05 Шілде, 2017

Омбы архивінен Кенесары ханға қатысты құжаттар әкелінді

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Ресейдің Омбы облысы Тарихи архивінен әкелінген тарихи-деректі құжаттардың көрмесі өтті. Омбы және Ақмола облыстарының тарихына қатысты 40-қа жуық құжат жеткізілген.

Омбы архивінен Кенесары ханға қатысты құжаттар әкелінді

Көрмеде көпшілік назарына Кенесары хан, сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханым туралы бұрын кездеспеген құжаттар ұсынылды.

Омбы облысы Тарихи архивіндегі Азаматтық соғысты зерттеу орталығының жетекшісі Галина Бородинаның сөзінше, Омбы архивінде ұзақ уақыт қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханға қатысты тың мәліметтер баршылық.

 –  «Сирек кездесетін, айрықша құнды құжаттар болғандықтан Кеңес кезінде зерттеушілердің қолына түсе бермеді. Қазақ халқының тарихы үшін маңызды құжаттарды зерттеушілер үшін алғаш рет көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Қазақ тарихында елеулі орны бар тұлғаларға қатысты ең қызық деректерді іріктеп әкелдік, – дейді Г.Бородина.

Көрмеден XIX ғасырға тиесілі Ақмола облысының картасы мен өзге де құнды мәліметтерді көруге болады. Аталған құжаттардың көшірмелері Астана қаласының мемлекеттік мұрағатына тапсырылады.

Ая ӨМІРТАЙ,

"Егемен Қазақстан"