17 Шілде, 2017

Ұлттық рухты жоғалтпау – ­­ұлағатты парыз

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұр­патты жаң­ғырудың ең бас­ты шарты –  ұлт­тық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаң­ғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа ай­налуы оп-оңай», деген болатын.  Бұл болашақтың мамандарын даярлай­тын мұғалімдер мен оқытушылар қауымы үшін жауап­кер­шілікті бұрынғыдан да арттыра түседі.

Ұлттық рухты жоғалтпау – ­­ұлағатты парыз

Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтын­сарин «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтты ма? Білім саласы қанша­лықты заманауи технологиялармен, ин­но­вациялық оқу құралдарымен жабдық­талып, материалдық тұрғыдан байы­тылса да мұғалімнің орнын оның ешқай­сысы алмастыра алмайтыны аян. Ұстаз алдындағы шәкірті арқылы өз заманын тәр­биелейді. Сондықтан, Елбасының бағ­дар­ламалық мақаласы  білім саласы үшін ғана емес, жалпы рухани өсу, сол арқылы жалпы даму жолымыздағы темір­қазық болуы тиіс. 

Қостанай мемлекеттік педа­гогика­­лық инсти­тутындағы психология-педагогика факультетінде болашақ мамандарды даяр­лауда олардың кәсіби білімді болуын, білім саласындағы шеберліктері мен дағдыларды игеруін, Отаны­мыздың тарихынан мол хабардар болуын, халқы­мыздың тарихы мен мәдениетіне, ұлттық дәстүріне сүйіспеншілік пен құрмет көр­сетуін басты ұстаным етіп аламыз. Мұның барлығы да біз дайындайтын болашақ жаңа тұрпатты мұғалім бойы­нан табылуы тиіс. Жас буын-ды тәрбие­лейтін жаңа тұрпатты мұғалім даярлау ауыз­бен орақ орғандай оңай жол емес, нәти­жеге қол жеткізу үшін ғылым мен тәжірибені тонның ішкі бауындай үйлес­тіре талмай еңбек етуді керек етеді.

Алдымен адам, содан соң маман қалып­тастыру тек жоғары оқу орнының ғана емес, бүкіл білім беру саласының парызы. Демек, бүгінгі уақытта мұғалім мен оқытушының жұ­мысы жас ұрпаққа  білім берумен ғана шектелмейді, ол қоғамдағы әлеуметтік өзекті мәселелердің бел ортасында жүреді. Соңғы жылдары жастардың өзіне қол жұмсауының – суицидтің жиілеуі қоғамда алаңдаушылық туғызды. Осы келеңсіз құбылыс­тың алдын алу және девианттық мінез-құлықтың проблемасы бойын­ша біз білім ордасында белсенді жұмыс жүргіземіз. Атап айтқанда, психолог маман­дардың ұйымдастыруымен суицид белгілерін анықтаудың тест тапсырмалары құрастырылып, өңделді. Сонымен қатар, студенттер және басқа да білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары қыз­меткерлерімен тренинг, онлайн-конференция және дөңгелек үстел отырыс­тары өткізіледі. Биыл наурыз айында мектеп психологтарымен «Оқушылар арасында тәуе­келді мінез-құлықтың алдын алу мәселесі бойынша мек­теп­­те психологиялық қызметті ұйымдастыру: тәжірибе, мәселелер, болашағы» атты онлайн-семинар өтті. Оған Қостанай облысындағы кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының психологтары, облыстық психиатриялық аурухана дәрігерлері,  психолог-педагогтар қатысты. Онлайн-семинарға қатысқандар «тәуекел тобындағы» балалар ортасына, отбасы тәр­бие­сінде ата-ана тарапынан қатал­дықтың орын алмауына ерекше көңіл бөлді және жасөспірімнің орны толмас қадамға баруына итермелейтін басқа да көптеген себептердің алдын алу мәселелерін талқылады. Осы кеселдің алдын алу үшін ізденістерге толы негізгі жұмыстарды мұғалімдер  атқарады. Біздің педагогика институтында биыл «Суицидалды мінез-құлықтың алдын алудың психологиялық негіздері» атты оқу құралының тұсау­кесері өтті. Оқулықта девиантты мінез-құ­лықтағы жасөспірімдермен жұмыстың ерекшеліктері, проблеманы шешу жолдары тәжірибеге ұсынылады. Айтайын дегенім, осындай қиын жұмыстарды  жан дүниесі мұғалім мамандығын қалаған, парасатты да, мейірімді, жүрегі елім деп соғатын түлектер ғана шынайы атқарады. 

Елбасының мақаласы  алды­мызға қойған мақсат-міндеттер жолында  күнделікті еңбектенуді талап етеді. Бүгінгі жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан  уақытта ұлттық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет.  Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты қайткенде егеміз? Бүгінгі студент ертең мектепке мемлекетшіл, еліне деген патриоттық сезімі бар,  ұлттық дәстүр-салттан сусын­даған, халқының тарихын білетін,  мәдениеті мен әдебиетін зерделей алатын мұғалім болып барғанда шәкірттерінің ұлттық рухын көтере алатын болады. Халқымызда «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөз бар. Демек, ұстаз бойындағы қасиет, жақсы әдет шәкіртіне жұғысты келеді. Ұстанымын ұлттық парасат биігінен жеткізе білетін мұғалім балаға біліммен бірге ұлттық сезімді, ұлттық рухты да бере алады. Институтта жүр­гізілетін Қазақстан тарихы, этнопедагогика пәндері  ұлттық сананы дамытуға бағытталған болса, тәрбиелік іс-шараларда бұл міндеттерді әрі қарай жетілдіре түсуді мақсат етеміз. Жоғары оқу орнында жыл са-йын қазақ бөлімдері студенттерінің саны көбеюде. Мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы еліміздің солтүстік өңіріндегі жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері студенттерінің көбеюіне  септігі ти­ді. Қостанай мемлекеттік педагогика институтына осы «Серпін» бағдарламасымен келіп білім алып жүрген студенттермен тәрбие жұмыстарын көбінесе ұлттық негізде өткіземіз.  «Өнерлінің өрі­сі кең», «Отбасы – тәрбие бастауы»,«Ата-ананың парызы», «Қарттарым, аман саумысың?!» секілді іс-шаралар студенттердің атсалысуымен театрландырылған қойылым түрінде орындалып, жо­ға­ры нәтиже көрсетті. 

Ұлттық тәрбиенің қазығы мық­ты болса, қоғамда проблемаға ай­­нал­ған көп­­­теген әлеуметтік мә­се­ле­лердің алдын алуға бола­ды. Білім ордасы дайындаған білікті, инновациялық технологияларды, әдістемелерді терең меңгерген және ұлттық тәрбиеден, ұлттық педагогикадан нәр алған болашақ психологтар мен педагогтар еліміздің ертеңін сеніп тапсырар жас ұрпақтың рухани келбетін қалыптастыруға атсалысады. Ұлттық болмысы кемелденген ұрпақ барда ел де кемел, мемлекет те мықты.  

Назгүл АЙДЫНАЛИЕВА,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты психология-педагогика факультетінің деканы

ҚОСТАНАЙ