Митингке ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова, КХА Төрағасының орынбасары Д. Мыңбай, облыс әкімі Қ. Көшербаев, бірқатар зиялы қауым өкілдері мен Оңтүстік Корея, Түркия елдерінен келген ғалымдар қатысты.
Митингте сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова 3 млн астам адамның саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбаны болғанын айтып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», деген сөздерін атап көрсетті.
Шара барысында сөз алған облыс әкімі Қ. Көшербаев: «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көзінің жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттері. Бас қосып, жиын өткізіп тұрған осы төбе – сол кездегі қанды қырғынның куәсі. Осы жерде қаншама ұлт зиялылардың мүрдесі жерленді. Ендеше, бұл жер – барлығымыз үшін тағзым етіп, бас иетін киелі орын. Сондықтан, қайта жаңғыртудан өткізіп, бүгін пайдалануға беріп отырған ескерткіш маңында шағын аллея мен арнайы тағзым ету орындары қарастырылды», деді.
Айта кететін жайт, ескерткіш Қызылорда қаласының Арай тұрғын ауданында орналасқан. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің қайта жаңғырту жұмыстарына облыстық бюджеттен 142 млн. 470 мың теңге бөлінді. Бұл жоба шеңберінде шағын аллея мен арнайы тағзым ететін орындары салынды. Жарық шамдары орнатылып, кеспе тастар төселген. Қайта жаңғырту жұмыстары «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-і арқылы жүргізілді.