Іші кеуек, санасы бос оқушыға ешқандай ырым көмектесе алмайды.
Осындайда Абайдың атақты сөзі тілге орала береді: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!».
Негізі, көршінің оқуға түсіп кеткен баласын басқалай пайдалану керек. Қалай дайындалды? Нені оқыды? Жыл бойы (жылдар бойы) жинаған, жаттаған дүниесі кәдесіне қаншалықты жарады? Емтихан кезінде қандай жағдайды бастан кешті? Міне, оқушыға әлгіндей болымсыз ырымнан гөрі, осы мәселелер көбірек көмектеседі. Ал, алдыңғылар асса ақыл айтуы мүмкін, бірақ, сені дайындауға қауқарсыз. Қысқы демалысқа келген аға-әпкелерді аз торуылдаған жоқпыз, бірақ, жарытымды жауап естіп көрмеппіз. Айтатыны сол: «Жақсылап дайындал!». Бұл онсыз да күнде естіп жүрген сөз. Қоңылтақсып-ақ қаласың. Әлбетте, оңашада «тек қана тест тапсыратын пәндермен бол, қалғанынан пайда аз», деп, әлденені аңғартқандай болатындары да бар. Дегенмен, аз уақыт ішінде оны өзің де түсіне бастайсың.
ҰБТ өтер-өткенше қазақ оқушылары психологиялық қысымнан арыла алмай-ақ қояды. Бұл қысым көбіне мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан түседі.
Оқушыға түсетін қысымның негізгісі – әртараптан айтылатын түрлі кеңестер. Ең алдымен, таңғы сағат 5-6-да тұрып дайындалу керек деген көзқарас. Есте тез сақталатын көрінеді. Бірақ, соның пайдасынан зияны көп пе деймін. Қанбаған ұйқы, тынығып үлгермеген ми ойды адастырғыш келеді. Ұйқысы қанбаған, қарны аш адамға ілім қонушы ма еді?! Бір апта бір пәнге, екінші апта басқа пәнге дайындалу деген де дұрыс емес. Араға біраз уақыт түсіп кеткен соң, жаттаған дүниелер көмескілене бастайды. Бір күнді бір пәнге арнау да аса жақсы тәсіл дей алмас едік. Әр пән рет-ретімен күн сайын жоспарлы түрде қайталанып отыруға тиіс.
Мұндайда көлденең жұрт ақыл айтқыш келеді. «Тест кітапшасы білім болмайды», дейді. Бұл ақылды алсаң, мектеп бағдарламасына сай және одан тыс қаншама кітап оқу керек болады. Әрине, артық білім бас жармайды, оқыған жақсы. Бірақ, алдыңда тұрған уақыт өте қысқа. Соны тиімді пайдаланып қалмақ керек, сол себепті тесттен бас тарту мүлде мүмкін емес. Бұл жерде қазақтың «заманың түлкі болса...» қағидасы басты орынға шығады. Емтихан тест түрінде өте ме? Өтеді! Демек, қазақша айтқанда қиқаңдаудың реті жоқ. Құлағыңды әр ауызға бір тосып, «тест – білім болмайды екен» деп жүргенде, уақыт өтіп кетеді. Білімге құмартсаң – оқуға түс! Ал, оқуға түсудің бір-ақ жолы бар – ҰБТ. Тест түріндегі емтиханды жоғары білімге жеткізетін баспалдақ деп қабылдау керек. Қалған білімді қалай жинайтынын аузы аққа тиген соң әркім өзі көре жатады.
ҰБТ туралы ел аузында талай әңгіме айтылады. Бұл аса байқалмағанымен, оқушының жан дүниесіне әсер етпей тұрмайды. Мәселен, адамның ойына кіріп-шықпайтын сұрақтар келеді-мыс (Шыңғыс ханның атының түсі, Абылай ханның етігінің өлшемі деген сияқты. Көзбен көріп, қолмен ұстап келген ешкім жоқ, ата-ана аз балл алған баласын ақтау үшін, бала өзін ақтау үшін қайдан шыққаны белгісіз осы бір бос дақпыртқа май құйып бағады. Үлкендер тарапынан «Баланың миын ашытып, қай-қайдағыны ойлап табады. Бала түгілі, өздері біле ме екен соны?!» – деген сияқты сөздер де аз айтылмайды (мұндайды естіген бала оңдырып дайындалар ма?!). Бұл – деңгейі төмен оқушы мен солардың ата-анасы ойлап тапқан алып-қашпа «дерек».
«Құдай еңбектеріңді жемейді», – деуші еді бір ұстазымыз, орта жолдан килігетін әлгіндей әңгімелердің бәрін жиып қойып, оқушы ұстанатын сөз, міне, осы. Құдай еңбегіңді жемейді!.. «Өзіңнен мықтымен достас» дейді философтар, ең жақсысы, өзіңмен деңгейлес (тіпті жоғары), бәсекелесе алатын қатарласыңды тани білу. Біріге білу. Жаңағы айтқан ырыс та бір жұқса – осындай қатарласыңнан жұғуы мүмкін. Елдің баласы оқып жатқан түрлі курстар мен ақылы мамандарға қолың жетпеді ме, ол да қорқынышты емес. Олар да аспаннан алып ештеңе үйретпейді, мақтаулы мамандар да білмекке құмар жасқа ғана көмектесе алуы мүмкін.
Ең жақсы тәсіл – сенен бұрынғы талай талапкерді оқуға жеткізген дәстүрлі дайындық. Жоспарлы дайындықтан өткен, біраз қор жинап үлгерген оқушы уақыт өте келе ҰБТ-ның қыр-сырын өзі де меңгере бастайды. Ал, бұл дәрежеге жеткен бала ешкімнің ақыл-кеңесіне мұқтаж емес. Бұл үлкен өлшеммен алғанда, адамның өз жолын табуы деп аталса керек.
Дайындық кезеңі де әйтеуір бір бітеді. Емтихан өтетін залға кіріп, алдыңа келген кітапшаны ашар сәт те жетеді. Алғашқы сұрақ... Және сен жауабын білетін сұрақ. Күнде көріп жүрген, жаттаған сұрақ. Келесі де сол. Одан кейінгісін де білесің. Сонша уақыт шеккен уайым, кешкен күдік сол сәтте арқаңнан сыпырылып түскенін сезесің. Ысынып-суынып отырған аралықта «Дайындалғаным қандай жақсы болған!» – деп ойлап үлгересің. Сосын, келесі бетті сенімділеу ашасың... Тағы да таныс сұрақтар...
Алда беймәлім студенттік өмір қол бұлғайтындай...
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы