28 Қыркүйек, 2011

Сайрамға барсаң, диқанмын деме...

921 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында оңтүстіктің өміріне құлай беріліпті. Ата-бабасы өнген құйқа­лы топырақты тәу етіп, күрделі шығарма жазбаққа ниет қылған дейді. Бүгінгі Бәй­дібек, Созақ аудандарына барғанда көрші екі ауданның ерекшеліктеріне сүй­сініп, “Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме”, деген екен. Шаян халық театрының Одаққа танылған даңқын ешкім ұмыта қойған жоқ. Бірде Бәйдібек ауданының сол кездегі әкімі Ұласбек Сәдібековтің мұрындық болуы­мен өткен өнерпаздар байқауына қонақ ретінде қатысып, тау суындай арынды, кең тынысты, дауысы құлақты кеспейтін, жанға жағымды әндерді тыңдап отырып, “япыр-ай, мына қыздар Алматы, Аста­наға барса, талай әншілер сахна сыртына шығып қалар-ау”, деп ой түйген едік. Ал, сырлы Созақта, шертпе күйдің негізін салған Сүгір Әліұлының елінде күмбірлетіп күй тартпайтындары кемде-кем. Оңтүстіктің халқы – еңбекқор. Біреуін екі етемін деп жанталасып жүргенін бас­қа өңірдегілер шектен тыс пысықтыққа жатқыз­ға­ны­мен, көбіне кетпеніне жү­гіретін еңбекші халықтың жеген наны адал. Қай ау­дан­ға барсаң да қайнаған ең­бек­тің үстінен түсесің. Жер жағдайына қарай тіршілігін жасап жатыр. Әйтсе де со­лар­дың ішінде шағын кәсіп­кер­лікке ерекше ден қойған Сайрам ау­да­нының жөні бөлек. Сондықтан Мұхаң­ның ізімен осы мақалаға “Сайрамға бар­саң, диқанмын деме” деген тақырып қой­дық. Құла дүзге су шығарып, жемісін жеп, қора-қора мал айдап қызығын көріп отырғандар қай ауданда да жетеді. Ал, диқаншылыққа материал іздеген журна­лис­тің қаламына Сайрам ауданы бірінші болып ілігіп, жазғаны жорғадай тайпа­лып жүре береді. Себебі, бұл ауданда жүзі қақтаған кү­містей жарқылдаған кетпен ұстамайтын адам жоққа тән. Бау-бақшаны кім өсір­мей­ді, малды кім бақпайды дерсіз, мық­ты болсаңыз тропикалық өсімдіктер – банан, інжір, лимон, құрма өсіріп көрдіңіз бе?! Ал, бастауын ақ бас Алатаудан алатын Ақсу, Қарасу бұлақтарының етегінде отырған Сайрам ауданының диқан­дары өсіріп отыр. Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында Шухрат Құрбаналиев деген азамат бар. Сырт көзге жұрт өзбек жұ­ра­ғатына ұқсатқанымен, түбі – қазақ. Сы­ралғы дос. Кей-кейде ағын судың жа­ға­сын­да отырып, “Үкімет неге көмек бермейді, таңдайға басар талшығымыз жоқ”, деп өзінің жалқаулығын әйтеуір өлтір­мей­тін Үкіметтің құлағына іліп қоятын ағай­ынның сарыуайымын естігенде Сай­рам­ға тартып кетеміз. Ондайда диқан ал­д­ына кісі болып барып, сәңірейіп аспанға қарап тұратын бастықтарды ертудің қа­жеті жоқ, Шухрат жолбасшы. Сапардан жадырап қайтасың. Жата қалып жазасың. Айқайға ойбай қосып жүрген, қит етсе Үкіметтің жонынан таспа тілуге әзір ағайынға сабақ болса, қолына ай жүзді орақ, күмістей жарқыраған кетпен ұстаса екен деп. ЖҰМЫССЫЗЫ ЖОҚ АУЫЛ Қайта-қайта жазса да жауыр болмай­тын Қарабұлақ ауылында соңғы есеп бойынша 41 мың халық тұрады делінген. Одан беріде екі-үш мың адам қосылып қалды-ау. Ауыл әкімі, кешегі кәсіпкер Ал­ымжан Нышанқұлов осы алақандай жерді алып отырған ауылда “алдыма жұ­мыс сұ­­рап ешкім келмейді” дегенде, таң­дан­ға­ным рас еді. Алақандай