Қазақ халқының өнері мен мәдениеті ХХ ғасырдың отызыншы жылдары өзінің кәсіби шығармашылық қалыптасуы мен дамуы жолында зор жаңалықтарымен есте қалды. Осы кезде өнер жолын бастаған тұлғалар тарихи қалыптасу мен қатар өнер ордасының аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысса, сондай талантты өнерпаз тұлғалардың бірі Үрия (Ұлбосын) Әлтікқызы (Әліпқызы деп те жазылған) Тұрдықұлова еді. Қазақ кәсіби сахна өнерінің, ұлттық опера театрының негізін қалаушылардың бірі, табиғатында сирек кездесетін төменгі контральто дауысының иесі болған әнші дауысы қазақ театры сахнасында қайталанбас бояуымен тыңдарман есінде қалды.
Қазақ кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, алғашында драма театрының актрисасы, кейін опера театры сахнасында толымды образдарымен танылған Ү.Тұрдықұлова Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында 1911 жылы 7 тамызда қарапайым отбасында дүниеге келді. Әншінің дәл қай күні туылғанын әлі де болса анықтауды қажет ететін тұстар бар.
Осы кезең жайлы естелігінде әнші: «Біздің үй осы күнгі Шымкент облысы, Сарыағаш ауданы, «Коммунизм» кеңшарының «Мәтібұлақ» шағын ауылында тұратынбыз. Әкей де, шешей де «Қой аузынан шөп алмайтын» момын адамдар еді. Кедей, кембағал болсақ та әкей марқұм қыз деп кемсітіп, мені бетімнен қаққан жан емес еді» дейді.
Үрияның жастық шағы ғасыр басындағы үлкен дүрбелеңге толы аумалы-төкпелі кезеңге сай келді. Оны үлкен өнерге қарай икемдеп, бағыт-бағдар беруде қамқор ағалары көп болған. Төңкеріс екпіні жастайынан еті тірі Үрияны болып жатқан өзгерістерден шет қалдырмайды. Жастардың жарқын болашаққа деген ұмтылысы алдымен оқу-білімге деген ынтасынан көрініс береді. «Әкеден ерте жетім қалған мен 1922 жылы Ташкент қаласынан бір-ақ шықтым. Ол кез тұрмыстың ең ауыр жылы болатын. Аштық, жалаңаштықтың кең етек алған кезі. «Киргизинпрос» деп аталатын оқу орнының даярлық курсында оқимын. Оқудан қол босай қалса, ойын-сауықтан қалмаймын. Мақтанғаным емес, кемеліме келмесем де әндерді бір сыдырғы жақсы айтушы едім. Менің өнерге деген ынталылығымды бірден байқаған ақын Өтебай Тұрманжанов, Жүсіпбек Арыстанов, әсіресе Қазақ совет өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, жезтаңдай әнші Құрманбек Жандарбеков институт жанындағы ұйымдастырылған хорға бірден қабылдады. Шіркін, жастық шақтың қызығы біткен бе, мен осы хордың белді мүшесі болдым да қалдым», – дейді ол одан әрі.
Ташкент қаласы сол кездегі оқу-білімге ұмтылған қазақ жастарының басын біріктірген, рухани орталық болатын. Оларға жаңа өмірдің өрісі мен төскейіне бейімделуіне бағыт-бағдар берген ерекше тұлғалардың бірі – Ғани Мұратбаев айналасына белсенді жастарды тартып, қолынан келгенше жол сілтеді. Сол Ғ.Мұратбаевтың шапағаты жас Үрияға да тиіп, аға көмегінің арқасында ол қазақ жастарының жұлдызды шоғыры білім алған Ташкент қаласында ашылған Халық ағарту институты дайындық курсына тыңдаушы болып қабылданады. Осы институтта оқи жүріп ол өзінің өміріне серік еткен үлкен өнер айдынына жолдама алады. Институт қабырғасында өнерпаз жастар үйірмесінің күшімен дайындалған аталмыш кештерде жас әнші Үрия Қ.Жандарбековпен бірге концерттік бағдарламаларға қатысады. Өзінің тұңғыш сахналық рөлін сомдап, Біржан салмен сөз сайыстыратын ақын Сараны орындауымен кәсіби сахнаға жолдама алып, театр ойынының көрігін қыздырады. Бұл көркемөнерпаздар үйірмесінде жүрген талантты жастардың бойынан көрініс берген алғашқы өнер ұшқыны болатын.
