Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттың бұл түрі мүмкіндігі шектеулі замандастарымыздың өз өнерін танытуына зор мүмкіндік береді. Олардың рухын оятып, өмірге деген құлшынысын арттырады.
Турнирге Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының бишілері қатысты.
Жарысқа қатысушылар арасында 2016 жылғы Азия чемпионатының, 2014 жылғы паралимпиадалық Азия ойындарының жеңімпаздары және 2015 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегері бар. Үміткерлер халықаралық біліктілік талаптарына сай – combi/duo-standart, latina, freestyle аталымдарының барлық түрлері бойынша бақ сынасты.
– Шараның мақсаты – арбамен билеуді насихаттау. Оған бірі арбада, екіншісі он екі мүшесі сау жұптар, екеуі де арбада отырған жұптар және жұпсыз, яғни арбада отырған жалғыз биші қатыса алады, – дейді Қазақстан Заманауи және спорттық билер федерациясының президенті Әлия Түсіпбекова.
Ел біріншілігіне қатысқан қарағандылық Айгүл Балмағамбетова Single Woman және Single Freestyle аталымдарында екі бірдей күміс жүлдеге ие болды.
Жанила ҚҰРЫШБЕКОВА,
№4 ЖББМ 11 «б» сынып оқушысы
Қарағанды облысы,
Саран қаласы