Мемлекет басшысы Үндістанның Премьер-Министрімен кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті.
– Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болу үдерісі осыдан 12 жыл бұрын басталды. Ертең Үндістан да осы ұйымның толық құқылы мүшесі болады. Үндістан сияқты мықты елдің қатарымызға қосылуы бірлесіп шешетін мәселелер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Үндістан экономиканың түрлі саласында өзара іс-қимылдың жүзеге аса қоймаған орасан зор әлеуетіне ие екенін атап өтті.
Үндістанның Премьер-Министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– 2015 жылы Қазақстанға алғаш рет келгенімде Сіздің Астананы дамыту жөніндегі көзқарасыңызға, Қазақстанның жалпы экономикалық ілгерілеуіне тәнті болдым, – деді Нарендра Моди.
Кездесу соңында тараптар өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.