дейтініміз, ауыл­дың жер көлемі бар-жоғы 11 мың гектар. Соның 7 мың гектарында ауыл отыр. Шын­туайтына келсеңіз, кейбір об­лыс­тар­дың екі-үш ауданының халқындай жұрты бар осы үлкен ауылдың аумағын­дай жерді жеке өзі иеленіп отырған азаматтар бар. Бұл ауыл көкөніс, мал ша­руа­шылығымен жыл он екі ай айналысады. Шаруашылық негізі үш бағытқа құрылған. Ауылдың судан жоғары отырған қыр беткейі тек мал бордақылаумен айналы­са­ды. Бір мың өгіз байлап отырғаны да, қырық-елуге қанағат етіп отырғаны да бар. Бұл жақта базарға түскен мал кері қайтпайды. Қалай жемдейтіні, семіртетіні – бөлек тақырып. Көкөніс егетіндер де қарап жатпайды. Күзде өсірген өнімін сатқаннан кейін сол ақшаның мұртын бұзбастан мал сатып алады. Қаңтарға дейін бордақылап, шетінен сатады. Ақша­сына арзан кезінде жоғары сапалы тұқым, тыңайтқыш алып қоя береді. Көктемгі егіске бәрі дайын. Ал осы ауылда 1 мыңдай «КамАЗ» тағы бар. Міндеті қыс-көктем мәшинесін сайлап, жаздан қоңыр күзге дейін диқандардың өнімін сырт жаққа тасымалдайды. Ресей сияқты елдерде әріптестері бар, келісім-шарттар жасалған. Қарабұлақтан көрші ауылдар келін алуға құштар болғанымен, қыз беруге келгенде кежегесі кейін тар­тып тұрар екен. “Бұлар келіндеріне ты­ным бермейді, қызымызды зорық­тырып бақшалықтан шығармайды”, дер екен. Сөйтсе де “Қарабұлақтан қыз алсаң, бір қап картошкасымен келеді”, деп мәтел­дететіні бар. Несібелі дегендері ғой. Осындай жұмыстары көп ауылда жұмыс іздейтін адам қайдан болсын. Осы ауыл туралы “Егеменге” жазған­­­быз. Алымжан сол “Егемен Қазақ­стан­да­ғы” мақаладан соң Шығыс Қазақстан об­­лы­сындағы Ұлан ауданының әкімі келді. 10 шақты отбасы көшіп баратын болса, бар жағдайды жасаймыз дегенді айт­ты дейді. Шығыстың әкімі Бердібек Сапарбаев оң­түстікті бес саусағындай біледі. Қарабұ­лақ­тан күндіз-түні бір тынбай жұмыс жа­сай­тын он отбасы көшіп барса, тұтас ау­ыл­дың экономикасын көтеріп, өзгелерге үлгі боларын шотқа салып есептеп қойған ғой. ҚОЗЫҚҰЙРЫҚ ПАЙДАҒА КЕНЕЛТУДЕ Қолдан өсіретін қозықұйрық – саңы­рау­құлақ дегеніңіз бабын білсеңіз қып-қызыл ақша. Қазір мұны өсіру түк болмай қалған. Шитті мақтаның сығын­ды­с­ы­нан қалған қабығы, ағаш үгіндісі, ашы­та­тын химиялық қоспа, тағы бірінде қи, тауық саңғырығы пайдаланылады. Күй талғамайды. Уақтысында суарып отыр­саң болғаны. Мына бір әңгімені Сары­ағаштағы “Біртілек” ауылының әкімі айтып берген. Өзбекстаннан көшіп келген бір оралман тұрар екен. Балалы-шағалы, ақар-ша­һар отбасы, күйі төмен. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың қатарына жатқы­зып, көмек бергізіп жүріпті. Бір күні әлгі оралман келіп тұр дейді. Қолында бір шелек қозықұйрық. “Ағасы, рахмет. Көмекті жетім-жесірге берерсіз. Мен табыс көзін таптым”, дейді. Барып көреді. Кәдуілгі сиыр қора, көлденеңінен ілінген сырғау­ыл­ға ағаш үгіндісі, шитті мақта сығын­дысы лықып толтырылған әйелдердің қа­ра санға дейін тартып киетін шұлықтары ілулі тұр. Жан-жағын тесіп қойған. О, тоба, сол тесіктерден қарақұлақ саңы­рау­­құ­лақтар едірейіп шығып тұр дейді. Қос қол уысы толатындай. Себезгімен су ша­шады. Адамдардан қулық артыла ма?! Ара-тұра қытайдың балалар ойнап ата­тын отшашуын