Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Ұлттық әліпбиге көшу жайы талқыланды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті жанын­дағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Ұлттық әліпбиге көшу жайы талқыланды

Басқосу барысында латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпби жобасын жүзеге асыруда кездесетін өзекті сұрақтар мен дыбысты таңбалауда қиындық тудыратын әріптердің мәселесі талқыланды. Жұмыс отырысына елімізге танымал ғалымдар, қоғам белсенділері, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары қатысты.

Қазіргі уақытта латын графикасына көшу туралы ғалымдардың ұсынысы өте көп. Солардың бәрін тыңдап, техникалық ғылымдардың да мамандарының бір ауыз сөздері мен дәйекті пікірлерін ортаға салып барып, соңғы шешім шығарылады. Компьютерлерге латын графикасы негізінде қазақ тілі қалай көрініс табады деген сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар күн тәртібіндегі мәселені қызу талқылады. Жұмыс тобының кезекті отырысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры Алтынбек Шәріпбаевтың латын әліпбиі жайлы ұсынысы; танымал алтайтанушы, көне жапон, көне түркі тілдері және электроника маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әзербаев (Мәскеу) мырзаның латын әліпбиі туралы ұсынысы; «Bilim Media Group BMG» төрағасы Рауан Кенжеханұлының латын әліпбиі туралы ұсынысы; Халықаралық ақпараттық технология­лар университетінің компьютер және ІТ мамандарының латын әліпбиі туралы ұсынысы ортақ талқыға түсті. Әліпбилік және орфографиялық ерекшеліктер туралы пікірлер бір тоқтамға келмей, ортақ шешім шықпайды. Жылдың аяғына дейін өз жұмысын жалғастырып, жыл соңында жұмыс тобы нақты тоқтамдарын айтатын болады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы