Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Жаңғырудың негізі – тұрақтылық

467 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ мемлекеттілігін нығайтып, оны дамыту бағытында жүргізілген қыруар жұмыстар бүгінгі күнмен үндесіп жатыр.

Жаңғырудың негізі – тұрақтылық

Елбасының мемлекет басқарудағы саяси ұстанымдарының сабақтастығы, оның 1992-1993 жылдары сөйлеген сөздері мен жазған еңбектерін 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен салыстырсаңыз, алғашқыларының осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоя қоймағандығына және көрегендікпен айтылғандығына көз жеткізуге болады. 

Қазақстан тәуелсіздік алған ал­ғаш­­қы күннен бастап-ақ қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі мәселесіне баса назар аударды. Оның негізгі се­бе­бі – сол тарихи кезеңде елде орын алған түбегейлі өзгерістер еді. Шын мәнінде Қазақстан кешегі Кеңестер Одағының құрамында болған республикалардың бірінен тәуелсіз мемлекетке айналды. Яғни, ол бұрынғы социалистік тұрпаттағы мемлекеттен мүлдем басқа қоғамдық-экономикалық формация құру жолына түсті. 

Бұл жағдай КСРО-ның мемле­кет ретін­де ыдырап, тарихи сахнадан кетіп бара жатқандағы жүйе­лі әлеу­меттік-экономикалық дағдарыс пен саяси ахуалдың шектен тыс шиеленіскен кезеңімен тұс­па-тұс келді. Жаңа мемлекеттің Конституциясын қабылдау, елдің дамуының болашақ бағыттарын айқындау, экономикалық ұстанымдар мен қоғамдық процестерде туындап отырған жағдайға байланысты жан-жақты ғылыми-саяси сараптама жүргізіп, оны ретке келтіру, тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы өз орнын табуға ықпал ететін шараларды қарастыру сияқты күн тәртібіне қойылып отырған сұрақтарға жауап іздеу керек болды. Міне, дәл осындай аласапыран қиын-қыстау заманда Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін қалау, нығайту, дамыту міндеті, оның барлық  жауапкершілігі, ауыртпалығы мен жүгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың иығына түсті. 

90-жылдардың басындағы тарихи кезең ең алдымен ескі жүйені бұзуға бағытталғандығымен ерекшеленді. Әбден тоқырауға түскен бұрынғы жүйені жоюдың өзі оңайға түспеді. 1993 жылғы Конституцияға қоғам­ның саяси жүйесіне қатысты өзгеріс­тер енгізудің өзі қаншалықты қиын­дық­тар тудырды. Дегенмен ол жүйе­нің жаңа моделін айқындауды қолға алуға мүмкіндік жасады. Бұл процесс Қазақстанда кезең-кезеңмен іске асырылған қайта құрулар сипатында жүргізілді.

Сол кездің өзінде-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев болашақты болжай білетін көреген саясаткер қыры­нан көрінді. Бұған Президенттің тәуелсіздікті нығайтудың басымдық­тарын дер кезінде айқындап, олардың бірінен соң бірінің іске асырылуына көп көңіл бөліп, «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген ұстанымын мысал ретінде келтіруге болады. Бұл принцип егер мемлекеттің экономикасы әлсіз болса, ол мемлекет саяси жағынан да күшті бола алмайды дегенді білдіреді. Ол үшін нарықтық экономиканы дамытуға бағытталған бюджет жүйесін қалыптастырып, банктер туралы және тағы басқа да заңдар қабылдап, мемлекеттің болашақ дамуын жоспарлап, дағдарысқа қарсы күрес бағдарламаларын жасау, ұлттық валютаны енгізу керек болды. Осының барлығы Елбасының мемлекеттік саясатты жүргізуде дұрыс басымдықтар қоя білуімен қатар жүйелілік, терең талдау, ғылыми негізге сүйену, методикалық және методологиялық жағынан мәселенің мәнісі мен байыбына жету, объективтілік, табандылық пен адалдық, саяси бірізділік сияқты өмірлік принциптерді басшылыққа алуының нәтижесі деп түсінген жөн.

