Біздің Қазақстан үшін де және Еуразия құрлығының басқа да көптеген елдері үшін де маңызды саналатын осы тақырып Астана экономикалық форумының арнаулы сессиясы аясында жеке әңгіме болды. «Бір белдеу – бір жол» жобасынан қандай болашақ күтуге болады? Қазіргі оның аяқ алысы қандай? Жобаның тиімді жұмыс істеуі үшін қандай шаралар жүзеге асырылуы керек? Бұл жоба халықтардың бәріне тиімді ме? Жобаның қандай тәуекелдері болуы мүмкін? Міне, осы сұрақтар төңірегінде арнайы дайындықпен келген спикерлер өз ойларын ортаға салды. Олардың айтқан ойлары мен пікірлері қатысушылар тарапынан талқыланды.
Басқосуға төрағалық еткен Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің Елдер мен экономика секторлары бойынша басқарушы директоры Маттиа Романи жиынға арнап құттықтау сөз айту үшін алғашқы сөз кезегін Бреттон-Вудс жүйсін жаңартуды жақтайтын комитеттің атқарушы директоры және оның негізін қалаушы Марк Узанға берді. Ол қозғалып отырған тақырыптың маңыздылығына тоқтала келе, экономикалық белдеу аясында шоғырланатын елдер үшін бірыңғай үйлестірілген саясат қажет болатындығын айтып өтті. «Жібек жолы айналасындағы елдер Қытайдан шыққан тауарларды тасымалдауға қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар, ынтымақтастық туралы өзара келісімдер жасауы тиіс. Мұндай өршіл де үйлестірілген жоспардың болуы барлық мүдделі жақтардың басын біріктіре отырып, сауда кедергілері мен келісімдерді оңтайландыруға, өңірдегі экономикалық операциялардың жеделдігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің қауіпсіз де кедергісіз жылжуын қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Жібек жолы экономикалық белдеуі бойындағы инвестициялар жаңа рыноктар үшін әріптестік пен ашықтықты көтермелей отырып, жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру арқылы Еуразия құрлығында орналасқан елдерге елеулі ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деді ол.
Осы басқосудан біздің көңілге түйгеніміз әлемнің ірі қаржы институттарының өзі Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасынан үлкен үміт күтіп, өз қызметтерін осы істің ыңғайына қарай бұра бастаған секілді. Мәселен сессия жұмысына Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің өкілі модераторлық етсе, сессияда алғашқылар қатарында сөз алған Азия даму банкінің вице-президенті Венчай Жанг өмір сүре бастаған үш жыл уақыттың ішінде бұл жобаның біршама жетістіктерге жетіп үлгіргендігіне тоқталып өтті. «Біз қазір халықаралық деңгейдегі бұл жобаны жаһанданудың жаңа кезеңі ретінде қарастырып отырмыз. Себебі, бұл жоба тек Қытайды ғана байытпайды, жолдың бойында орналасқан елдердің бәріне үлкен пайдасын тигізеді. Әрине, Қытайдан шыққан тауарларға өз аумақтарын ұсынатын елдер бұл дәліздің қауіпсіз де қолайлы болуын қамтамасыз етуі тиіс. Оларға осы үшін ең бірінші кезекте жаңа инвестиция керек. Бір қуаныштысы, бұл мәселеде Еуропалық Қайта Құру және даму банкі өз қызметін ұсынып отыр. Қазірдің өзінде алты ел Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің осы жөніндегі жобасына қосылды.
Ендігі кезекте «Бір белдеу – бір жол» жобасына бірігетін елдердің барлық белсенді қимылдарын үйлестірудің маңызы зор. Сонда ғана бұл жоба оған қатысушылардың барлығына бірдей үлкен тиімділік бере алатын болады. Әрине, ол үшін бірінші кезекте жобаның өзі оған қатысушы елге пайдалы болып шығуы тиіс. Менің ойымша, бұл жобаның артықшылығы да осында жатыр. Оған қатысқан әрбір ел пайда ала алады. Тіпті мен бұл жобадан жолдың бойындағылар ғана емес, алыста жатқан Латын Америкасы елдері де пайда алуы тиіс деп есептеймін. Өйткені, бұл – өміршең жоба. Оның өміршеңдігі аса үлкен аумақтарға өз әсерін тигізе алатындығымен байланысты» деді.
