Медицина • 16 Маусым, 2017

Тұңғышты ата-әжеге беру дәстүрін сақтау керек пе?

3394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ  отбасыларында тұңғышты атасы мен әжесінің бауырына салу дәстүрі кеңінен сақталған. «Балам-балым, немерем-жаным» деп үлкен кісілер  нәресте кезінен  ер жеткен шағына дейін бар мейірін аяп қалмайды.

Тұңғышты ата-әжеге беру дәстүрін сақтау керек пе?

Шал мен кемпірдің баласы болу - бүкіл әулеттің еркесі болу деген сөз. Ешкім бетіңнен алмайды, араша түсер, арқа сүйерлерің мықты. Бұл үрдіс бұрыннан-ақ қалыптасып қойған. Оған мысал, бәріміз білетін Шоқанның Айғанымы, Абайдың Зересі, әлемді мойындатқан Димаштың ата-әжесі. Алайда, кейбір өмірлік мысалдар дәстүрдің бала психологиясына кері әсері де болуы мүмкін екенін көрсетуде.

Бүгінгі таңда біздің қоғамда бұл дәстүрге келгенде пікірлер екіге бөлініп, дау туғызып үлгерді. Мысалы, адамның тегін анықтаумен айналысатын маман Әлия Сағымбаева «Мегаполис» газетіне берген сұхбатында: «Қазақта тұңғышты туыла салып ата-әжесіне беріп жатады. Біздің ата-бабаларымыз ат үстінде жүріп соғысқан. Перзенттері қауіпсіздікте болсын деп оларды ата-әжесіне берген. Алайда, уақыт өте бұл дәстүрге айналып кетті. Менің пікірімше, аталған үрдіс дұрыс емес. 3 жасқа дейін бала анасының қамқорлығында болуы керек. Өйткені, бұл уақытта сәбидің дүниетанымында қоршаған ортаға, туғандарына деген махаббаты оянады. Ал, үш жастан кейін баланың тәрбиесіне әкесі араласуы тиіс. Егер сәбиді анасынан ерте ажырататын болса, табиғаттың заңдылықтары бұзылады. Болашақта ол бала жиі проблемаларға шалдығып, көңілінде ата-анасына деген реніш пайда болады» дейді. Дегенмен, бірқатар зиялы қауым өкілдері маманның бұл пікірін қолдамайтындығын, бұл салттың туғандар арасындағы байланысты нығайтатынын айтты.

Бауырына басқан немересіне деген махаббат ата мен әженің қызғанышына себеп болып жатады. Жас баланың өз әке-шешесін мойындамай «сен» деп қарсы сөйлеген әрбір сөзін жақсы көріп, мұндай қарым-қатынастың салдарына бей-жай қарайтын әулет үлкендері де бар. Соның зардабынан кімнен туғанын білсе де «тәтелеп», «ағалап» яки атын атап жүрген немерелерді кездестіріп жатамыз. Уақыт өтіп, есейсе де қалыптасып қалған қағиданы өзгерту қиын. Ал қариялар келместің кемесіне мініп кеткен соң ортада қалған бала жетімдікті ерте сезінуге мәжбүр болады. Тағдырдың бұл соққысы есеңгіретіп, әке-шешесімен қарым-қатынасын жаңаша қалыптастыруға тура келеді.  

Астанада тұратын Аман ақсақал тұңғыш немересін өз бауырына алған кісілердің бірі. «Балалар ер жетіп кеткеннен кейін жас иісті сағынасың. Тұңғыш көрген немерем болғандықтан өзіме меншіктеп алдым. Ол кезде ұл мен келін жас болды, басқа жұмыстары бар дегендей, бір жағынан баласын бағып болсын қолғабыс етіп, септігімізді тигізейік деп ойладық. Немерем мектеп жасына келгенше менімен тұрды. Өмірден көрген-білгенді  үйретіп, тәрбиеледім. Екі жақтың біреуін таңдау керек болғандықтан шығар, әжесі екеумізге жақын болды да, әке-шешесіне суық бауырлау болып өсті. Қазір үлкен жігіт болса да, бізге келгенде кішкентай балаша еркелеп кетеді», дейді ол.

Ал Олжас Ырысбеков болса, тұңғышын ата-әжесіне берген әке. Ол бұл дәстүрдің баласына пайдасы болмаса, зияны тимегенін айтады.

«Менің тұңғышым атасы мен әжесінің қолында өсті. Өкінішке орай, екеуі де арасына бір жыл салып дүниеден өтті. Екі үйдің ортасында тел өскендіктен де шығар, баламыз соққы алған жоқ. Керісінше атасы мен әжесінен көп дүниені алып қалды: үлкендерше сөз саптайды, артынан  ерген екеуіне аса мейірімді. Мен бұл дәстүрдің оң бағасын көрген адаммын, сондықтан әке-бала-немере арасындағы байланыс тұрақты түрде сақталу керек деп есептеймін», дейді Олжас.