Үрияның үлкен өнерге, кәсіби әншілік жолына түсуіне себепкер болған қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев еді. Ол жайлы әнші былай дейді: «1925 жылдың жаз айы еді. Париж сапарынан қайтып келе жатқан Әміре Қашаубаев менің әндерімді тыңдап отырды да: – Қарағым табиғи дауысың көрікті, сәнді екен. Менің ағалық ақылым, осы табиғат берген дауысты әлі де болса шыңдай түсу керек, ол үшін оқу, үйрену керек, – деді.
Жақсы, абзал ағаның осы сөзі менің өміріме үлкен жолдама болды. Қалған өмірімді совет өнеріне қал-қадерімше толық бағыштадым». Осылай басталған әншілік ғұмыр Үрияны талай асуларға алып шығады.
1926-1930-жылдар аралығында Мәскеудегі Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқиды. Әнші дауысына, оның күші мен бояуына, диапазонына ерекше мән берген ұстаздар қауымы талантты жасты кәсіби әншілікке баулу керек деп шешеді. Осы сапарында оған Мәскеу консерваториясының әншілер даярлайтын факультетіне жолдама беріледі. Ол осы жолы оқуға түсіп, 1931-1933-жылдар аралығында ән класында оқиды. Бұл тарихи дерекке сүйенсек, қазақ кәсіби әншілік мектебінде және музыкалық театр тарихында Мәскеу консерваториясынан білім алып, ұлттық опера театрының табалдырығын аттаған қазақтың алғашқы кәсіби әншісі де осы Үрия Тұрдықұлова болғандығын көреміз.
1933 жылы Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының шақыруымен Ү.Тұрдықұлова Алматыға келіп, музыкалық-драма театрынан әнші-актриса болып орналасады. Сол жылдары театр труппасына келіп қосылған бір топ талантты жастар: Қ.Байсейітов, М.Ержанов, К.Байсейітова және тағы басқалармен бірге ол өзінің кәсіби сахнадағы жұмысын бастайды. Сөйтіп, ол театр сахнасында Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Фекла Ивановнаның рөлін орындайды. Осы тектес комедиялық сарындағы рөльдерімен жалғасатын актрисаның драма театрдағы жұмысы актерлік өсу мектебі болды.
1931 жылы 1 қарашада Қазақстан өлкелік партия комитеті «Қазақ драма театрының хал-жайы мен оның міндеттері» жайлы қаулы қабылдағаннан кейін, сахна өнерін өркендетудің біраз ауқымды іс-шаралары белгіленді. Осы қаулыға сәйкес 1932 жылы Алматы қаласында қазақ драма театры жанынан тұңғыш музыкалық драма техникумы бой көтерді. Қазақстан өлкелік партия комитеті музыкалық техникум негізінде 1933 жылғы 8 қыркүйекте «Ұлт өнерін дамыту шаралары» жайлы арнайы қаулы шығарды. Осындай дайындық іс-шаралардан кейін музыкалық театр өзінің алғашқы қойылымына М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясын таңдады. Спектакльдің музыкалық нөмірлерінің топтамаларын жасаған И.В.Коцык болатын. Міне, 1934 жылы 13 қаңтарда тұсауы кесілген «Айман – Шолпан» қойылымында алыптар тобы құрамында Үрия да алғашқы партиясын орындады. Бұл актерлер құрамы жайлы Қ.Жандарбеков былай деп жазады: «Айман – К.Байсейітова, Шолпан – Айнаш Ержанова, Теңге – Жанбике Шанина және Үрия Тұрдықұлова, Әнші – Әміре Қашаубаев, Әлібек – Жүсіпбек Елебеков, Арыстан – Қанабек Байсейітов, Жарас – Елубай Өмірзақов пен Манарбек Ержанов, Маман – Дүйсенбек Еркінбеков, Жантық – ақын Иса Байзақов пен Қуан Лекеров, Көтібар – Құрманбек Жандарбеков, кернейші өзбек – Мұсабеков» (Қ.Жандарбеков. Көргендерім мен көңілдегілерім. – Алматы. «Өнер» 1989). Ал бұл есімдердің кейіннен театр тарихына алтын әріптермен жазылғаны өзімізге белгілі.
Әншінің шығармашылық өсу жолы қазақ музыкалық театрының алғашқы тәй-тәй басқан қадамдарымен бір арнада қатар өрілді. Ү.Тұрдықұлова сахнада жасаған образдары арқылы өз кейіпкерлерінің жан-дүниесі мен келбетін ашып көрсетуге тырысады. Ол – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің анасының бейнесін де сомдайды. Опера театрының тарихын жазған Н.Львов өзінің зерттеу очеркінде әншінің сахнадағы ойыны туралы: «Иначе относится к Тулегену его мать. Узнав, что сын, вопреки воле отца, все же уезжает к своей возюбленной, она с глубокой тоской провожает его, как будьто предчувствуя недобрую развязку. Урия Турдукулова с большим чувством передавала материнскую тревогу в проникновенной песне, построенной как старинное причитание казахской женщины» (Н.Львов «Казахский театр» очерк истории. Государственное издательство «Искусство», Москва. 1961) деген жолдар қалдырған.
Осы операда ол келесі кейіпкер Дүрияның партиясын да өзіндік қолтаңбасымен айшықтап бере алды. Сөйтіп, әр сөзді іліп алып кететін жеңіл әзілге құрылған еті тірі Жібектің жеңгесінің келбетін ашып көрсетті. Оңтайына келсе оңдырмайтын көкжал Бекежанмен тартынбай сөз таластыратын, жүзіне күн сәулесін түсірмей үкілеп отырған Жібек үшін Төлегендей сыпайы жігіттің оңды жұп боларын әріден байқап, жақын тарта сөйлегенде актриса халқымыздың жол-жоралғысы мен салт-дәстүрін тереңнен білетін жеңгенің кейпінде барлық шеберлік қырларымен көрінеді.
Кейінірек әнші опера театрынан қол үзіп кеткеннен кейін де Аналық партиясын орындауға қайта айналып соғады. Бұл 1968 жылғы «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымын тойлау кезінде болды. Сахнада театрдың үш буын өкілдері өнер көрсетіп, әрқайсысы өздерінің махаббат жырын жырлады. Бұл мәдени іс-шара жайлы Қ.Байсейітов: «Қыз Жібекті» алғаш қойғандар түгел бас қостық, тек арамызда Күләш пен Манарбек қана жоқ. ... Көбіміз ән айтудан алыстап кеткеміз, дауыс қалай болады деп қорқып та жүрміз. Әсіресе, Қапиза мен Үрия көбірек қорқыңқырады. Мен де елуінші жылдардан кейін ән салмай, тек режиссерлықпен кеткем, дей келе: «Екінші актіде Үрия шықты. Дауысы да әдемі сақталған екен, Төлегеннің анасы болып аңырағанда, залда жыламаған адам қалмады. Залдағы мың түрлі адам мың түрлі мұңын, мың қуанышын еске алып отырған болуы керек. Бірі күліп отырса, бірі жылайды, бірі қол соғады, той дастарқанында отырған секілді мәре-сәре» (Қ.Байсейітов. Құштар көңіл. Алматы, «Жазушы», 1977) – деп ерекше сезіммен тебірене жазады. Бұл қазақтың Үриядай әншісінің театрдан қол үзгеніне арада 18 жыл өтсе де үнінің өзіндік бояуы мен вокалдық бабын жоғалтпағанын, дауысының сыры кетпегенін анық көрсетеді.
Ү.Тұрдықұлова орындаған келесі сүбелі партияларының бірі – Б.Майлиннің либреттосы негізінде Е.Брусиловский жазған «Жалбыр» операсындағы Сүгір байдың адуын бәйбішесі Нағима бейнесі болатын. Н.Львов өзінің аталмыш еңбегінде «Старшая жена Сугура Нагима (ее играла У.Турдыкулова), горя злобой и ревностью, издевается над Хадишой, схватывает нож и отрезает ей половину косы. По понятиям того времени это было самое тяжелое оскорбление для женщины» (Н.Львов «Казахский театр» очерк истории. Государственное издательство. – Москва. «Искусство», 1961) дейді. Бәйбішенің осы жасаған әрекетінен кейінгі мұңға батқан Хадишаның мүшкіл халін қаперіне де ілмейтін Нағима – Ү.Тұрдықұлова қасарысқанның үстіне қасарыса һәм қытымырлана түсіп, Хадиша алып келген шелектегі суды еденге әдейі төгіп тастайды. Тоқалға «қолыңнан келсе амалыңды істеп бақ, көріп алуға мен дайынмын» дегендей қиғылықты салады.
Ү.Тұрдықұлова музыкалық театр репертуарындағы М.Әуезовтың «Айман – Шолпанында» – Теңгені, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» – Аналықты, Жібектің жеңгесі, Дүрияны, «Жалбырда» – Қамқаны, «Ер Тарғында» – Ақжүністі, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» – Няняны, Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-санында» – Сузукиді, Ж.Бизенің «Карменінде» – Карменді, «Терең көлде» – Наташаны, «Бекетте» – Шын-асылды, «Алтын астықта» – Тананы, «Гвардия алғада» – Ажарды т.б. музыкалық бейнелерді сахна төріне алып шықты. Әншінің ашық та әдемі дауысы өзіндік қайталанбас әуенімен көрермен қауымды тәнті етті.
Алғашқы жылдары композиторлар И.Коцык пен Е.Брусиловский партияларды театрда бар әншілердің дауыс табиғатына ыңғайлап жазған. «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр», шығармаларын жазу үстінде әншілердің өзін сопрано әлде меццо-сопрано, тенор немесе бас-баритон деп бөліп-жарып жатпаған. Ал «Ер Тарғын» жырын театр сахнасына ыңғайлап жаза бастағанда композитор ерке де өр мінезді, ханның қызы Ақжүніске келгенде ойланады. Партия қайсы әншіге қолайлы болады дегенде композитор дауыс ерекшелігіне сай келетін әнші Ү.Тұрдықұлованы таңдайды. Ер Тарғынның сүйіктісі Данаға жоғары сопрано дауысты бере отырып, Ақжүніс партиясын әу бастан өзіндік бояуы мол Үрияға арнап жазады.
«Ер Тарғын» атты мақалада К.Мақашев: «Тұрдықұлова Үрия Ақжүністің рөлін жұртшылықтың назарын аударарлық етіп шығарды. Ол Ақжүністің опасыз, сыйқыр, екі жүзділік мінезін, қимылын, ішкі дүниесін, характерлік мінездерін жеріне жеткізіп бейнеледі. Үрияның әсерлі ойынынан ар-намыстан айырылған сиқыр, хан қызының бейнесі көрініп, бет-пердесі ашылады. Үрия соңғы көріністерде айтылатын арияларды асқан шеберлікпен орындады. Оның ойыны театрдың даңқын шығарып, атын бір белеске көтеріп тастады» (К.Мақашев «Ер Тарғын». «Социалистік құрылыс», Гурьев облыстық газеті. 1949 ж.), – дейді.
Ү.Тұрдықұлованың Ақжүнісі ер мінезді, қулығынан гөрі кесек әрекетке баратын, айла-шарғысына құрық бойламайтын құбылмалы бейне болып шыққан.
Өткен ғасырдың 40-50-жылдары опера театрының қазақ труппасы әлемдік және кеңестік халықтардың үздік опера туындыларын толыққанды сахналауды қолға ала бастады. Сол кездегі әншілердің орындаушылық шеберлігі мен дауыс мүмкіндігі әлі де болса толыса қоймағанмен театрдың кәсіби өсу жолындағы жетістіктері жаңа белестерді бағындыруға дайын болатын. Сондай жақсы жобаны игерген талантты музыкалық театр режиссері Н.И.Сац естелік кітабында: «Дирекция решила поручит вам (Н.И.Сацқа) поставить в казахской труппе «Чио-Чио-сан» Пуччини. На эту постановку будут отпущены все нобходимые средства. Она здесь никогда не шла: о подборе из старых декораций и костюмов нет речи. Все заново. Первая европейская опера в исполнении казахской труппы на казахском языке. Все – по вашему усмотрению...», – дейді (Н.Сац. Новеллы моей жизни. – Москва, «Искусство». 1984). Қазақ труппасымен дайындалған бұл операны орындауға театрдың барлық үздік әншілері жұмылдырылды. Басшылық тарапынан жаңа жұмыстың сапалы һәм сәтті болуы үшін күш-жігерді аямай барлық мүмкіндік жасалады. Сол құрамда өнер көрсеткен театр әншілері қатарында Ү.Тұрдықұлованың Сузуки рөліне режиссердің алғашқыда сын көзбен қарағаны мәлім. Әнші режиссердің көңілінен бірден шыға қоймағанын көреміз. Театрда осы жылдары табиғатынан төменгі дауысты кәсіби әнші жалғыз Үрия болғандығы осы жерде анық көрінеді. Ол: «На роль Сузуки по голосовым данным подходила только Урия Турдукулова, уже немолодая, несколько громоздкая женщина. Тут выбирать не пришлось. Решал голос и... эмоциональность», – дейді.
Үрия режиссердің партияға ойластырған мизансценаларын толық орындап биіктен көрінеді. Сол кездегі талантты актерлер шоғыры: Күләш, Құрманбек, Қанабек, Шара, Үрияға тән тамаша қасиет – үйренуден жалықпайтын.