Гонконг үкіметінің өкілі болып табылатын Жібек жолы жөніндегі комиссар Ивонн Чой ханымның сөзі де тартымды болды. Ол бұл халықаралық жобаның тиімділігі оның барлық елдерге де пайдалы болуымен ғана есептелмейтіндігін алға тартты. «Мен Гонконг үкіметінде қызмет етемін. Бізде тек үкімет қана емес, жеке сектор да бұл жобаға қызығушылық танытуда. Өйткені, жобаның бизнес жүргізу үшін пайдалы екендігін байқап отыр. Бірақ тек бизнес-қауымдастық қана емес, жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдар деңгейінде келгенде бұл жобаның беретін экономикалық пайдасының өзі жеткіліксіз. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бұл жобаға қалай қатыса алады? Ол үшін, әрине, пайдалы болуымен қатар теңдіктің де болуы қажет. Бұл жобаның аясына біріккен соң бір мүдде екінші мүддеден жоғары тұрмауы тиіс. Менің ойымша, бұл мәселеде жекелеген елдер деңгейінде ғана емес, халықаралық ұйымдар деңгейінде бірігіп шешетін мәселелер бар. Мәселен, кейбір мәселелерді Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында, ал енді бір мәселелерді халықаралық ұйымдар аясында талқылап, пысықтап алған жөн бе деймін. Атап айтатын болсақ, осы басқосуды өткізіп отырған Қазақстан елі бұл жобаға қосылмас бұрын «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысты мәселелерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында талқылап алғандары абзал болар. Себебі, осы одақ аясында Жібек жолына қатысты өз қимыл-әрекеттерін үйлестіріп алса, кейіннен туындауы мүмкін көптеген мәселелердің алдын алған болар еді.
Мен «Бір белдеу – бір жол» жобасының сапасы мен орнықтылығына қазірден бастап үлкен мән берілуі керек деп есептеймін. Әрине, жобаның экономикалық тұрғыдан тиімділігі осы екі мәселеге де жауап бере алатындай. Алайда жоба жүзеге асқан кезде басқа да мәселелердің туындауы әбден мүмкін ғой. Мәселен, Гонконг үкіметі жобаның қоршаған ортаға тигізетін әсерін зерттеу үстінде. Яғни жоба аясында талқыланатын мәселелер қазірдің өзінде аз емес», деді.
Ал Қытайдың Цинхуа университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы, Жібек жолы институтының директоры Ши Жикин қозғаған ойлар осының алдындағы Ивонн Чой ханым көтерген мәселелерге қатысты жауап сөзіндей әсер қалдырды. Ол өз сөзін ең алдымен «Бір белдеу – бір жол» жобасының Бейжің тарапынан әбден пысықталғандығын айтудан бастады. «Бейжің тарабы бұл мәселеде әр қадамын санап баса отырып, уақыттан оза шаппай бірте-бірте алға басқысы келеді. Сондай-ақ, бұл мәселеде әлемдегі ең дамыған ұйым ретінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының тәжірибесі ескерілуі керектігін біз де ұсындық.
Жалпы, «Бір белдеу – бір жол» жобасын мен көптен бері зерттеп келемін. Оның қызметіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыру өте қажет деп есептеймін. Бұл ұсынысымды Қытай үкіметіне жолдадым да. Жалпы үкімет жол бойындағы елдер басшылары бас қосатын саммитте көптеген механизмдерді ойластыруға уәде берді. Ол саммит Бейжіңде немесе Шанхайда өтер. Ал менің ойымша оны неге Қазақстанда немесе Филиппинде өткізбеске?! Өйткені, бұл елдер де жоба бойынша әріптестер ғой. Жобаның өміршең болуы үшін күшті халықаралық ынтымақтастық қажет», деді.
Халықаралық экономикалық алмасулар бойынша қытайлық орталық бас директоры-бас экономисінің орынбасары Ху Хонгчай «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асырған кезде Қытай интернационализм мәселесіне баса назар аудару керектігін атап өтті. Өйткені осы жоба аясында халықтар бірігеді. Демек, бұл мәселеге бір ұлттың мүддесі тұрғысынан қарауға болмайды.
Екіншіден, жобаны жүзеге асыру үшін көп қаржы қажет болады. Ол үшін Қытайдың өз ішінде Шанхайдан басқа да қаржы орталықтары құрылуы керек. Спикер осы мәртебеге Үрімжіні лайық көретіндігін мәлімдеді.
Қытай мемлекеттік кеңесінің дамуды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Нарық экономикасы институтының бас директоры Ванг Вэй ханымға сөз берілер алдында модератор оның Гонконгтың экономикасына қаржы салған инвестор ретінде атап көрсетіп, меруерт тастар сауда-саттығымен шұғылданатындығын жеткізді.
Ванг Вэй ханым өзінің жеке сектордың атынан сөйлегісі келетіндігін айтты. Оның ойынша, Қытай үкіметі мен Жібек жолы бойындағы елдердің үкіметтері «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыруға қазірдің өзінде белсенді түрде кірісіп кеткен. Себебі, жобаның басталғанына үш жыл уақыт болды. Осы уақыт ішінде оған қатысушы елдердің үкіметтері оның маңызы мен алдағы пайдасын ұғып үлгірді. Ал жеке сектор болса, әлі де оқиғаларға ілесе алмай келеді. Неге? Себебі, жобаға қатысатын елдердің заңдық базалары оған әлі дайын емес. Екіншіден, жеке сектордағы кәсіпкерлерді қаржымен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілген жоқ.
«Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз «Жібек жолы» қорын құрдық. Жол бойындағы елдердің кәсіпкерлері бұл қордың қызметін пайдалана алады. Сегіз елді осы жобаны жүзеге асыруға тартып отырмыз. Менің ойымша, жобаны жүзеге асыру үшін алдымен Ресейдің қолдауы қажет», деді ол.
