Қазақстан • 31 Мамыр, 2017

Тәжірибені тарату – тағылымды іс

210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Назарбаев университет таңдаулы әлемдік тәжірибелерді қабылдау арқылы Еуразия кеңістігінде білім беру мен ғылыми жаңалықтар экспортының орталығына айналуды көздеп отыр.

Тәжірибені тарату – тағылымды іс

Назарбаев университет Қазақстанның жоғары білім беру саласы үшін мемлекетке жоғары білім беру саласында қазіргі инс-
титуттарды реформалауға жә­не жаңасын құруға мүмкіндік беретін экспериментальды алаң. Стратегиялық міндеттерді іске асы­рудағы осындай ерекше рөл Назарбаев университеттің академиялық еркіндік, дербестік, білім беруді, ғылым мен өндірісті интеграциялау, халықаралық ынтымақтастық сияқты негізгі қағидаттарының арқасында мүмкін болып отыр. Сарапшылардың пікірі бойынша, университет алдағы уақытта білім берудің ұлттық жүйесінің артықшылықтары мен таңдаулы әлемдік ғылыми-білім беру практикасын оңтайлы үйлестіретін Қазақстанның ұлттық бренді болуы тиіс.

Тәжірибені тарату – тұрақ­ты процесс. Алайда, мамандар мен пікірдің барынша шоғыр­лануы әртүрлі форумдар мен кон­­ференциялардағы тың тұжы­рымдардан байқалады. Соның ішіндегі аса маңыздысы, алты жылдан бері  Назарбаев университет бастамашысы әрі идеялық дем берушісі болып табылатын Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы.

Биылғы форум 31 мамыр­да өтеді. Білім беру менеджментіне арналған екі күндік пікірсайысқа Қазақстанның жеке және мемле­кеттік жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар мен студенттер, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, жұмыс беруші компаниялардың, білім беру саласындағы қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері және өз идеясымен, білімімен және тәжірибесімен бөліскісі келетіндер қатысады. Сондай-ақ, білім беру, менеджмент және экономика саласының халықаралық сарапшылары ой бөліскен.

– Тәжірибені тарату – Назарбаев университеттің бес стра­тегиялық мақсатының бірі, – дейді білім ордасындағы тә­жі­­рибені тарату жөніндегі үй­лестіруші Мәдина Айтақанова. – Біз өз тәжірибемізді ортаға саламыз, басқа жоғары оқу орындары өздерінің жетістіктерімен бөліседі. Университетіміз шаңырақ көтергелі көп бола қойған жоқ. Біз үйрену мен даму үстіндеміз. 2012 жылы бірінші Еуразиялық форумда біздің мамандарымыз университет бөлімшелерінің қызметі туралы таныстырылым жасаған болатын. Бұл содан бері дәстүрге айналды.

Студенттер туралы барлық де­ректер сақталатын регистратор офисінің, университеттегі екінші орында тұрған ғылыми және зерттеу қызметі үшін жауапты  провост офисінің жұмысы әрдайым үлкен қызығушылық туғызып келеді. Тағы да бір бөлімше, сту­дент­тердің мансап және кәсіби бағдарлау орталығының аты да, заты да әдеттегіден ерекше десе болғандай. Ол түлектерге алда­ғы қызметін жоспарлауға, білім алуын жалғастыруға, кәсіби дағ­дысын дамытуға кешенді қолдау көрсетеді. Осылайша, заманау­и бәсекелі еңбек нарығында, оның ішінде жаһандық нарықта, жұмыс­қа орналасуға жол ашады.

Креативті жұмыс тәжірибесімен университеттің студенттік істер бойынша энтузиасттар командасы бөлісе алады. Назарбаев уни­верситеттің мақтанышы –  бірегей кітапхана. Ол әлемдегі жетекші ақпаратты өндірушілердің ғылыми деректеріне негізделген.  Сонымен қатар, электронды кітаптар және оқулықтарды «мәңгілік пай­да­лануға» сатып алады. Оқу про­цесін біріктіру мақсатында әлемнің жетекші университеттері тарапынан ұсынатын электрондық оқу материалдары мен оқу курстары да молынан жинақталған. Кітап­хананың материалдық қорына келсек, 150 мыңнан астам баспа басылымдары, оның ішінде 80 пайыздан астамы ағылшын, 2700 аудио- және бейне материалдарынан, микрофиштар коллекциясынан тұрады.

– Біз тақырыптар бойынша сұранысты қамтамасыз етіп, бар мүмкіндікті жеткізуге тырысамыз. Өйткені, біз алға ұмтылып, даму үстінде келе жатырмыз. Жыл сайын тыңдаушылар саны өсе түсуде. Ал тәжірибе алмасу ісінде қаржылық жағынан ынталандыру да жақсы ұйымдастырылған.  Назарбаев Университеттің мәртебесі ерекше  – дербестік және академиялық еркіндікке негізделген. Бұл бізге Білім жә­не ғылым министрлігінің шең­берінде қалып қоймай, өз бағ­дарламамызды әзірлеу және бе­кіту құқығын береді. Алайда, бұл ретте біз  бағдарламалық жә­не институционалдық аккредитация алу үшін академиялық сапа талап­тарын сақтауға тиістіміз. Бұдан басқа Болон процесінің қағи­даларын да ұстанамыз. Тұтастай алғанда, жетекші университеттермен әріптестік моделіміз таңдаулы әлемдік тәжірибені тікелей зерделеу, оны өзімізге бейімдеу және одан кейін қазақстандық жоға­ры оқу орындарына ұсыну мүм-
к­ін­ді­гін береді, – дейді Мәдина Айтақанова.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»