қора сыртынан тарсыл­да­тып атар екен. Қолдан жасалған найзағай. Ертеңінде қозықұйрықтарыңыз қапқа сыймай қалар екен. Адамдар табиғаттың туындысын өстіп те алдайды. Осы қозықұйрықтың көкесі Сайрамда өсіріледі. Запастағы офицер Василий Ба­бенконың Ақсукенттегі қозықұйрық жай­ына арнайы барғанбыз. Бұрынғы ат­шап­тырым мал қораны ыңғайластырып, сө­ре­лер қойып, қозықұйрық өсіріп жа­тыр. Қозықұйрыққа керегі – ауа, су, қыс­та аз­даған жылылық. Қалғанын Бабенко жақ­сы біледі. Шикізатын өзі жасайды. Биыл 4 тонна қозықұйрық алған. Қазір “МЭРС” тыңайтқышын пайдаланып, өні­мін кө­бей­тіпті. Тоғайда кездесетін улы мухомор емес, қойдың құйрығындай дәм­ді, борық­тай аппақ. Мейрамханалар қозы­құй­рық­сыз тамақ жасамайды. Ет жемесе, тісі қышитын қазақтар да үйре­ніп жатыр. ЛИМОН, БАНАН, ІНЖІР... Сайрам ауданында Ергаш Тіллаханов атты бағбан бар. Үйіргелік жерінен-ақ пай­даға кенеліп отыр. Шағын жылы­жай­ында лимоннан жылына 2 рет өнім ала­ды. Барлық жағдайды туғызатындығы соншалық, бір түбінің өзінен қыруар жеміс жинап алады. Ергеш қарттың лимон­да­рына басқа облыстардан сұраныс бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын Сары­ағ­ашта лимон өсіретін тәжік қызы Зухра мұғалімді іздеп барғанымызда, “Бұл көп күтім тілемейді, жалқаулардың жұмысы екен”, деп таңғалдырып еді. Бір әттеген-айы, біздің жалқаулар әлі де “алма піс, аузыма түс” деп алма ағашының көлең­ке­сінде жатыр. Төрт қабат көрпе салдырып. Асты сыз ғой. Ергеш ақсақал банан, анар, құрма және інжір өсіруде. Пәлендей өнім алмаса да, талап жақсы. Мұндай қарттар тропикалық осы жемістерді әлі-ақ жерсіндіреді... Манкентте де Абаз Ханашев деген азамат банан, лимон өсіріп жатыр. 55 МЫҢ ШӨЖЕ ЖӘНЕ ПИТОНИЯ “Жол болсын” ЖШС Ақсукентте жұ­мырт­қадан жылына 55 мың дана шөже дай­ындайтын инкубатор стансасын іске қосқан. Биыл 45 мың шөже басып шы­ғар­ды. Сатады. Бройлер-шөже 120 теңге. Екі айдан соң 3-4 келі тартатын дәу тауық бо­лады. Сондықтан ықыластана сатып ала­тындар көп. Ал Ақсу-Абад елді мекенінің диқаны Рустам Абдурасулов гүл өсіруге маманданған. 20 сотық қана жері бар. Гүл өсірудің қыр-сырын әбден меңгеру үшін Қытайдан бастап бірнеше мемлекеттерде болған. Шағын жылыжайы бар. Қысы-жазы гүл үзілмейтіндіктен, басқа облыстардан да тапсырыс түсіп жатады. Арзан. Тиімді. Бала-шағасы жәрдем­де­се­ді. 20 сотық жерімен-ақ отбасының ау­зы­нан ақ май ағызып отырған кәсіпті үйретер қазақ көп болса, шіркін... патша балығы және италиядан сұраныс Сайрам елді мекенінде “АКВА-Лайф” серіктестігі жылына 70 мың тонна форель балығын өсіреді. Таза, ағын суда өсетін, дәмділігі сондай, ауызда еритін патша балығы – форельді Алматының мейрам­ханалары аттың құнын беріп, алып кетер екен. Серіктестіктің бастығы Гегян Полифаян деген азамат. Армяннан қазақ қалып кетпепті. “Қайнарбұлақ” ауылдық округіне қарасты Тоған елді мекенінде “Нұр Батырхан” ЖШС төрағасы Айтжан Одаманов деген азамат бұлақ суынан бөлген 13 көлшікте ақ амур, сазан, табан бастаған балықтар өсіріп жатыр. “Нұр Батырхан” ЖШС бір жылда 350 мың дана шабақ сатқан. 270 тонна балық етін дайындайды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің арнаулы грантын ұтып ал­ған серіктестіктің жарты шығынын Үкі­мет субсидиямен өтеп беріп отыр. Серіктестік басшысы “Ақ балық-ау, ақ ба­лық, қармағымды қап балық”, деп отыра беретіндер санатынан емес. 225 гектар жерге тамшылатып суару әдісі бойынша қырға жүзім еккен. Таңдаулы сортты. Шарап жа­саумен атағы әлемге мәшһүр болған Италия­­дан мамандар келіп, көтере сатып аламыз деп келісім-шарт жасап кетті. Ита­лияда болғанбыз. Мемлекетті ұстап тұрған жекеменшік кәсіпорындар, шағын және орта кәсіп. Елде тегіс жер аз бол­ғандықтан, тауға қиялап жүзімдік еккен италиялық­тардың шарабында қазақ Айт­жанның еккен жүзімінің шырыны да болады. МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ЖӘНЕ КАЛИФОРНИЯ ШУАЛШЫҢ ҚҰРТЫ Ірі қараны бордақылау – өте табысты кәсіп. Бүгінде Өскемен қаласының әкімі, іс­кер азамат деген ауқымның өзі тақия­сы­на тарлық қылатын Ислам Әбішев Ор­да­басы ауданында әкім болып тұрғанда бір жиы­ны­на қатысқанбыз. “Мыңдаған гектар жер­ле­рің бар. Ата-бабамыз мал бақ­қан, жайын білеміз дейсіздер де, малды өріске айдап салғаннан басқаны ойла­май­сыздар. Сөйтіп, баққан малдарыңыз ар­ық-тұрақ, бейнеттеніп еккен көшеттердің қабығын кеміріп жүр. Мал бордақылауды бір гектар да артық жері жоқ Қа­ра­бұлақтағы өзбек ағайындардан үйреніңіздер. Әр сатқан малынан екі есеге пайдаға шығады”, деген. Ислам әкімінің көр­мей­тіні, байқамайтыны жоқ. Оншақты жыл бұрын айтылған сөздің ақиқатын бүгінгі әкімдер енді аңдап, кәсіпкерлерін ата­қаз­ша ертіп, Сайрамға барғыштап жүр. Мал бордақылаған ағайынды малына жем берерде байлап та ұстап отыра ал­май­сың. Сағат түскі 1-ге таянғанда бар ша­руасын тастап, үйіне таяды. Қорада бай­лаулы малдың күндік қорегі үш мезгіл наһан шелек ботқа. Кебек, жарма, күн­­жара, шорот, ашытылған бидай сы­ғын­дысы. Бірақ, күндіз-түні жоңышқаға байлап қойған малдан семіз, жонды. Са­уы­рынан маса тайып жығылады. Қазір Сайрам ауданында бордақылауда 172 мың бас ірі қара мал бар. Соның 40 мыңы біз мысалға көп алған Қарабұлақ ауылынікі. Бұл ауыл дайындаған ет бір облыстың бір жыл ет жеп, тіс шұқуына еркін жетеді. Қазір ауданда “Сыбаға” бағдарламасы қызу жүріп жатыр. Бастамашысы – облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Облыс бас­шы­сы “Максимум” аймақтық қаржыландыру орталығын шаруаларға тиімді жолмен қайта құрған. Банктердей емес, үстемесі төмен, кепілдік дүние деп қан сормайды. Жылдығы – 7 пайыз, 3 жылға беріледі. “Максимумнан” қаржы алған аудандық “Агронесие корпорациясы” “Сыбаға” бағ­­дарламасы бойынша “Гүлжамал” шаруа­шылығының басшысы Сәбит Өміровке 117 бас ірі қара, Манкенттегі “Артық” шаруа қожа­лы­ғының басшысы Әбдісамат Әбусаттаровқа 147 бас ірі қара сатып алып берді. 7 миллион теңгеге дейін 6 пайыз үстемемен беретін “Ау­ыл шаруашылығын қол­дау қоры” да елу-отыз бастан мал сатып алуға қаржы бөлген. Қаржының диқанға түгел тиіп, етті, сүтті мал алуына аудан әкімі Уәлихан Қайназаров та мүдделі. Осылайша, екі жылда 20 мыңнан аса ірі қара қосылған. Қазақы ақ бас си­ыр­дың өсімін көбейту үшін репродук­тор­лық­ты қолға алған Сәбит Омаровтың өз ірі қарасы 500-ден асады. Адам қалай қалталы боламын, отбасымды қысылмай асыраймын деп