1992 жыл толығымен тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясын талқылап, пысықтауға арналды десек те болады. Ондағы негізі мақсат – жоғарыда көрсетілген түбегейлі өзгерістерді, әсіресе Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін Ата заң деңгейінде заңдастырып, бекіту еді. Бұл міндеттер негізінен 1993 жылғы өтпелі кезеңге арналған Еліміздің алғашқы посткеңестік Конституциясында көрініс тапты. 

Өмірдің өзі күн тәртібіне шығарып отырған мәселелерге алғашқы жауап 1993 жылы 11 мамырда өткен қоғамның идеялық бірлігі мәселесіне арналған республикалық кеңесте берілді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сол кеңес­­те сөйлеген сөзі кейін «Қазақ­стан­ның болашағы – қоғамның идея­лық бірлігінде» деген атаумен жеке кітап­ша болып шықты.

Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ қоғамдағы өз­герістерге сай келетін рухани ахуал қалыптастырудың қажеттігін жақсы түсінді. Реформалар жүргізу үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің болуы қажет. Елдің саяси-экономикалық дамуын нарыққа бейімдеу қажеттігі ұлттық идеяға деген көзқарасты қайта қарап, оны түбегейлі өзгертуді талап етті.

Сондықтан да Елбасы: «Шын мәнінде, идеология – бұл адам­дар­дың қоғамдастығын саяси және эконо­микалық міндет­терді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт тезінен өткен тәсілі, бұл әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастыру механизмі ...адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі» – деп, оның қажеттілігіне ерекше көңіл аударды. 

Кітаптың эпиграфында «нақты тәуелсіз­дікке жету саяси, интеллек­т-уалдық, рухани  қолдауды талап етеді» делінген. Елбасы экономикалық, ұйымдастырушылық, кадрлық сер­пін­мен қоса қоғамды біріктіруге жағдай жасау керектігін айта келе, жақын және алыс болашаққа есептелген өз жұмысымызды идеялық жағынан терең түсінбесек, ісіміздің алға баспайтындығын ескертті. Әңгіменің төркіні түптеп келген­де идео­логиялық тұғырнама қалыптас­тыруда Қазақстанның өзіндік жолын іздеу қажеттігіне тірелетінін, дегенмен ол біршама басқа жалпыұлттық басымдықтарға көңіл аударуды қажет ететіндігін көрсетіп берді. 

Қазақстанның сол кездегі әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы мен қо­ғам­дық-саяси және идеялық бағыт­тарына жасалған талдау нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев жас мемлекет алдында тұрған ең маңызды ғаламдық мақсат – нақты тәуелсіздікке қол жеткізу екендігін атап көрсетті. Шы­нын­да да, тәуелсіздік тұғырлы болмаса, мемлекеттің қуаты да, беделі де жоқ болады, онда оған идеяның да қажеттілігі шамалы.

Міне, сол кезеңдегі қалыптасқан ахуалды ескерген Елбасы мемлекеттік бастауларды нығайту, құқықтық қоғам орнату, жаңа технологиялық, құрылымдық, институттық негіз­дегі толыққанды ұлттық нарық қа­лып­тас­тыру, түбегейлі әлеуметтік-экономи­калық реформаларды жүргізу, бірте-бірте халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің қорғаныс қабілетін сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыртқы саясаттағы бағыттарымыз бен ақпараттық тәуелсіздік сияқты мемлекеттілікті нығайтатын нақты қадамдар жасай бастады. Халық оны өз көзімен көрді, түсінді, қолдады және Елбасының саясатына сенім артты. 
Елде осымен бір мезгілде идеялық топтасу мәселесін практикалық тұр­ғы­да іске асыру қолға алынды. Бұл оңай шаруа емес еді. Оның басты қиындықтары: экономика тұралап, ұлттық мәселе ушығып, халықтың әл-ауқатының нашарлап, елді күйзеліс өрті шарпыған жағдайда Қазақстанның тәуелсіз ел ретіндегі болашағы бұлыңғыр еді. «Былай тартсаң арба  сынады, былай айдасаң өгіз өледінің» кебін киген алмағайып заман.... Коммунистік идеология тарих қойнауына кетіп бара жатса да, әлі де болса ол халықтың бір бөлігінің санасына мықтап сіңіп қалған, бұрынғы одақ күйресе де, бірақ әлі де болса халықтың басым көпшілігі оны аңсап, мойнын басқа жаққа бұрып, құлағын бөгде елдің ақпараттық кеңістігіне түрумен болды. Халық неге сенерін, не істеп, қайда барарын білмей дел-сал болды. 