Ал Дана Орынбасар – кішкентайынан ата-әжесінің қолында өскен немере. Ол бала күнінде ешкім бетінен қақпай өскенімен, кейін қиналғанын айтты.

«Кішкентай кезімнен кімнің қызысың деп сұраса «Әжемнің қызымын» деп жауап беретінмін. Көзімді ашқалы әжемнің қойнында өстім. Балалық шағымда ештеңеден таршылық көрмедім. Өте ерке болдым, есейгенше еркелейтінмін. Осылайша, әке-шешеммен арамыз ерте үзіліп қалды. Әжем мені қызғанғандықтан шығар, оларды есімімен атап үйретті. Ол кісілердің айтқанын еш тыңдамайтынмын. Отбасындағы балалардың арасында «Мен әжемнің қызымын» деп үнемі бөлініп жүрдім. Өкінішке орай, осы жылы әжемнен айырылып қалдым. Шыны керек, әжемсіз бұл әлем бос қалғандай сезілді. Өмір жалған деп ойлап, өмір сүргім келмеген кездер де болды. Бәрінің қайта орнына келмейтінін білсем де, әжемді қатты сағындым. Түсінгенім, менің еркелігімді әжемнен басқа ешкім көтере алмайды екен. Кейде көшеде кетіп бара жатқан әже мен немересін көрсем есіме өзімнің әжем түседі. Сондықтан да мен баланы туған әке-шешесінен айыруға қарсымын. Бұл дәстүрдің құрбаны тек біз ғана болайықшы» деп ағынан жарылды Дана.

Қоғамымыздағы осындай жағдайларды көзімен көріп жүрген Дәулет Нұрланұлы бұл дәстүрдің қазіргі таңда керек еместігін айтты.

«Бұл дәстүр кезінде қоғам өміріне сіңісіп кеткендіктен кейбір ата-әжелер бауырына немере салмағанды мін санаған. Олар да өз балаларын үлкендерге берген. Сондықтан, іште іркіліп қалған махаббатын қанша мейірленсе де, өз баласына келгенде көрсете алмаған. Міне, осы сезімін немересін бауырына салу арқылы тарқатып, өміріне қуат алған. Менің ойымша, бүгінгі уақытқа сай келмейтін дүниелерді, кейінгі уақытқа қалдыруымыз керек сияқты. Қазіргі уақытта ата-әже тәрбиесі болғанымен де, бауырына салып алу азайды. Өз басым зиянды тұстарын  туыс-туған, көрші-қолаңдардың басынан талай көрдім. Әке-шешесі дүниеден озғанда туғаны емес, туысы сияқты болып, әке мұрасын бөлісуге келгенде тыс қалатындығы ауыр жағдай. Ал тағы бір отбасында  ата-әжесі дүниеден өткенде бала жалғыз үй болып ортада қалды. Әке-шешесі: «Енді тек Құдайдың алдында аламыз» деп қабылдамады. Кейін бала көшеде қалып, ақыры қылмыс істеп, сотталып өмірінің бәрі ойранға айналған кездер де болған»

Бұл мәселеге мамандар не дейді?

Психология ғылымдарының кандидаты, доцент Алмат Нурадинов ата-әженің қолында өскен баланың эгоист болып келетінін айтады. 

«Дәстүр біреу болғанымен, бұл жағдай әр отбасыда әртүрлі қалыптасады. Бастапқыда бала психологиясына қатты әсер еткені байқалмаса да, арада 10-20 жыл өткенде міндетті түрде проблемалар туындайды. Қазақы психологиямен қарайтын болсақ, мұның балаға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Үлкен баланы ата-әжесіне беру отбасында ұрпақтар сабақтастығын орнатады. Өсе келе мұндай балалар зерек келіп, ерте есейеді. Дегенмен, кейбір ата-әжелер немересінің бетін қақпай тәрбиелегендіктен, мінезінде кемшіліктер болуы мүмкін. Бала кезінен еркелеу болып өседі, кейіннен ол эгоист болуына жол ашады» дейді психолог.

Мәселенің түйінін тарқатып айтуға тырыссақ та, көптің пікірі ортақ шықпағанын аңғардық. Арамызда бұл дәстүрдің пайдасын көргендер де, опық жегендер де бар. Бүгінгі таңда отбасы құндылығының құлдырап бара жатқанын ескерсек, ата мен әженің тәрбиесі керек-ақ. Дегенмен, бала болашағына қиянат жасамай, туғандарын танып өссе болғаны.

Көктем ҚАРҚЫН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті