«Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдауының арқасында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгін көлік полициясы Астана әуежайында Желілік ішкі істер бөлімінің (ЖІІБ) барлық қажеттіліктеріне жауап беретін жаңа қызметтік баспанасына қол жеткізіп отыр», деді салтанатты шарада Ішкі істер министрі.
Қ.Қасымов өз сөзінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында елорданың әуежайы мен вокзалдарына шетелдік қонақтар мен еліміздің тұрғындары көптеп ағылатынын атап өтті.
«Сондықтан Астанаға келетін қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін бар күштерін салатын көлік полициясына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр», деді министр.
Министр жаңа ғимаратты аралап, ішкі жабдықтарымен, сондай-ақ көлік полициясының қызмет атқаратын орындарымен танысып шықты.
Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық және оны өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету іс-шаралары жоспары аясында салынды.
Атап өтсек, Астана қаласының әуежайы тәулігіне 10 мыңнан астам жолаушы қабылдайды, ал мерекелік күндері бұл көрсеткіш екі есеге көбейеді. Әуежайға күніне 160 жолаушы ұшағы ұшып-қонады. Соған байланысты еліміздің көлік полициясы құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөледі.
Естеріңізге сала кетейік, 31 мамыр күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайының жаңа терминалын ашқан болатын.