
Жобасын өз архитекторларымыз жасаған эко-кеңсеге алматылық кәсіпкер, «Учёт.kz» брендінің иесі Максим Барышев 280 миллион теңге жұмсаған.
Жалға қымбат кеңсе алудан бас тартқан бизнесменнің айтуынша, 6 қабатты экологиялық ғимараттың құрылысына кеткен шығыны 7 жылда ақталуы тиіс. Қалада мұндай ғимаратты ұстап тұруға айына 350 мың теңге кетсе, жаңа кеңсе тек үнемдеудің арқасында айына 70 мың теңге ғана жұмсап отыр. Кеңседегі қызметкерлер де электр үнемдейтін ноутбуктер мен қозғалған кезде ғана қуат жұмсайтын лифтіні пайдаланады.
Жасыл кеңседе арнайы қондырылған жүйе жаңбыр суын қайта сүзгіден өткізіп отырады. Тазартылған жаңбыр суы гүлдер мен көшеттерді суаруға, канализацияға жұмсалады.
Ғимараттың шатырына күннен қуат алатын коллекторлар орнатылған. Әрі ол суды жылытып отырады. Осы тәсілдің арқасында кеңсе қалалық жылуға толықтай тәуелсіз болып отыр.
Кеңсенің қалыпты тіршілігі үшін қажетті электр қуатының басым бөлігі күн сәулесінен алынады. Терезелері де күмістің жұқа қабатымен өңделген, мөлдір сүзгішті құрайтын мультифункциялық әйнекпен жабдықталған. Бұл әйнектер жылдың кез келген мезгілінде жайлы микроклимат қалыптастырып, энергия тапшылығын тудырмайды екен. Қабырғалар да жылу үнемдейтін бірнеше қабатты жеңілдетілген аспалы жабындылармен қапталған.
Оған қоса зілзала болған жағдайда ғимараттың бекемділігін арттыруға бағытталған конструкциялық шешімдер қолданылған. Кеңсенің 20 пайыздан астамы жер деңгейінен төмен тұр әрі ғимараттың іргетасы 1 метрлік қалың монолит бетон плитасына орналасқан. Нысанның жер астындағы салмағы жер үстіндегі салмағына теңестірілген. Демек, бұл жер сілкінісіне төтеп береді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