Этноауыл қалашығы 2500 шаршы метр аумақты қамтыған 30-дан астам сәулетіне сәні жарысқан киіз үйлерден құралыпты. Бір сөзбен айтқанда, самаладай самсаған ақбоз үйлер байырғы көшпенді қазақтың боздалада бозжусанды қуалап еркін өскен өмірінен елес береді.
Көрмеге келген шетелдік һәм отандық қонақтар әуелі қалашықты қоршаған көне шаһардың қамалы іспеттес қабырғаларды тамашалай жағалап, ортадағы қақпадан ішке енеді. Алғашқы 11 үй – шеберлер қалашығы. Мұнда ақ күмісті қақтаған айтулы шеберлер қалбыр-қапталы бұқара былғарысымен сырылған ер-тұрманды әшекейлеп, жүзік-сырға секілді сәндік бұйымдарды әрлеу ісімен айналысып жатыр... Сонымен қатар, теріден жасалған көнектер мен ағаштан ойылған ыдыс-аяқ, түтілген жүннен бояп басылған шағын текеметтерге көз суара аласыз...
Қанат керегесі жапсарласа жартылай ашық тігілген үйлерде ауыспалы сауда-саттық өтсе, 850 орындық этномюзикл залында 93 күн бойы күн сайын концерт қойылады. Тамашалау тегін.
Этноауылдың қақ ортасында орналасқан кіші сәулеттік нысандарда – қарапайым функциялардан құралған ландшафты сәулет туындылары және көркемдік-декоративтік элементтер композициясы бой көтерсе, дәстүрлі аңшылық секторында – салбурын құруға арналған саят құстары мен жүйрік тазылардың түрлерін, сондай-ақ арнайы жасақталған орында жамбы ату мен асық ату өнерін тамашалауға, тіпті өзіңіз де сайысқа қатысуға толық мүмкіндігіңіз бар.
Қалашыққа ат басын бұрған қонақтар көркем безендірілген әрі қызмет көрсету сервисі заманауи үлгімен жарақталған ұлттық асхана орталығына бас сұғады. Мұнда қазақтың байырғы ұлттық тағамдарымен қатар қымыз, шұбат, қымыран, айран-шалап сияқты сусындар да қонақ кәдесіне жарап жатыр.
Осындағы этноауыл орналасқан атшабарда біз сөз етіп отырған халықтық құндылықтармен қатар ұлттық спорт түрлерінен де ойындар өткізу жоспарланған екен. Мұнда атқарылуға тиіс іс-шараларды нақтылай түсу үшін Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мырзаны сөзге тарттық.
– ЭКСПО көрмесіне байланысты жоспарланған спорттық шаралардың беташарын ұлттық спорт ойындарымен ашқалы отырмыз. Атап айтар болсақ, 11 маусым күні осы «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған бәйге түрлерінен бәсеке өтеді. Шараның ашылу салтанатына дайындық жүріп жатыр.
– Өзіңіз айтқандай, дайындық шарасы жайлы нақтылай түссеңіз?
− Шетелдік қонақтар мен өзіміздің көрерменді ұлттық спорт түрлерінің салтанатымен таныстыру үшін аламан шеру өткізу жоспарда тұр. Мұндағы басты ерекшелік – шеруге қатысатын барлық спортшылар ұлттық үлгіде киіндіріледі және олардың аттары да көркем кежімделіп, әрбір спорт түріне сай нақышпен айшықталады.
Одан кейін 25, 15, 7, 1,8 және 2,4 шақырымдық қашықтыққа әртүрлі жастағы жүйріктер сайысса, 7 шақырымға жорғалар жарысы өтеді. Жарыс жеңімпаздарына тағайындалған жүлде қорына Алматы облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасап отыр.
– Жоғарыдағы бәйге түрлеріне қатысатын жүйріктерді таңдау қалай жүргізілді, жарысқа барлық өңірдің тұлпарлары қатысатын болар?
– Өздеріңіз көріп отырғандай, атшабардың айналым көлемі өте тар. Сол себепті, жүйріктерге де шектеу қойылды. Яғни 25 шақырымдық аламан бәйгеге әр облыстан 2 тұлпар таңдалып алынды. Біздегі алдын ала дайындалған мәлімет бойынша аламан бәйгеге – 33, топ бәйгеге – 35, құнан жарысқа – 35, жорға жарысқа 23 жүйрік қатысады деп күтілуде. Жүйріктерді іріктеу ісін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен жергілікті облыстық басқармалар атқарды. Бұлардың сыртында 1,8 және 2,4 шақырымдық ұшқыр жылқылар сайысына Башқұртстан, Осетия, Қарашай-Шеркес Республикасы, Өзбекстан, Польшадан лып етпе шаң тимес тұлпарлар қатыспақ.
– Осы күні ат жарысынан басқа қандай ұлттық спорт ойын түрлері көрсетіледі?
– Жарыс бір күннің ішінде өтіп бітеді. Бұдан басқа, жамбы атудан, аударыспақтан, теңге ілуден, қыз қуудан, көкпардан, ат үстіндегі жітітшілік өнер түрлерінен көрсетілімдер болады. Сонымен қатар, жиналған жұртшылық ат немесе түйеге мініп серуендей алады.
– ЭКСПО кезінде ұлттық спорт ойындары осымен тоқтап қалмайтын болар?
– Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз. ЭКСПО көрмесі кезінде ұлттық спорт түрлерінен 3 айлық спорттық шаралар жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, көкпардан әлем чемпионаты және аударыспақтан әлем кубогы жолындағы жарыстар өтеді. Әрбір облыс ЭКСПО-ға байланысты өткізетін мәдени-спорттық шаралар аясында екі күн бойы осы атшабарда ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсететін болады.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»