Әншінің театр сахнасындағы сүйекті партиясы болған Карменмен, шығармашылық кезеңінің келесі белесі басталады. Өкінішке қарай, не себептен әнші театрдан қол үзіп кеткендігі туралы материал жоқтың қасы. Көз көргендерден сұрастырудан да ештеңе өнбеді, нақтылы дерек көзін кездестіре алмадық.
Әнші өзінің шығармашылық ортасынан қол үзіп, 1950-1953-жылдары Қарағанды облыстық музыкалық драма театрына қызметке ауысады. Әрине, жаңа орта белгілі әншіні құшақ жая қарсы алады. Алайда ол мұнда көп тұрақтамастан, Алматыға қайта оралады.
1953 жылдан бастап әншінің шығармашылық жолы концерттік эстрадада жалғасады. 1960 жылға дейін Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда, 1960-1972-жылдар аралығында «Қазақконцерт» бірлестігінде жеке әнші ретінде әртіс Қазақстанның, бауырлас республикалардың түкпір-түкпіріндегі елді-мекендерге концерттік бағдарламалармен шығып жүрді. Әнші репертуарында көршілес қырғыз, түркімен, өзбек, тәжік, орыс, татар, украин, т.б. халықтардың әндері болды. Сол кезде қалыптасқан дәстүр бойынша Одақ құрамындағы халықтардың кең тараған әндерімен бірге қазақ халқының: «Ой көк», «Ләйлім», «Бипыл», «Екі жирен», т.б. әндерін концерттік эстрадалардан жиі орындап, сол арқылы әнші халқына кеңінен танылды.
Әншінің Қазақстан өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан еңбегі уақытында елеп-ескеріліп, 1936 жылы Мәскеу онкүндігінен кейін оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы берілсе, 1939 жылы ол Қазақ КСР-інің халық әртісі құрметті атағына ие болды.
Театрда құрылған концерттік бригадалар құрамында Ү.Тұрдықұлова қан майданда жауынгерлер алдындағы концерттік бағдарламада батырлық рух беретін сүйікті әндерін айтты. Осы және кейінгі жылдары жасаған еселі еңбегіне орай әнші «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» және «Ерен еңбегі үшін» орден-медальдармен марапатталды. Алайда, шығармашылығы театрда жарқырай ашылған, жетекші партияларымен көрінген талантты әншінің қырыққа енді толған шағында өмірінің күрт өзгеріске ұшырауы әліге дейін жұмбақ болып келеді. Бүгінде біледі деген замандастары азайып, көзі тірілері ашып ештеңе айта алған жоқ. Әнші 1950 жылы Қарағанды музыкалық-драма театрына, екі жылдан кейін Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға ауысыпты. Демек, әншінің өмірі мен шығармашылығына байланысты көптеген деректерді, даталарды нақтылай түсу қажет. Оның театрдан кетуі, кезінде зор мақтанышпен табысталған «халық әртісі» атағын мемлекеттің қайтарып алуы сияқты, т.б. жеке басының мәселелерін үйіп-төгіп шығармашылық жолының болмай қалғанына тели салу бар да, кейбір фактілер жайлы үнсіз қала беру әншінің аруағына, тарихқа қиянат болмақ. Шындықты ашып талантты әншінің өмірі мен толық шығармашылық келбетін орнына келтіру тәуелсіз елдің келешек ұрпағына қажет дүние.
Қазақ КСР-інің халық әртісі Үрия Әлтікқызы Тұрдықұлова 1973 жылдан бастап республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде еңбек демалысына шықты. 1992 жылы Алматы қаласында дүние салды. Қазақ сахнасының өркендеуіне өзінің жарты ғасырлық ғұмырын сарп еткен тамаша әнші, есімі ұлттың өнері мен мәдениетінің аяққа тұру, қалыптасу, дамуы кезеңдерімен сабақтасып жатқан тағдырды көз майын тамыза зерттейтін уақыт жетті.
Әзірге қолға түскен аз ғана мәліметтермен қазақ кәсіби әншілік өнерінің іргетасын қалаған өнерпаз тұлғаның шығармашылық портретін жасауға тырыстық. Бұл біздің аттары ұмытыла бастаған талантты аға ұрпақ өмірінің бір парасы ғана секілді. Өзге де өнер мен мәдениет майталмандары өз халқымен қайта қауышып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Амангелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты.