Қазақстан • 10 Шілде, 2017

Бағдары бөлек бас қала

297 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ертегідей елорданың ертеңі бүгінгіден де еңселі

Бағдары бөлек бас қала

Астана қаласының Бас жоспары – елорданың әрі қарай даму бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжат. Бұл сәулет-құрылыс сызбасы бүгінде Үкіметтің 2016 жылдың 23 желтоқсандағы Қаулысымен бекітілген Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес жүргізіліп келеді. Сәулетті шаһардың даму тұжырымдамасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идея­сына да негізделгенін көруге болады. Алыс-жақыннан ат арытып келген меймандар абат шаһардың әсем болмысынан еуропалық та, азиялық та нақыштарды көріп, әдемі әсерге бөленері хақ. 

Астананың даму бағдарын айқындайтын қазіргі қолданыстағы құжат – қаланың жетінші Бас жос­пары. 2001 жылы елорданың өнбойына заманауи келбет беру, қаланың жаңа әкімшілік орталығын құру мақсатында Бас жоспардың тұжырымдамасын әзірлеуге тұңғыш рет халықаралық ашық конкурс жарияланғаны белгілі. Әлемдік сәулет өнерінің небір шеберлері қатысып, бақ сынасқан сайыс­та жапон архитекторы Кисе Куракаваның жобасы үздік деп танылған болатын. Алайда, жапон сәулетшісі жетекшілік еткен жоба бойынша, Астана қаласының аумағы 79733 га болса, 2030 жылға дейін елорда тұрғындарының саны 800 мыңға жетеді деп жобаланған еді. Бірақ Астана бұл болжамнан әлдеқайда асып түсіп,  қазірдің өзінде 1 миллионнан асып кетті.

Әрине, халықтың көбеюі инженерлік желілердің, көлік инфрақұрылымының тұрғын үй құрылысын салуға айтарлықтай өзгерістер әкелетіні белгілі. Бұл өзгерістер елорданың Бас жоспарына да әсер етпей қоймайды. 2007 жылғы қаңтардан бастап, Астана қаласын аумақтық жағынан дамыта отырып, елорданы ықшам әрі көп орталықты ету, үйлесімділік қағидаттарына сәйкес өркендетуге байланысты қаланы жобалық дамытудың жаңа тұжырымдамалық сызбасы әзірленді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен  «Астана қаласын 2030 жылға дейінгі кезеңде дамытудың Бас жос­парын түзету тұжырымдамасы және 2007-2008 жылдары елорданы кешенді салу жобалары туралы» кеңестің хаттамасына сәйкес, Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жос­пары тұжырымдамасына халықаралық сараптама жүргізу тапсырылды. 

Малайзия, Франция, Италия, Ресей мамандарынан құралған халықаралық сарапшылар комиссиясы  Астана қаласын дамытудың неғұрлым тиімді жолдары жөнінде ұсыныстар әзірлеп, бұл қорытынды Елбасының қарауына жолданған болатын.  Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі Жарлығымен бекітілген «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 75-тармағына сәйкес, Астана қала­сының Бас жоспарына өзгерістер енгізу көзделді. Бас жоспардың бірінші кезеңіне өзгерістер (2001-2011 жылдар) бойынша жобалау жұмыстары 2008 жылғы қазанда аяқталды. Бұл қоғамдық талқылау мен орталық мемлекеттік органдардың келісімінен өтті. Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарының І кезегінің қа­ғи­да­­ларын іске асыру аяқталған соң, қала­ның негізгі Бас жоспарына өзге­ріс­тер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. 

Ал ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесіне байланысты енгізілген түзетулер барысында Үкіметтің Қаулысымен бекітілген Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарындағы негізгі жобалар сол қалпында сақталғанын атап өткеніміз жөн. Айталық, елорданың шекарасы өзгермейді. Сол 79733 га қалпында қалады. 2030 жылға дейінгі бас жоспарда жобаланған мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар саны, тұрғын үй құрылысының көлемі сол күйі сақталады. Мысалы, осы сызбаға сәйкес, 2030 жылға дейінгі жос­пар бо­йынша, қала халқының саны 1 млн 220 мыңға жетіп, олардың ішін­де жұмысқа қабілетті 16-57 жас аралы­ғын­дағы азаматтар 67 пайызды құрамақ. 

2013 жылы жоба қайта қаралып, инфра­құрылымды абаттандыруға жұмса­латын шығындарды оңтайлан­дыру мен ЭКСПО көрмесіне арнайы салынған нысандарды одан кейін де тиімді пайдалану үшін қайта өзгертілді.

Бас жоспардағы түзетулер, сон­дай-ақ, елорданың жер аумағын тиім­ді пайдаланып, көліктік-инженер­лік инфра­құрылымдарды қала тұрғын­дарына ыңғайлы салу мақсатын да көздеп отыр. Қала дамуының Бас жоспарына сәйкес, бірінші кезекте төрт аумақты дамыту жауапкершілігі тұр. Оның бірін­шісі – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының батыс бөлігінде орна­ласқан «Мыңжылдық аллеясы». Екін­ші маңызды нысан – «Мәңгілік Ел» қақ­пасы. Мұнда 28 тұрғын үй кешенін тұрғы­зу көзделіп отыр. Үшіншісі –  Тұран даң­ғылы бойын көркейту болса, төртін­шісі – «Хан Шатыр» СОО ауда­нын­дағы «Жасыл кварталды» тұрғызу.

