралы, бұдан 20 жыл бұрынғы оқиға туралы айтар болсам, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы менің халқымның бүкіл тарихындағы алғашқы тарихи оқиға болды. Сондықтан бұл оқиға айрықша мән-мағынаға ие. Біздің еліміз бұл датаны лайықты атап өтуге дайындалуда. Осы жылдар ішінде Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі ретінде осы Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындады, белсенді ынтымақтастықта болды және барлық бітімгершілік операцияларға, интеграциялық үдерістерге, сондай-ақ өркениеттер үнқатысуына қатысты. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру бастамасын көтерді. Нақ осы БҰҰ-ның мінберінен мен бірінші болып бүгінде 29 мемлекетті біріктіріп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруды, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруды, ТМД, ЕурАзЭҚ құруды ұсындым. Осының бәрі қазақстандық бастама болатын. Ол бейбітшілікке және біздің аймақтағы және жалпы әлемдегі тұрақтылыққа табысты қызмет етіп келеді. Өткен жылы біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасадық және Еуразия қауіпсіздігі үшін маңызды бастама көтердік. Осының барлығын жер бетіндегі бейбітшілікке үлес деп білемін, Ұйым да осындай себеппен құрылған, – деп жауап қайтарды Президент. – БҰҰ ядролық қарусыздану мәселесінде Қазақстанға қандай көмек көрсетті? – Біріншіден, Қазақстан әлемдегі ірі Семей ядролық полигонын жапқан және төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан тамаша бастамашыға айналды. Мен осы арқылы Қазақстан ядролық қарусыздану ісіне және Жер бетіндегі бейбітшілік ісіне баға жеткізгісіз үлес қосты деп санаймын. Соңғы бір жарым жыл ішінде мен БҰҰ Бас хатшысымен бес рет кездестім. Ол Семей ядролық полигонында болды және 29 тамызды Ядролық қаруға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы біздің ұсынысымызды қолдады. Өткен жылы қырғыз елінде қайғылы оқиғалар орын алды. БҰҰ-мен тығыз ынтымақтаса отырып, біз азамат соғысының алдын алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Есірткімен күрес, лаңкестікпен күрес сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біз тығыз ынтымақтастықтамыз және БҰҰ-ның одан әрі дамуының қажеттігін сезінеміз. – Ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі кеңесі туралы сұрақ. Қазақстан осы кездесуге қатысушылардың бірі болып отыр. Бұл кездесуден Сіз не күтесіз? Бұл кеңес қаншалықты маңызды? – Қазақстан ядросыз әлемге қатысты барлық жаһандық іс-шараларға қатысып келеді. Өткен жылы сондай форумның бірі Вашингтонда өтті. Қазақстан қатысушылар қатарынан табылады. Бізді сөзі іске асып жататын мемлекет ретінде шақырады. Себебі, біз ядросыз әлем үшін күресіп жатқанымызды іс жүзінде көрсеттік. Бұл үшін, бәрінен бұрын, ядролық мемлекеттің ықтияры болу керек. Ядролық мемлекет ядролық қарусыздануда үлгі көрсетуі тиіс, сонда барлығы осымен шұғылданады және бұған сенетін болады. Әлемдегі ең қуатты мемлекеттің астанасынан осындай абыроймен аттанатын болдық. Абыройдан айырмасын, ағайын. Айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге сұхбат берген жердің жанында атақты мүсінші Вучетичтің «Семсерден соқа соғайық» деген мүсіні тұр. Біздің Елбасымыз – адамзаттың Тәурат заманынан көкірегінде аялап келе жатқан сол асыл арманын жүзеге асыруды бастаған адам. Семсерден соқа соққан саясаткер. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Бүгін, 21:44
«Егеменнің елдік жолы»: Бас басылымның 105 жылдығы аталып өтті
Форум • Бүгін, 21:37
«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Бүгін, 20:25
Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды
Қоғам • Бүгін, 19:35
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Бүгін, 19:30
Президент Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Бүгін, 19:18