талпынса, алмайтын асуы жоқ қой. “Әрекет түбі – берекет” деген. Сайрамда осынша малдың қиынан тау тұрғызуға болар еді, бірақ күресінде жатқанын көрмейсіз. Тереңдігі үш-төрт метр, арасында өтетін саңылауы бар екі үлкен ұра қазылады да екеуіне де мал қиы толтырылады. Сосын біріне, яғни біздегі жұлдызқұртқа ұқсайтын Калифорния шуалшыңы көп мөлшерде тасталады. Оныңыз алдына төре табақ ет тартыл­ған­дай азуын басады. Жегені бойына құт, одан шыққан өнім – гумус кәдімгі шы­бық қадасаң, дарақ қылып өсіргенше тын­­бай­тын құнарлы топырақ. Қалта қағаз­дарға салынып сатылады. Алматыда шағын қал­тадағысы 400 теңге тұрады. Бір қап­тан қандай пайда қалады – есептей беріңіз. Біздің ауыл бұрынғы Жезқазған, қа­зір­гі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауда­ны­ның Ш.Ералиев атындағы кеңшары. Негізінен мал шаруашылығымен айна­лы­сады. Төрт түлік ұстамайтын үй жоқ. Ал­ты ай қыс қорада тұрады. Әрі қарай белгілі ғой. Үй қатарларының арасы жал-жал боқтық. Ауыл басшылары ойбайды салып жүріп трактормен тазартқан бола­ды. Қайдан, бой бермей кетеді. Мал қиынан қып-қызыл пайда тауып отырған сайрамдық Ниятбек Жұмаханов секілді ақсақалдар осыны көрсе: “Әй, қазақтар, алтынның үстінде жүрсіңдер-ау”, деп жерге бір түкіріп кейір ме еді. Бәлкім, Қарағандының әкімі Серік Ахметовке шығыстың әкімі Бердібек Сапарбаев секілді сайрамдықтарға “үйре­тің­­дерші, үй ормандарыңмен көшіріп ала­мын”, деу керек шығар... БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – АЛТЫН БЕСІК АУЫЛДА Сайрамға барғанда ауылдағы кей­бі­реу­лердің жұмыс жоқ дейтіндері бекер ме екен деп ойлайсың. Ізденсең, кәсіп бар. Далада жатқан тегін батпан құйрық жоқ, шаруа жасаймын десең, аз пайызбен несие беретін “Максимумдай” орталықтар бар. Үкіметтің өлтірмейтіндігі рас. Шы­ғар­ған қаржыңның жартысын субсидия есебінде береді. Шағын және орта кә­сіпкерлікті өрге бастыруда Сайрамда ат­қарылып жат­қан жұмыстар көп. Мәселен, қайта өң­деу­ді алайық. Ауданда 43 диірмен, 30 наубайхана, 11 кондитерлік цех жұмыс жасап тұр. 20 көкөністі өңдейтін, 21 май сыға­тын цех бар. Оның сыртында шарап өңдейтін, жүн жуатын, тері өң­дейтін, мақта түтетін, дәнді майдалап құрамажем дайындайтын цехтар жүздеген адамдардың нәпақасын айыруына қызмет етеді. Әр­қай­сысын жазар болсаңыз, тәжірибесі, тәлімі жетеді. Ішінен екшеп алдық. Әу бастағы мақсат өз ісін бастап кетуге тәуекелі жетпей жүрген адамдарға жол көрсетіп, қамшылау болатын. Сол үшін өзге аудан, қалалардан бір ауданды бөліп алдық. Парламент депутаты Бекболат Тілеухан өзі басшылық жасап шығарып жатқан “Намыс” журналында кез келген адамдардың қолынан келетін кәсіптердің түрін мейлінше ұсынып келеді. Елге бол­сын дейтін азаматтың мұнысына сүйсініп жүрміз. Қалың құйқалы ауылда тұратын жұрттың кедей болатындай, масыл­шыл­­­­дыққа бой ұратындай ештеңесі жоқ. Оған көмек сұрап ешкімге алақан жаймайтын, жанына жақын кәсібін тапқан, өзінің 20 сотық жеріне гүл өсіріп, басқа облыс­тар­ға да саудалап отырған сайрамдық Рустам Абдурасулов ақсақалдың еңбегі дәлел. Осындай тірлік мойындағы еріншектік пен бойдағы қорқынышты сілкіп тастасаңыз, сіздің де қолыңыздан келеді. Сайрам ауданы.

