Жақсылық жаршыларын салтанатты түрде құттықтаған облыс әкімі Ерлан Қошанов төртінші билікті төрге оздырып, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жатқан әріптестерге ерекше ілтипат білдірді.
– Мен осы сахнаға көтерілмес бұрын, бір қызық деректі оқып, шолып өттім. Әлемде 40 миллионнан астам журналист бар екен. Бірақ, сол 40 миллионның ішінде, біз үшін қарағандылық тілшілер – ең мықты, ең қарымды, ең отаншыл деп есептеймін. Сөзімнің дәлелі ретінде, бүгін біздің «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембай – отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Президенті сыйлығының иегері атанды. Бұл – Қарағанды журналистикасына берілген баға, үлкен абырой, – деді аймақ басшысы.
Биыл жанына қағазы мен қаламын серік еткен сөз сардарлары 10 аталым бойынша анықталды. Марапатқа облыс орталығынан, қала аудандардағы баспасөз, телеарна, радио, сайт тілшілерімен, фотосуретші, техника шеберлері тәрізді, сонымен қатар республика көлемінде хабар тарататын БАҚ қызметкерлері ие болды. Биылғы 1 млн теңге көлеміндегі «Алтын сұңқар» сыйлығының бас жүлдесі «Хабар» агенттігі АҚ Қарағанды қосынының ұжымына бұйырды.
Мерекелік шара концертке ұласып, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»