06 Маусым, 2017

Әлем тәжірибесі – Астанада

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде электр қуаты көз­де­рінің балама түрлерін пайдалануға деген бетбұрыс әлдеқашан белең алған. Бұл ең алдымен, планетамыздағы бар­­ған сайын күрделеніп бара жатқан эко­­логиялық апат қаупін азайтуға ба­ғытталған игілікті іс.

Әлем тәжірибесі – Астанада

Техногендік ғасырдағы күннен күнге ғарыштап өсіп бара жатқан энергетикалық сұ­ранысты қанағаттандыру үшін кө­мір­сутегі шикізатын көптеп пайдалану ауаны ластап, қоршаған ортаның те­пе-теңдігін бұзды. Атмосферадағы «пар­никтік әсердің» үлесі еселеп артты. Ол өз кезегінде жердің үстіңгі қа­ба­тын қыздыра бастады. Соның салда­ры­нан жаһандық жылыну жылдам қауіпті деңгейге жетіп қалды. Оның алдын алудың бір ғана тиімді жо­лы – жаңғыртылған энергетикалық көз­дер­ді (ЖЭК) ашу. Яғни, адамзаттың бо­лашақтағы энергетикалық сұра­ны­сын көмірсутегі шикізатының есебінен емес, қоршаған ортаға зиянсыз табиғи қу­ат көздерін пайдалану арқылы қа­на­ғаттандыру.

Міне, саналы адамзатты толғандырған осы бір толғақты проблема енді санау­лы күндерден кейін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шеңберінде талқыға түспек. Өйткені қазақстандық көрменің жаһанды жалт қаратқан бас тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Қазірдің өзінде белгілі болып отырғанындай, ЭКСПО-2017-нің ая­сында талқыланатын «жасыл» энергетика мәселесі тек дамыған елдерді ғана емес, сонымен бірге дамушы елдерді де қы­зықтыратын толғақты тақырып екенін танытты. Оны ЭКСПО-2017 көрмесіне қа­ты­суға құлшыныс танытқан 115 мемле­кет пен 22 жаһандық компаниялардың мыса­лынан айқын көруге болады. Төрткүл дү­ниеге ЖЭК тәжірибесін таратуда «Бо­ла­шақтың энергиясына» қатысты көрмеге әке­лінген технологиялар мен осы салада көш бастап келе жатқан мемлекеттердің павильондарындағы озық жәдігерлердің қосар үлесі өлшеусіз.

«Жасыл» энергетика саласында көш­басшы ретінде танылған Германияның ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығындағы ең үлкен павильонды иеленуі де тегін емес. 2016 жылы Германияда жаңғырмалы энер­гетикалық көздерден алынатын электр қуаты елдегі өндірілетін барлық энергияның 33 пайызын құрады. Бұл ел 2050 жылы толығымен ЖЭК-ке кө­шуді жоспарлап отыр. ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Германия павильонының ұраны – «Энергия әлемді өзгерте алады». Неміс павильонында баламалы энергияны игеру мақсатындағы 35 жоба ұсынылады. Бұл озық технологиялардың тиімділігін көрмеге келген кез келген адам өзі тексеріп көре алады. Келушілердің қолына smart-stick кілті беріледі. Осы кілт арқылы павильонды тамашалаушылар «ақылды үйдің» ішіне кіріп, интерактивті элементтерді қосып, жәдігерлермен жан-жақты танысады. Электронды кілтті қалаған ті­лі­ңізде сөйлетуге болады. Онда қазақ, не­міс, ағыл­шын және орыс тілдерінің бағ­дар­ла­ма­сы орнатылған. Екінші бөлімде баламалы энергия қуатымен жүретін электромоби­льдер мен мотоцикльдердің неше түрі қойылған.

ЭКСПО-2017 көрмесінің басты ұраны – «Болашақтың энергиясын» дәріптеудегі Францияның жетістіктері де дүние жүзін тәнті етіп отыр. Францияда бейбіт атомның дамығаны соншалық, елде тұтынатын барлық электр энергиясының 72,3 пайызын атом электр стансалары (АЭС) өндіріп отыр. Атомдық энергетика үлесі бойынша әлемде бірінші орынды иеленетін бұл ел электр энергиясын экспорттау жағынан да көшбасшылар қатарында.  Француз павильонының аумағы – 1084 шаршы метр. Бұл – көрме қалашығындағы ең үлкен үш павильонның бірі. Павильонның іші «Экоқала», «Қайта жаңғыртылған энергия» және «Экологиялық көлік» атты үш бөлімнен тұрады. Бірінші қабатта орналасқан бірінші бөлмеде «жасыл» энергетика саласындағы озық үлгілер паш етіледі.

Күн сәулесін электр қуатына айналдырып, ел игілігіне жаратуда Нидерландтан  асқан мемлекет жоқ. Бүгінгі таңда әлемдегі күн энергиясын игеру саласындағы бар­лық жетістіктердің жартысынан астамына голландиялық технологиялардың ар­қасында қол жеткізілді. «Шағын ел – шексіз мүмкіндік» ұранымен ашылған Ни­дерланд Корольдігінің павильонында ЖЭК арқылы электр энергиясын өндіру мақсатындағы шағын ғана мемлекеттің қол жеткізген орасан жетістіктері кеңінен таныстырылмақ.

Нақ қазіргі кезеңде жаңғырмалы энер­гетикалық көздерді игеру саласына Қы­тай Халық Республикасы түбегейлі бет­бұрыс жасап отыр. Өздеріңіз ойлап қараңыз, Қытай ЖЭК саласын дамытуға ел бюджетінен 2,5 триллион юань қаржы жұ­мсайды. Сондықтан қазір  ЖЭК саласын дамыту бағытында Қытай дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Алып көршіміз ЭКСПО-2017 көрмесінде осы салада жеткен жетістіктерін бар әлемге таныстырмақ. Сондықтан да ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен павильон да ҚХР-ға тиесілі.

Энергетикалық әлеуетке тәуелді адам­зат­тың болашағы баламалы қуат көздеріне бай­ланысты екендігі талас тудырмайтын ақиқатқа айналды. Қазақстанның бұл саладағы бүгінгі жетістігі еліміздегі бар­лық өндірілген электр энергиясының 1 пайызын ғана құрайды. Еліміз 2020 жы­лы ЖЭК арқылы алынатын энергетика үле­сін 3 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға жет­кі­з­бек. Бұл ретте  ЭКСПО-2017 көрмесі ая­сындағы жаһандық тәжірибе тұғыр болмақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»