_________

ЛЕБІЗДЕР

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Біздің Отанымыз қысқа мерзім ішінде әрбір қа­­зақстандық мақтан ете алатын үлкен жолдан өтті. Елбасымыздың әлемдік қоғамдастықтағы бе­­­­делі арта түсті. Осының бәрі Қазақстанның бү­гін­гі күш-қуатын, әлеуетін танытады. Астанада Оң­түстік Қа­­зақстан облысының күндері өтуін үлкен құрмет деп қабылдадық. Жылдың төрт мез­­гілінің табиғаты бар өңіріміз мемлекетіміздің күн­гейінде орналасқан. Түптеп келгенде, респуб­ли­ка­мызды көкөніс, бау-бақша өнімдерімен түгел қам­та­масыз ететін қуатты облыс. Астаналық ағай­ын­дармен ыстық қауышу жалғаса берсін дегіміз келеді. Ұласбек СӘДІБЕКОВ, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Бүгінгі Астана, кешегі Ақмола-Целиноград – жалынды жастық шағымыз­дың ізі қалған қала. Кеңес Одағының өктем саясаты бел алып, ел, жер иесі – қазаққа шекесінен шеруен атып қарап тұр­­ғанда төрт құбыламызды түгендейміз деп атқа қонған ұлтжанды азаматтардың қатарында бол­ға­нымды мен әлі күнге дейін мақтан етемін. Біз үшін бұл аймақ қадірлі де қасиетті. Елорда болуы­мен де салтанатты. Зайырлы Қазақстан мемле­ке­тінің тамыры осында өркен жайды. Әлемге әйгілі болды. Оңтүстіктің ыстық сәлемін қабыл алуына шын жүректен тілектеспіз. Бауыржан СЕЙІТЖАНОВ, “Стандарт-Цемент” ЖШС директоры: – Қазақстанның болашағы орта және шағын кә­сіп­керлікпен қоса серпінді жобаларында. Ірі ин­­дус­трия­лық, инновациялық кәсіпорындардың кө­бею­ін­де. Менің әкем, “Стандарт Цемент” зауы­ты­ның құрыл­тайшысы, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов зауыт құрылысын қолға алғанда жай­машуақ уақыт болатын. Кейін әлемде қаржы дағ­дарысы басталды. Мықты мемлекеттердің өзі тіз­гініне ие бола алмай тәлтіректеп қалды. Зау­ыт­ты консервацияға қоямыз ба деген ойлар бол­ған. Бірақ, әкем: “Елбасыға уәде бергенмін. Азамат сөзін жұтпауы керек”, деп тәуекелге мінді. Рас, үлкен несие алдық. Алайда, елімізде цемент­тің ең сапалы түрлерін дай­ын­дай алатын заманауи зауыт уақыт ырғағымен жұмыс істеп тұр. Қазір өзіміз қуанамыз. Ал, Астанаға келгенде кеудені мақтаныш кернейді. Мұндай жауһар қала әлемде сирек. _______________________________

Материалдарды дайындаған «Егемен Қазақ­­стан­­ның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН.