Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Қысырақ қамаған

685 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ерейментау өңірінің солтүстік шығысындағы қыратты далада Қоянды-Қойтас деген жер бар. Ол үлкен-кіші шар секілді мың сан түрлі тастар шашырап жатқан алқап. Ертеде мұнда Қашқын атты батыр өмір сүріп, садақшы сарбаздарына мына жықпыл-жықпыл қойтастарды жау оғынан өздеріне қалай қалқа қылуды үйреткен деседі.

Қысырақ қамаған

Осы жерде табиғаттың төл туындысы дерлік бір ғажайып тасойық бар. Боз се­леулі даладағы бұл қа­зан­­шұңқыр көзге бірден кө­рін­бейді. Оны бұрыннан бі­летін біреу болмаса, былай із­деп табу өте қиын. Сәтін салғанда ондай адам арамызда бар еді. Ол осы өңірдің тірі шежірешісі, аңшы, этнограф Қасым аға Тәукенов бо­латын. Ерейментаудың Тойғанкөліне балық аулай барғанымызда, міне, осы кісі бізді сол жұмбақ жердің тура төбесінен түсірді. 

Шағын қойтастардың арасындағы бұл қазан­шұң­қыр жер бетінен 12-15 метр төменде орналасыпты. Көз өлшемімізге салып көргенімізде аталмыш тас­ойық ұзындығы 120, ені 60 метрдей аумақты алып жат­қан сияқты. Төбеден қа­ра­ғанда ол құдды бір маң да­ладағы үлкен көштен түсіп қалып, сол күйі ұмытылған алып астауды көзге елестеткендей. Айналасы жақ­партастар қоршаған оның табаны бәкене бұта мен шүйгін шөпке тұнып тұр. Төр жақтағы итмұрын мен жабайы қарақат арасында жылтыраған жылға да бай­қалады. «Қыстағы қасат қар­дың құдіреті-ау», – деп ой­ладық іштей. 
Жолбасшымыз Қасе­кең, Қасым ағаның ай­ту­ынша ертеде бұл жер ба­рым­ташылардың қо­нал­қа­лық мекені болыпты. Бо­лым­сыз нәрседен кек­те­ніп, дауласқан рулар бір-біріне деген өшін елдің өрістегі малын айдап кетуден алған ғой. Сондай кез­де барымташы ұрылар көр­ші ауылдың қолдарына түскен жылқыларын осында әкеліп, іздерін жасыратын болған. Яғни, олжа қылқұйрықтарды өзіміз сөз етіп отырған қазан­шұң­қырдың төменгі жа­ғын­дағы қылтадан бір-бірлеп өт­кізіп алып, 5-6 күн шөбі де, суы да бар осында баққан. Сөйтіп, арттарынан шыққан айғай-шудың аңысын аңдаған. Қуғын әбден басылып, із кесушілер беті басқа жаққа ауғанда олар жылқыларды мына тасқорадан қайта шығарып, іңір қараңғылығымен алыс жолға аттанатын болған. Осындай барымта-сырымтадан кейін сырт көзден таса бұл қазаншұңқыр Қысырақ қамаған аталып ке­тіпті. Аталмыш сөздің мән-мағынасын иісі қа­зақ баласына тәптіштеп тү­сіндіріп жату артық шы­ғар деп ойлаймыз. Қыс­қа­ша айтқанда, қысырақ үйір­ге қосылмағандықтан құ­лын­да­май қалған байтал не жас бие ғой. 

Өзіміз сөз етіп отырған бұл қазан­шұңқырдың бұ­рын­ғы замандағы жағ­дайы осылай болса, кешегі кеңестік кезеңде ол қырдағы малшы­ларды та­биғаттың адам күтпеген қи­ын­дық­та­рынан аман алып қалатын мекен ретінде ел есінде қалып қой­ыпты. Соның бір мысалы 60-шы жылдарғы қара күзде мұнда қатты дауыл тұрып, төңіректегі кең­шар­лардың бірінен отарлы қой шопанымен бірге ұшты-күйлі жоғалады. 4-5 күннен кейін ел бүкіл ауылды дүрліктірген оқиғаның «кейіпкерлерін» қыстауға қарай қайтып келе жатқан жерінен табады. Сөйтсе, шопан қатты желден ыққан малын Қысырақ қамаған қазаншұңқырына әкеліп, жан сақтапты. Содан 2-3 тәуліктен соң ауа райы өзгеріп, күн жылынады. Сол мезетте ол қойларын тасқорадан аман-есен шығарып, ауылға бет алған екен. 

Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы, 
Ерейментау ауданы