Қазақстан • 11 Шілде, 2017

«Ассалаумағалейкум!»

961 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осы қыстыгүні Қалиасқардың соғымбасына жиналдық емес пе. Кілең бір сайдың тасындай дерлік атайман азаматтар сағынысып кеп тоқайластық. Анда-санда осылайша бас қосудың өзі – жанға мереке. Бадыраң көз, ешкі бас Түсіп ағамыз бастаған өңшең бір ығайлар мен сығайлар. Әйбат жеңешеміздің шашбауын көтерген күлімкөздер. Бір қимасымыз Сабыржан марқұм «У-шу компаниясы» деп ат қойып беріп кеткен көңілді топ қауқылдасып, қалжыңдасып жатырмыз. Арамызда тек Асантай мен Күлшара жоқ. «Тығыл­таяң шаруа шығып қалды, сәл кешігіңкіреп барармыз» деп хабар салыпты. Мұндайда тіпті арада бес жас айырмасы барлар да бел құрдас болып кететіні қандай, құлаққа сәл ерсілеу тиетін сөздер де жарасымын тауып, жымдасып кетіп жатыр.

«Ассалаумағалейкум!»

Әдеттегідей, көп қошеметтің ортасында – жасы өзгелерден қымқа ілгерілеу Түкең - Түсіп ағамыз. Пәлендей зілі жоқ, бос сөз, бота қалжың да сол кісінің төңірегінде. Былтыр көктемге салым өзі аузынан қағынып, шетін шығарған бір сыры енді келіп осы ортаның ермегіне айналғалы қашан. Құлақтарына бір тиген соң ерігіп жүрген қулар қоя ма, екінің бірінде: «Көке, Сайлаугүлдің сарсаңын айтыңызшы» дейтінді шығарып алыпты пәтшағарлар.

Қайдағы сарсаң, әкем-ау? Кешегі кеңестің кезінде Түкең аудандағы басшы қызметтің бір тізгініне ие болғаны және сол тұста ауданның шалғай елді мекендеріндегі дәрігерлік пункттің бірін Сайлаугүл дейтін перизаттың басқарғаны рас. Осы Түкеңнің өз сөзімен айтқанда, «үріп ауызға салғандай топ-томпақ болып, көздің жауын алса» керек, құрымағыр. Ағамыздың да келсең кел деп, екі иығын жұлып жеп жүрген шағы, сол қыздың айдынына қармақ салып көрмекші болады ғой. Құдекең орайын келтірейін десе қиын ба, күндердің күнінде медицина қызметкерлерінің облыстық семинары дейтін шақырылып, аудандағы сол саланың жұмысына басшылық жасайтын Түкеңнің айы оңынан туа қалмай ма. «Іздегенге – сұраған» боп, алды-артына қаратпай, қияндағы Сайлаугүлді алдырады да, «Алматы қайдасың» деп тартып отырады. Жолай екеуара не әңгіме айтылды – ол жағы жан баласына белгісіз, тарихтың тылсым қойнауында. Жеделдетіп жетісімен «Қазақстан» қонақ үйінен бір бөлмелі орын алып, қызды сонда қалдырады да, өзі алақұйын алқынып жиналысына кетеді. Ешнәрсенің байыбына бара алмай, не істеп, не қоярын да білмей қыз қалады. Ал Түкең болса, сол кеткеннен мол кетіп, көптен көріспеген әріптестерімен айқара құшақтасып, мәжілістен соң армансыз «қомпаңдатып», шампандатып, түннің бір уағында аяғын шалыс басып бөлмесіне келгенде екі көзі төрт болып сарсылған қызды бір-ақ көрген ғой. Әрі ауылдан сықап әкелген жылы-жұмсақ дәмнен ауыз тиюге ғана шамасы келіп, отырған жерінде омалып, қылжия қалған. Сайлаугүл жазған түні бойы ағасының аяқ жағында қалғып-шұлғып отырады да алдын ала келісілген тәртіп бойынша екеуі таң ала көбеңнен қайыра жолға шығады.

Бары – осы ғана. Енді соны біреулер тағы айтқызбақшы. Қайта, бұл жолы Түкеңнің өзі тартыншақтады.

Қайтесіңдер соны, талай естіген әңгімелерің. Жаңғырта бергеннен майы шығар дей­місіңдер, – дегенсіп, біраз кер­гіді. Дегенмен, өзі домбы­расы­ның құлақ күйіндей болған есте­лігін тағы бір айтуға кетәрі еместігі қутыңдаған кейпінен анық көрініп тұр. Әйтсе де: «Оны естісе ана тәтелерің төбемді ояр» деп, абысын-ажындарының ортасында жардай боп, жарты әлемді басқарып отырған Әйбат жеңгейге қарап жалтақтағандай болды. Мұн­дайда әйел баласы­ның құлағы қандай шалымды:

Болары болып, бояуы сіңген нәрсеңді жасырғансып қайтесің, айта бер айта­тыныңды, – деп, жеңгеміз пейілін кеңге салды. Бірақ Түкең дағдылы әңгімесінің бүге-шігесін қазбалаған жоқ:

Қалай ғана құламасын-ау совет өкіметі, елге өнеге болады деген біздің істеп жүргеніміз сол болса, ыһы-һы, ыһы-һы... – деп, сөздің тоқетерін бір-ақ қайырды да жан-жағына мерейлене қарап, қошемет күткенсіп, біршамаға дейін басыла қоймады. Өзінде де, сөзінде де жә өкінуден, жә қысылудан ешбір белгі жоқ, қайта қызара бөртіп, айқұлақтанып алған. Енді біраз желпінсе: «Кеңестің түбіне жеткен мына біз боламыз!» деп кеуде соғудан да кетәрі емес сияқты.

Сайранды салған ғой дөдең!

Айтпа тегі!...

Ой, ішім-ай! – десіп, еркек-ұрғашы түгел мәз.

Жаппай күлкіге қосылмай, жай ғана жымиып, шеттеу отырған Өтенге Түкеңнің көзі осы сәтте түсті.

Оу, сенің еңсең неге түсіп кеткен, бірдеме демейсің бе? – деді.

Не дейім?... Сіздер көрген қызықтың бәрінен құр қалыппын ғой, Түке.

Айтары жоқ адам да болады екен-ау, тоба, – деп сызылған дауыс шықты әйелдер жақтан. Бұрынғы көрші кеңшардың орталығынан биыл ғана көшіп келген Өтеннің бұл ауылға әлі еркін кіріге қоймағаны осыдан-ақ білінді.

Мынадай ортаға саларлық ештеңең жоқ па, түге? – деп тақымдады Түкең.

Жоқ-ау деймін...

Осы арады Жарас килікті:

«Жоқ-ау деймінің» не-ей сенің?! Тым болмаса молаға түнегеніңді айтпайсың ба?

Өтен қызарақтады. Етектілеу келген мұрнының ұшы тершіп, дудыраған шашын нейбетке сипай берді. Тек сәлден соң барып:

Со да қызық боп па... – деді. Бірақ онысы алақызып алған топтың көңілін одан әрман елегізітті. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Жарас қандай:

Айт дегенде айтсаңшы, әлдеқандай болмай!

Айтса несі бар – Өтен отырған орнынан қозғалақтай беріп, бір жөткірініп алды да:

Өздерің мына Кемертоғанды білетін шығарсыңдар? – деп, Кемертоғаны менмұндалап сонадайда тұрғандай-ақ басымен батыс жақты нұсқады.

Е, білмей...

«Арманым мен аңсарым Кемертоған, құстай ұшып, құлшынып келем саған» деп, сондағы Жанар дейтін бір қызға көңілім ауып, өлең жазып едім. Ол да бір заман екен ғой, – деп, қашанда лыпып тұратын жұқалтаң Бекжан өз арманын қыстыра қалды.

Жә, қойыңдар! Сөз енді түзеліп келеді.

Өтен әңгімесін жалғай берді:

Бұның айт деп қолқалап отырғаны – бұрнағы жылдары сонда жүріп бастан кешкен бір қысылтаяң жағдай еді.

Е, айт соныңды.

Күн жазға салым ғой, екі баланың мектептегі жылдық қорытындысына арналған жиналыстан кештетіп шығып, үйге жаяу қайтпаймын ба. Кешкі апақ-сапақта дағдылы соқпақ жолмен сылаң ұрып келе жатырмын. Аяғым жерге бір тисе, бір тимейді. Олай болатыны – жаңа әлгіде, мектептен шығарда, күнбатыс беттен түйдектеле көтерілген қара бұлт бір дегеннен жүрегімді май ішкендей қылған. «Апыр-ай, жаңбырға қалмасам жарар еді» дейтін алаңдаушылық бойымды билеген. Қаупім бекер емес екен, әлгі бұлт ілезде зорайып, аспан әлемін тұтаса басып, әне-міне дегенше дүрліктіре жетті. Жолдың жарым-жартысын өттім бе, өтпедім бе, қайдам, жаздың алғашқы көл-көсір жаңбыры құйып кеп берсін. Ес таптырмай төпелеп жатыр. Аспанды дар-дар айырардай боп нажағай ойнады. Тіпті бар ма, адамның зәре-құтын алады. Әрі-беріден соң үйреншікті жол сорабынан айырылып, қалың қау боп өскен әлде құлқайыр, әлде түйе жапырақтың ара­сын кешіп бара жаттым. Албастыдай басқан қою қараңғылық. Бір сарынмен төпеп тұрған жаңбыр. Не бір ықтасын немесе қоралы ағаш болса кәнеки. Әрі мынадай жай ойнаған жасында ағаш түбін паналауға болмайды дейтін ескерту және бар көкейде. Жалғыз дәтке қуаты – осындай ылат нөсердің басылуы тез болатыны ғана. Бір мезет нажағай жарқ ете қалғанда сол жағымнан, сонадай жерден қалың қорымның сұлбасы көзіме оттай басылды. Иә, сол. Өзіміздің ауылдың зираты. «Жатыр сонда жақының, туысың да» деп ақын жырлайтын бір мекен бұл да. Адамның ақтық мекені дейміз ғой. Жеті түнде барар жер, басар тауың болмаса молаға түне дегенді бала кезден естіп, санаға сіңіріп өстік емес пе, жан қысылғанда сол сөз сап етіп есіме түсе кетсін. Әшейінде көп қайырыла бермейтін, әсте бір мұсылманшылығымыз ұстағанда ғана тұсынан бетті бір сипап өте шығатын қалың қорымға қалай жеткенімді білмей қалдым десем өтірікші болмаспын деймін. «Бісмілләні» үсті-үстіне айта жүріп, бір бейіттің үстіне еңселендіре салынған, іші тастай қараңғы күмбездің табалдырығынан аттай бере, ата салтымен:

