Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Татарстан президенті қостанайлық электромобильге тәнті болды

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда өткен халықаралық Сабантой мерекесі аясында Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов AllurGroup тобына енетін «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытында болды. Онда татарстандық қонақтарға осында машина құрастыру желілері, конвейерден шығып жатқан бренд JAC IEV6S электромобилі көрсетілді.

Татарстан президенті қостанайлық электромобильге тәнті болды

ҚР автомотоспорт федерациясының вице-президенті, автопилот  Владимир Бородин электромобильдің біріне Миннихановты отығызып алып, жүріп көрсетті. Мұнан кейін Минниханов рульді өзі алып, JAC IEV6S электромобилін жеке «сынап» көрді.

Өзі спорт шебері, кәсіби  автошабандоз, спорттың осы түрінен Ресей және Еуропа жарыстарының жүлдегері Рустам Нұрғалиұлы электромобильге жоғары баға берді. «Электромобиль жақсы, жеңіл  басқарылады» деді Рустам Нұрғалиұлы. Сонымен қатар зауыттың қуатына, жоғары технологияларды меңгергеніне, электромобиль өндірісін игергеніне ризалығын жасыра алмады.

Кездесу соңында AllurGroup директорлар кеңесінің  төрағасы Андрей Лаврентьев  Татарстан президенті арқылы  Татарстан автомоторспорт федерациясының  пайдалануына  бір JAC IEV6S электромобилін сыйға тартты. Кездесу барысында Татарстан делегациясы  автомобиль өнеркәсібінде қазақстандық машина жасаушылармен әріптестік  жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.

Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай