Алматыда экономика саласындағы дауларға байланысты істерді қарайтын жоғары арбитраж, экономикалық, шаруашылық және басқа да соттар төрағаларының кезекті VІІІ мәжілісі өз жұмысын аяқтады. Халықаралық деңгейдегі жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров сот төрағаларының кезекті сегізінші мәжілісінің, сонымен бірге алдағы басқосулардың да табысты болатындығына сенім білдірді.
Жоғары арбитраж, экономикалық және шаруашылық соттар төрағаларының басқосуына қатысқан Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің өкілдері жиында негізінен интеграция жағдайындағы ТМД елдері кедендік заңнамасы, көліктік қатынас, мемлекеттік баж салығын қайтару төңірегіндегі мәселелерді жан-жақты талқылап, пікір алмасты. ТМД елдері арасында экономикалық, шаруашылық және өзге де салаларда тығыз байланыс орнатылғаннан кейін бұл мемлекеттер арасында туындайтын түйткілдерді бірлесе отырып шешудің маңызы зор. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастайтын ЕурАзЭҚ сотын құру және өзге де ауқымды істердің көпке ортақ екендігі айдай ақиқат.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында құрылып, бірнеше жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан экономикалық соттың ЕурАзЭҚ сотының құрылуына орай келешекте бір-бірінің құзыретіне араласып кетуі мүмкін бе, әлде экономикалық сот өз жұмысын тоқтата ма? ТМД елдері сот төрағалары бұл түйіннің көпшілікке тиімді әрі ортақ шешімін табу төңірегінде де ой бөлісті. Ең бастысы, бұл соттардың өз қызметтерінде бірін-бірі қайталамағаны жөн.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының аясы кеңейіп, тереңдей түскен кезеңде халықаралық келісімді түсіндіруге байланысты даулы мәселелердің орын алуы әбден мүмкін. Сала басшыларының пікірінше, соған орай кеден саясатын іске асырумен және кедендік реттеу іс-шараларымен байланысты келісім-шарттардың құқықтық негізін одан әрі жетілдірудің тиімділігі де, қажеттілігі де орасан.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.