Сол кездің өзінде Елбасы мем­­­ле­кет­­тік басқару жүйесін қалып­тас­тыру үшін тұрақтылықтың қажет екенді­гін айқын түсінді. Тұрақтылық қана реформалар жүргізіп, халық­тың жағдайын біршама түзетуге мүмкін­дік беретінін айтып, республикадағы барлық саяси күштер мен қоғамдық ұйымдарды онсыз да шиеленісіп тұрған жағдайды шектен тыс саясат­тандырмауға шақырумен болды. Сондық­тан да Н.Ә.Назарбаев «қоғам­ның бірігуін нығайтуға тұрақ­тылық, азаматтық келісім ақуалын қалыптастыру елеулі әсер етеді», де­ген қорытынды жасады.

Осылайша елде нақты тәуелсіз­дікке қол жеткізетін жалпыұлттық басымдықтар анықталып, қоғамда бірлік, тұрақтылық, рухани келісімді орнықтыру қажеттігі бірте-бірте күмән келтірмейтін ақиқатқа айнала бастады. 

Қазақстан халқының тұтас этносаяси қоғамдастығы егемендіктің өзіндік жиынтығы екендігін ескере отырып, ...көп ұлтты халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен мүд­делерінің серпінді тепе-теңдігі Қазақ­станның қалыптасу және даму процесін әрқашан айқындап отырды. Яғни, Елбасы этникалық алуан түрліліктегі әлеуметтік біртұтас­тықтың стратегиясын ұсына отырып, ішкі саясаттың іргелі қағидасы ұлт­ара­­лық келісім принципі екен­дігіне баса екпін жасады, оның де­мо­кратия­лық құқықтық мемлекет құрудағы қазақстандық жолдың және біздің дүниежүзілік қоғамдастыққа енуіміздегі ерекшеліктерін атап көрсетті. Сонымен бірге қазақ халқы­ның және қазақ тілінің біріктіруші рөлін толық­қанды пайдалану қажет­тігі практикалық тұрғыдан үнемі ескеріліп отырды. 

Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев республиканың тәуел­сіз­­ді­гінің алғашқы жылдарының өзін­де-ақ мемлекеттің әлеуметтік-эконо­микалық негіздерімен қатар оның дамуының идеологиялық жағынан да қамтамасыз етілуіне көп көңіл бөлді. Елбасының 1992-1993 жылдары сөйлеген сөздері мен жазған еңбектерінде бүгінгі күнмен тікелей байланыстың барлығын байқауға болады. Олар концептуалды-теориялық және практикалық жағынан әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. 

Елбасының 1993 жылы жарық көрген «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде «Еліміздің болашақ өркениетті дамуының, өзіміз бара жатқан қоғамның негіздері нақ бүгін қалануда. ...Алайда біз өзіміздің ертеңгі істеріміздің нақты бет-бағдарын көре білуге тиіспіз», деп Тәуелсіз Қазақстанның болашаққа бағдарын сол кездің өзінде көреген­дікпен көз алдына елестетіп, оның дамуы­ның негізгі бағыттарын айқын­дап, жобалауға нық сеніммен кіріскенін аңғаруға болады. 

Президенттің сонау 1993 жы­лы «Жаң­ғыру идеологиясының да бі­рік­тір­гіш бастаулары бар, ал оның өзі күрделі көп деңгейлі құбылыс болып табылады. Бұл экономикалық реформалардың идеялық тұғырна­ма­сы да, саяси инс­титут­тардың өзгеруі де, әлеуметтік мінез-құлық­тың жаңа тұрпаты да» – деген сөздерінің Елбасының 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «...Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымен..., санамыз ісімізден... бұрын жаңғырып отыруы тиіс, ол саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген сөздерімен сабақтастығын көреміз. 