Бас қаланың басты құжаты бойынша, елордамызда кіші айналма жолдар да көбейеді. Қаланың кез келген бағытына жеткізетін бұл жол Ш.Бей­секова, Ақжол көшелері мен Қошқарбаев көшесінің жартысы және Ұлы Дала даңғылын айнала орналаспақ. Кіші айналма жолмен кез келген көлік еш кеп­телек-кедергісіз, аялдамасыз, бағ­даршамсыз жүретін болады. Бас жос­пардағы түзетулерге сәйкес, Көк­шетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, қысқасы, қалаға сырттан кіретін барлық 8 бағыт бойынша келген көліктер осы кіші айналма жол магистраліне қосылатын болады. 

Астананы дамытудың Бас жоспарына сәйкес, қаланың өзі ғана емес, оның маңайындағы 30-60 км радиустағы елді мекендер де көркейетін болады. Жалпы, Астана агломерациясы – Елбасы тап­сырған маңызды міндет.  Елорданың ай­наласын дамыту аумағына көлікпен 1,5 сағаттық жол жүретін елді мекендер кіреді. Атап айтқанда, Ақмола облысының Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары жатады. 

 Бүгінде қала маңында барлығы 80 елді мекен бар. Оларда шамамен 160 мың адам тұрады. Егер агломерация сәтті жүзеге асырылса, 2035 жылға қарай қала маңын мекендеген халықтың саны 236 мың адамға жетеді деп болжанып отыр.

«Астана қаласының Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС-ның мәліметіне сүйенсек, елорда маңындағы елді мекендер төрт түрлі қызмет атқарады. Оның біріншісі – елорданы қажетті құрылыс заттарымен қамтамасыз ететін өндірістік мекендер. Екіншісі – қаланы қатты дауылдан, шаң-тозаңнан қорғайтын жасыл аймақ, үшіншісі – азық-түлік белдеуі ретінде бекітілсе, төртіншісі – бірнеше күн демалатын орындар болып белгіленбек. Мысалы, «Астана қаласының Бас жос­пары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС  ұсынған көрме материалдарында Целиноград ауданының солтүстік-шығыс өңірі ақпараттық-технологиялық орталық болады деп көрсетілген. Сондай-ақ, Астана агло­мера­циясында аэроғарыштық, кө­лік-ло­гистикалық орталықтар, ем­деу-сауық­тыру орталықтары қарас­тырылған. 

«Астана агломерациясын дамы­тудың басты мақсаты – елорданы не қажеттің бәрімен жан-жақты қам­тамасыз ету. Мысалы, азық-түлікті, ауыл шаруашылығы өнімдерін алыстан тасығанша, маңайдағы елді мекеннен алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан біз елорданың айналасындағы қай мекенге көкөніс өнімдерін өсіруге болатынын зерттеп жатырмыз. Жалпы, қай елді мекен неге бейім екені жан-жақты тексерілуде. Аумақтардағы ауылдарда жаңа кәсіпорындар құрылып жатса, бұл көптеген жергілікті халықты жұмысқа орналастыруға да мүмкіндік беретіні сөзсіз», дейді мамандар.  

Бас жоспарда арнайы жаяу жүр­гіншілер жолы мен велосипедшілерге ар­налған жол, қаланы көгалдандыру, жаяу жүргіншілер көпірін салу да жоспарланған. Болашақтағы Бас жоспардың сызбасына сәйкес,  ертегідей елорда бұрын-соңды болмаған болмысы бөлек нысандармен де толыға түспек. Жалпы, қала 7 жобалық ауданға, 72 жобалық секторға және 4591 жобалық орамға бөлінеді.

Астана қаласын дамытудың Бас жос­парына сәйкес, 2030 жылға дейін елордада қалалық, аудандық әкімдіктердің жаңа ғимараттары, аудандық соттардың ғимараты, «Майбалық» спорттық-рекрациялық аймақ, аумағы 2 мың гектарлық қысқы спорт ойындарына арналған орталық, қазақ  және орыс драма театрларының жаңа ғимараты бой көтермек. Сондай-ақ, көптен күткен Хайуанаттар бағы да ашылуы мүмкін. Жаңа аквапарк, ғарыштық аппараттарды құрастыру-сынау кешені, сауда-логистикалық орталық, ашық аспан астындағы «Бозоқ» тарихи-археологиялық музейі, жеңіл рельсті жүрдек көлік желісі және басқа да көр­некті орындар алдағы уақытта ашылатыны Бас жоспарда нақты көрсетілген. 

Иә, күндіз-түні қалғымайтын қа­ланың тыныс-тіршілігі де, қайнаған құрылысы да бір дамылдамайды. Қай саланың да қазандығы үздіксіз қайнап жатыр. Сырттан келген адам сырбаз қаланың сыр-сымбатына ғана емес, дамылсыз тірлігіне де тамсанып қайтады. Көзді ашып-жұмғанша бір қадасын қағып үлгеретін құрылыстар, күн сайын көркейген көшелері мен көркем ғимараттары – бәрі де бас шаһардың толассыз дамуының айғағы.

Қымбат Тоқтамұрат,

"Егемен Қазақстан"