Ассалаумағалейкум! – деген болдым. Даусым құмығып, зорға шықты білем. Өз жүрегімнің дүрс-дүрс соққаны құлағымды жарып жіберер ме екен деп ойлап үлгердім бе, жоқ па – қайдам, әйтеуір сол сәтте:

Уағалейкумассалам! – деген қою үн көр түбінен күңіреніп естілгендей болды. Санама сарт етіп жеткені де, жадымда анық қалғаны да сол сөз. Басқа ештеңені білмеймін. Табанда естен танып құлап түсіппін. Бәлкім, дардай азаматтың онысы несі дерсіңдер. Оны тек басына түскен ғана білетін болар. Өзің жаңа ғана табиғаттың алағайы мен бұлағайын бастан кешіп келсең әрі жайшылықтың өзінде адам баласы жанын шүберекке түйіп  кіретін мола ішінен әлгіндей үрейлі сөзді естісең, қанша жерден жүрегің түкті болса да, қорықпай көр. Ондайда тек ертеректе Абылайдың қалың қолы жортуылда жүріп, сондай нөсер жауыннан ба екен, амалсыз еру жасағанда моланың ағашын қиратып құрғақ отын алмаққа қорымға кірген Ағыбай батырды сынамақшы боп, әдейі «тынышы кеткен аруақтардың» кейпіне кіргенсіп бірер сарбаз алдынан өре түрегелгенде: «Өлі сендер тұрмақ, тірі Абылай да ыстық шай іше алмай өлермен боп отыр!» деп айбалтасын ала жүгіріпті дегенді естуші ек. Ал енді Ағыбай кім, біз кім...

Сонымен, не керек, қанша жат­қаным­ды да білмеймін, еміс-еміс есім кіргендей болғанда құлағыма күңіреніп әлдебір дұға сөздері жеткен сияқтанды. Сол сәт көзімді де ашсам керек, бір қарт адамның сұлбасы көрінгендей ме, қалай... Секемшіл көңіл қандай жүйрік: «Апыр-ай, өлген екем ғой, жаназамды о дүниенің табалдырығында шығарып жатыр екен ғой...» деген сұмдық ой тұла бойымды осып бір өтті. Сонымен бірге, жандәрмен басымды көтерген де болармын:

Бәтір-ау, зәремді ұшырдың ғой, тегі! – деп, жаңағы қартым арқамнан сүйемелдей берді. Кәдімгі адам!

Ес жиып, жөн сұрастық. Біздің Кемертоғанда Жанар дейтін сауыншы келіншек бар еді...

Әңгіме осыған жеткенде Бекжан:

- Жанар деймісің-ей?! Қай Жанар?! – деп ұшып кете жаздап еді, бірақ Өтен оған мәу деместен сөзін жалғай берді:

- Әлгі шалым соның мына орталықта тұратын әкесі екен. Жиен немерелерін сағынып, бір көріп қайтпақшы боп жолға шыққанда мен құсап жаңбырға ұрынған ғой. Содан бас сауғалап осы күмбезді паналаған көрінеді.

Бар болғаны – сол. Үлкен адам ұқыпты болады емес пе, жолға ала шыққан жеңіл-желпі киім-кешегі бар екен, соларды киіп, жан шақырдым. Ертесіне екеулеп ауылға жеттік.

Әңгімең қызық екен, – деді Түкең үлкендік жолымен.

Әркім өзі естіген немесе бір жерден оқыған, осыған ұқсас жайлардан сөз қозғап тағы біраз қауқылдастық. Бір мезетте:

Ассалау-мали-кө-өм! – деп, даусын сәндей созып, гүжбен қара Асантай кірді есіктен. Артында - инеліктей қатқан Күлшарасы. Бір сәт қана елең етіскен бәріміз, нақ бір бәтуаласып алғандай-ақ, күлкіні қойып кеп бердік. Елірмеге ілә таппай отырған жұрт қандай күлегеш, дастарқан басы қыран-топан. Қапелімде сасыңқырап қалған Асантай мен Күлшара да, ештеңенің байыбына барып үлгермей жатып-ақ, көп дүрмекке қосылды...

Күніне рахаттанып бір күлгені адамның жасын біршамаға ұзартады дейді ғой білетіндер. Сол күні біздің жасымыз қаншаға ұзарғанын айтып беретін біреу болса ғой, шіркін.

Бекболат ӘДЕТОВ