04 Шілде, 2017

Зейнет жасы ма, зерігудің басы ма?

551 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халық «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деп бекер айтпайды. Өмірден көргесін, ой түйгесін, бар мен жоқты безбендеген соң ауыздан шыққан бір ауыз тіркес қанатты қағидаға айналып кетеді.

Зейнет жасы ма, зерігудің басы ма?

Ағынына шыдас бермес өмір тасқыны тұтас бір елдердің беталысына өзгеріс енгізіп жатқан заманда қарапайым пенде шопақ құрлы болсын ба?! Еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес әйелдердің зейнет жасына өзгерту енгізіледі, әйелдер енді ерлермен теңесіп, зейнетке бірдей шығатын болыпты дегелі әйел қауымында маза жоқ. Бір шоғыр: «Негізінде дұрыс, 58 жаста зейнетке шығу ерте, бойымызда жиған мол тәжірибе, білімімізбен, білігімізбен әлі де қоғамға пайдамызды тигізсек, жастармен бөліссек», дейді. Ал зейнетке шығуда ай санап емес-ау, күн санап, сағат санап күтіп жүргендер, әйтеуір, зейнетке шықсақ көрген бейнетіміз көрген түстей болып көп жылғы балаға да, үйге де жөндеп зер сала алмаған кемтігімізді толтырып, әже болып, немере-шөберенің ортасында отыратын мамыражай тірлік қашан кешер екенбіз деп алыстай түскен зейнеткерлігіне күн салып қарап, жақындай түссе екен деген тілек үстінде. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» дегеннің кебі.
Рас, әлем бойынша зейнеткерлер санының артуы мен еңбек жасындағы адамдардан түскен салықтан жиналған қаражатпен зейнеткерлердің жылдан жылға көбеюінің алшақтығы алпауыт мемлекеттердің де ұйқысын бұзуда. Экономикадағы теңгерімділік ауытқып, зейнетақымен қамтамасыз ету ауыр жүкке айналып, әр ел өзіне тиімді жолын ізденуде. Болгария, Чехия, Румыния сынды елдерден бөлек, Австрия, Германия, Дания, Испания, Нидерланд, Италия, Ирландия, Ұлыбритания сияқты алпауыт­тарда дағдарыс пен құлдырау жағдайында зейнет жасын арттыруды оңтайлы деп тапты. 
Елімізде зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды тапшылығын және зейнеткерлердің 70 пайызын әйелдер құрайтын көрінеді. Сол тұрғыдан әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары пәленбай триллион теңгеге өсіп кетеді деседі. Қажет қадам екеніне дау жоқ. Бірақ, неге барлығына бір өлшем болуы тиіс? Неліктен зейнет жасына дифференциалды тұрғыдан келмеске?
Мәселен, қалада тұрып, өмір бойы ауыр жұмыс атқармаған, негізінен ой еңбегімен шұғылданған, баласының саны да аз, кір қоңы мен ыдыс-аяғына дейін машина жуатын әйелдер зейнеткерлік жасына шаршамай жетеді. Ал көп баланың бейнетіне қоса, ауыр жұмыс атқарып, белі жазылмай, тауқымет көретін ауыл әйелдері үшін зейнетке шығудың ма­ңызы өте жоғары. Ауылдағы оқы­ғандардың санатындағы мұға­лім­дер мен дәрігерлердің өзі әрең шыдап жүр. Күнделікті жұмыстарына қоса үйдегі тұрмыстық қиындықтар, от жағу, су тасу, мал-жанды бағу сынды мойындарындағы көп тауқымет олар­ды зейнет жасына тезірек жетуге құм­был қылады. Урбанизацияланған қауым жеткен игіліктер ауыл тұр­ғын­дарынан тым алыста жатыр. 
Қалада да денсаулыққа қатері мол өнеркәсіп орындарында немесе беттерін күн мен жел қағып далада жұмыс атқаратын, тең-тең жүк кө­теріп, базарға шығып, отбасыма тар­шылық көрсетпеймін деп белін шарт бу­ған әйел қаншама?.. Тіптен ер адам­ның білек күшін қажет ететіндей ауыр жұмыстарды істейтін әйелдер бар. 
Табиғатының өзінде әйел мен ер арасындағы айырма айқын. Био­ло­гия­лық тұрғыда, жаратылысын­да  өзгешелік бол­са, ді­ни реттен де еркектің бір қа­быр­ға­сы­нан жаратылған дейтін әйел затын қан­ша шыдамды, өмір қиындығына бей­ім, қажет тұсында қайралып шығар өр, өмір сүру ұзақтығы да ерлерге қа­ра­ғанда, жоғары дегенмен, әйелдің аты – әйел.
Демек, әйелдердің зейнетке шы­ғу жасын ерлермен теңестіруде өзге­ше өлшемдердің қажеттігі айқын. Бі­реу үшін, зейнеткерлікке жету зері­гу­дің басы болса, енді біреу үшін, за­ры­ға же­тетін асыл күн. Сондықтан әйел­дер­дің зейнет жасының шегін анық­тау­да мамандығын, жұмысының зи­ян­ды­лығын, денсаулығына тигізер әсерін тағы да толып жатқан өлшемдермен ай­қындап, зерттеу керек сияқты.