Залға жиналғандар Оксфорд университетінің аға ғылыми қызметкері Питер Франкопонның сөзіне үлкен мән бергендей болды. Өйткені, ол АҚШ-тан келіп отыр ғой. Ал АҚШ-тың басты экономикалық бәсекелесі ретінде соңғы кездері Қытайдың атала бастағандығы белгілі. Қытай бір есептен алғанда, «Бір белдеу – бір жол» жобасын Жібек жолы бойындағы елдерге өз ықпалын арттырудың құралы ретінде де қарастыратындай. Оған АҚШ өкілі не дейді? Қытай саясатын қолдар ма екен? Жоқ, әлде бұл жобаға бірігетін елдердің әрбірінің тепе-теңдік мәселесін қозғар ма екен?
Питер Франкопонның өзі де көпшіліктің көкейінде тұрған осы сауалды іштей аңғарып қалғандай. Ол сөзін Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа қарата айтылған «біз – бәсекелестер емеспіз, біз – әріптестерміз» деген сөзінен бастады. Сонан кейін тарихқа қарай бет бұрды. Осы уақытқа дейін әлем тарихында талай ірі бастамалардың болғандығын, олардың біразы адамзатты табыстарға жеткізсе, енді біразы нәтиже бермей, сусыған құмға түскен іздей өшіп қалғандығын айтып өтті. Иә, уақыт желі кейбір сәтсіз бастамалардың бетін тез жасырды. Ал «Бір белдеу – бір жол» жобасының пайдалы болып шығатындығына ең алдымен тарихтың өзі төрелік етіп отырғандай. Өйткені, осы арқылы адамзатқа кезінде ғасырлар бойы қызмет еткен көне Жібек жолы қайта тірілмек.
Питер Франкопон Орталық Азия мәселесін қозғады. Біздің қалыптасқан түсінігіміздегі құрамына кешегі Кеңес одағынан бөлініп шыққан төрт-бес ел ғана кіретін Орталық Азия емес, Пәкістан, Ауғанстан секілді елдер де қосылатын үлкен Орталық Азия мәселесін қозғады. Питер Франкопонның пікірінше, «Бір белдеу – бір жол» жобасы осылардың ажырап кеткен терең тамырларын қайта біріктіруі тиіс. Сонда ғана бұл жобадан тиімділік күтуге болады.
«Қазір Пәкістанда инфрақұрылымдар дамып келеді. Енді ол Үндістанмен қарым-қатынасын жақсартуы керек. Сонда ғана дұрыс дамуға қол жеткізе алады. Мұндай жағдайда Пәкістанның «Бір белдеу – бір жол» жобасынан табатын табысы да артады. Өкінішке қарай, соңғы кездері елдердің бірігуіне салқынын тигізетін жайттар орын ала бастады. Араб елдері Катарды оқшаулауға кіріссе, Еуропа одағы мен Ұлыбритания арасы әлі реттеліп болған жоқ» деген Франкопон халықаралық саудадағы көлік дәліздерін бірігіп пайдалану мәселесіне келгенде мұндай оқшауланулардың болмауы керектігін айтып өтті. Сондай-ақ, ол «тарих дегеніміз біреулер үшін – өткен шақ, ал енді біреулер үшін – болашақтың нағыз сабағы» деген ойды білдіре келе егер тыңдай және дұрыс қорытынды шығара білсе, кәрі тарихтың адамзатты көптеген қатерлерден сақтандыра алатындығын жеткізді.
Сөзінің соңында спикер «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қазақстанда ішкі жалпы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретіндігін атап көрсетті. Бұл ретте одан жақсы тиімділік алу үшін ішкі ресурстарды дұрыс пайдалана білу керектігін еске салып өтті.
Пікірталас басталған кезде залдан тұрып сұрақ қойып, мәселе көтерген Еуразия ұлттық университетінің профессоры Диана Мадиярова ханым елдердің «Бір белдеу – бір жол» жобасына трансформациялануы қазірдің өзінде басталып кеткендігін, бұл істің жол бойындағы елдерге беретін пайдасы мен зияны әлі толық зерттелмегендігін айта келе «Бұл жоба алдағы уақытта елдердің ұлттық мүдделеріне қалай әсер етеді? Осы мәселе барлық елдер тарапынан бірлесіп зерттелуі керек қой. Өйткені, енді бір он жыл өткеннен кейін бәрі де кеш болуы мүмкін» деген ойын жеткізді.
Сонымен, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасы аталатын жаңа Жібек жолының болашағына қатысты өткізілген сессия жол бойындағы елдер үшін оның тиімділігі мен тәуекелдері жайлы біраз мәселенің бетін ашып бергендей болды. Сөз жоқ, бұл жобаның әлемнің көптеген халықтары үшін беретін экономикалық пайдасы баршылық. Сондықтан оның тартымдылығы жол бойында орналасқан елдердің ешқайсысын бей-жай қалдырмай отыр. Дегенмен, елдердің ұлттық мүдделері тұрғысынан келгенде аталған жобаға қатысты әлі де анықтай түсетін мәселелер бар секілді. Бәлкім біз бұл мәселелерге қатысты жауапты кейінірек білетін де болармыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
«Егемен Қазақстан»