Аймақтар • 08 Маусым, 2017

Жеті жасар әнші Әннұр – жеңімпаз!

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 мамырда елімізде іріктеу кезеңі басталған «Бала дауы­сы» байқауы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Алматы облыстарында 2000-ға жуық үміткер өнерпаздарды қамтып, Маңғыстау өңіріне де жетті.

Жеті жасар әнші Әннұр – жеңімпаз!

Өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп бала қатысқан сайыс қазірдің өзінде оншақты жеңімпазды анықтап үлгерді.  

Ақтаудағы Н.Жантөрин атын­дағы Маңғыстау облыстық му­зыкалық драма театрында өткен кас­тингке өңірдің барлық аудан-қалаларынан 7 мен 13 жас ара­лығындағы 100-ден астам бала қатысты. 
Бір күнге созылған іріктеу кезеңінің оңай болмағанын айтады ұйымдастырушылар. Додада өзінің талантымен, өзіне деген сенімділігімен, сахнаға деген бейім­­ділігімен 7 жасар Әннұр Қуант­қанов жүлдегер болып шы­қты. 
Мықтыны анықтауда қазы­ларға әншілерді ұзақ тыңдап, біраз пікір таластыруға тура келген. Нәти­жесінде, барлық талаптарға сай деп танылған Әннұрдың бағы жанды. Әнші Әннұрдың әкесі бокс жаттықтырушысы, ал биге және актерлік шеберлік курсына қатысатын балақайды ән айту өне­ріне, яғни вокалға үйде анасы дайындайды. 
Кастингке Маңғыстауға келген тәлімгер – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова әнші балақайдың бола­шағына сенімді. 
− Ақтық сында Әннұрдың өз Маңғыстауының мәртебесін көтеріп, байқаудың кішкентай жарық жұлдыздарының бірі болатынына сенемін. Себебі оның бойында талант, әртістік қабілет, өз-өзіне деген сенімділік пен табан­дылық бар. Біз екеуміз ақтық сынға жүйелі дайындалатын боламыз, − деді Т. Забирова. 
27-29 қазан аралығында «Ал­маты Арена» мұз сарайының сахна­сында әр өңірдің жүлде­гер­лері өз тәлімгерлерімен бірге сайысқа түседі. Қиын сында талап­керлердің арасынан шын та­лант­ты кәсіби әншілер мен теле­көрермендер анықтайтын болады.

Гүлайым Шынтемірқызы,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы