Қазақстан • 31 Мамыр, 2017

Термин мәселесі талқыланды

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шараға Үкімет жанындағы респуб­ликалық терминология ко­миссиясының мүшелері, тер­­­ми­нолог-ғалымдар, минис­трліктердің тіл саласына жауапты қызметкерлері қатысты. Жи­нал­ған қауым терминжасамның ба­ғыттары жайында пікір алмасып, олардың тиімді жолдарын тал­қылады.

Термин мәселесі талқыланды

– Соңғы кездері терминологияға қатысты сіңіспей жүрген сөздер бар. Мәселен, «құрсым», «желкөз» сынды сөздерді қолданбаймыз. Дегенмен, бұл сөздер терминология комиссиясында бекітілген. «Желкөз» – «форточка», «құрсым» – машина доңғалағының сыртқы қалың қабаты, яғни «шина».  Осы салада кітаптар шығарылды. Жа­сыратыны жоқ, сыни пікірлер де көп айтылып жатады. Біз ауыз­екі тілге немесе қолданысқа мүм­кін­дігінше сіңісті, ыңғайы келетін сөздерді енгізуге тырысып жата­мыз, – деді Тілдерді дамыту және қоғам­дық-саяси жұмыс коми­теті төрағасының орынбасары Ғалым­жан Мелдешов.

Соңғы жылдары «күйсандық», «мұражай», «мұрағат» секілді сөздерге қатысты екіұдай пікірлер айтылып жүр. Бірақ жиын барысында бұл сөздердің терминология комиссиясында бекітілмегендігі айтылды. Осыған қарап-ақ терми­но­­логияның бір саламен ғана шек­­телмейтінін байқауға болады. Сонымен қатар, кей термин сөз­дердің ауырлығы сол, оны осы салаға қатысы бар маман болмаса, қарапайым жұрт түсіне бермейді. Ғалымжан Мелдешовтің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі, ұлттық компания-
лар өз саласына қатысты термин сөздерін халыққа түсінікті ұғыммен ұсынып жатады екен.

Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің  меңгерушісі Орынай Жұбаева өткен ғасырдың 20-жылдарында орыс тілінен енген сөздерді қабылдап, тұрақтандырғанда бір­неше қағиданың болғанын еске салып, кей сөздердің аудармасына байланысты өз ұсынысын айтты.

– Ол кезеңде орыстан енген сөздерді жазуда араб-парсы және бұ­рынырақта орыс тілінен енген сөздерді үлгіге алған. Сөздердің өн бойында сингармонизм заңды­лықтары сақталған. Сол себепті комиссариат – кемесерет, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе түріне ауысқан, – дей келе – «акционерлік қоғамның» орнына «жарналы се­рік­тік», «көтерме сауда» деген­нің орнына «топтап сату» деп қол­дан­сақ мағына әлдеқайда дәл бе­рілер еді, – деді Орынай Жұбаева.

Шара барысында «төраға» мен «төрайым» сөздері талқылауға түсті. Яғни, белгілі бір мекеменің басшысына хат жазар алдында осы сөздердің қайсысын қолдану ке­рек деген мәселе қаралды. Осы ретте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Қарлығаш Айдарбек ер кісі болса да, әйел адам болса да «төраға» деп жазу ке­рек, деген жауап қайырды.

– Латын әліпбиіне көшуге байланысты терминжасам мәсе­лесінде біз көп жайтты қайта қарауымыз керек. Латынға көшу тек таңба ауыстырумен ғана шектелмейді. Ағылшынша, французша, орысша сөздіктердің бір артықшылығы, транскрипциясымен беріледі. Міне, осы сөздіктерді қарап отырсақ, терминдердің басым бөлігі орыс тілінің айтылым мәнеріне қарай қайтадан жазылғанын байқауға болады. Осыны негізге ала отырып, біз қазақ тілінің мәнеріне қарай бейім­делуін қарастыруымыз қажет. Сонда тілдің әуезділігін сақтау жөнінде біраз қиындықты шешуге болады, – деді Парламент Мәжі­лісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов.

Сонымен қатар, ол термин­­ ж­­асам мәселесі ғылыми инс­ти­тут­тар­дың қызметкерлеріне қосымша қоғамдық жүктеме ретінде тапсырылатынын еске салып, осы салаға атсалысқан тұлғалардың тиісті ақы­лары төленуі керек екенін айт­ты. Өз кезегінде Парламент тарапы­нан бюджетке түзету енгізу кезінде осы бастаманы жақтауға дайын екенін жеткізді.

Шара соңында жиналған қауым өз пікірлерін ортаға салды. Айта кетейік, мұндай жиын дәстүрлі түр­де жылда ұйымдастырылып тұрады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»