Сонымен бірге Елбасының осыдан ширек ғасыр бұрын дәстүрге, халықтыққа көп мән бере отырып, оны халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге теңеп, «Мәдени дәстүрлер қашанда әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келді. ...әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге – дәстүрлерге назар аудару керек» дегені бүгінгі: «...озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды... ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген ойларымен үндесіп жатыр. 

Егер 2017 жылы Елбасы Қазақ­стан­ның революциялық емес, эволю­циялық дамуы туралы сөз қозғап, оның халқымызға әкелген зар­дап­та­рын тізіп, ...эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкін­дік беретінін айтса, 1993 жылы ол «Революциялық секірістер көріні­сі – қоғам үшін аса қауіпті дерт. Әлеуметтік-саяси революциялар – мем­ле­кет дамуының ең тәуір тәсі­лі емес. Бүгінгі қазақстандықтар ұрпағының міндеттерінің бірі – эволюциялық тұрпаттағы тұтқалар жұмыс істейтін, оның жаңаруы дәйек­ті­лікпен жүретін қоғам құру» деп ескерткен.

Елбасының 1992 жылы жарық көрген «Қазақстанның егеменді мем­ле­кет ретінде қалыптасуы мен дамуы­ның стратегиясы» атты еңбегінде, жоғарыда айтылғандай, ұлтаралық келісім принципі ішкі саясаттың іргелі қағидасы десек, егер демократиялық құқықтық мемлекет құру мен дәл осындай жаңа демократиялық қоғам орнатудағы қазақстандық жолдың ерекшелігін айқындап, осы жолда Елбасы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағытты әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарыннан көру деп анықтап берсе, жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі..., біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз, бұл біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты болса, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін ұлттық идея – Мәңгілік Ел идеясын анықтап берсе, осындай ұлы мақсат ұлттың рухын асқақтатары сөзсіз. 

Ендеше рухани жаңғырудың не­гізі – тұрақтылық, бірлік, ке­лі­­сім, ал тұрақтылық – рухани жаң­­ғы­­ру­­дың кепілі. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның тұғырын берік қылу үшін Елбасы тиісті қоғамдық сана сезімді қалыптастырып, азаматтық бірегейлікті нығайту арқылы бір­лік пен келісімді қамтамасыз ету­дің қажеттілігін айрықша атап өтті. Бұл жерде біз тағы да тарихи са­бақ­тастықты көріп отырмыз. Мәселен, 1993 жылғы «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегінде Н.Ә.Назарбаев «Жаңғыру дамыған азаматтық қоғам­ның қалыптасуын көздейді» деген еді. Жалпы қазақстандық және азаматтық бірегейлік түптеп келгенде бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Ол туралы Елбасы «Қазақстанды жаңғырту әрбір азамат бостандығының шарты және жалпы алғанда қоғамдағы тұрақтылық болып табылатын азаматтық қоғамның қалыптасуын көздейді. Бұдан басқа саяси инс-титуттарды белгілі бір жаңғырту және жаппай демократиялық сана-сезімді қалыптастыру қажет», – деді. Олай болса, азаматтық қоғамның қалыптасуы құндылықтарды жаң­ғырт­пайынша мүмкін еместігін Ел­басы­ның сол 90-жылдардың басында айтуы да кездейсоқ емес. 

Осының бәрі тәуелсіз Қазақстан­ның негізін қалаушы ретіндегі Ел­басы­­ның өмірлік ұстанымын, жүргі­зіп келе жатқан саясатының бірізді­лігін, жүйелілігін, сабақтастығы мен тиім­ді­лі­гін, саяси және басқарушылық тәжірибесінің жоғары деңгейін, оның өмірмен тікелей байланыстылығын көрсетеді. 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саясаттану ғылымдарының докторы