
Саясат – объективті шындық. Өмірде материалдық заттар қаншалықты орын алса, саясаттың да алатын өз орны бар. Оның ерекшелігі көзге көрініп тұрмайтындығы, қолмен ұстап ала алмайтындығымызда. Саясат біздің өмірімізге, қоғамдағы орнымызға, бізді қоршаған дүниеге өзінің ерекше ықпалын тигізуімен де ерекшеленеді. Саясат – сөз, мақсаттар, жоспарлар, идеялар, ұсыныстар, бағдарламалар, заңдар мен конституциялардан көрініс табады. Ол – субъективті құбылыс. Демек, саясат адамдардың түрлі топтарының, халықтардың, мемлекеттердің, трансұлттық ұйымдардың мақсаттар, міндеттері мен мүдделерін жинақтаған көрінісі және синтезі. Саясат, сондай-ақ, мүдделер негізінде қалыптасады.
Саясат билікпен байланысты болғанда реформалардың іске асуы жылдамдайды. Әсіресе, мемлекеттік билікке қол жеткізген топ өз саясатын елге таңуға, оны мемлекеттік басқару органдарының қызметі арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Билікке қол жеткізе алмаған мүдделі топтар өз саясатын халық арасында насихаттаумен және билікке ықпал етуге тырысумен айналысады. Демек, саясат пен билік тәуелді байланыста. Билік мәселесі үнемі саясат мәселесіне, ал саясат мәселесі билік мәселесіне айналып отырады. Билік саясатты іске асырудың құралы. Саясат билікті жүргізудің, іске асырудың, ұстап тұрудың және билікті пайдаланып қоғамды өзгертудің жолдары, айла-тәсілдері және бағыт-бағдары. Саясаты жоқ ел мен халық болмайды. Сондықтан саясат адамзатқа тән жалпылық сипатқа ие жалпыадамзаттық құбылыс.
Саясат – ғылым және өнер. Оның ғылым болуы күрделі қоғамдық қатынастар мен объективті шындықтарға тікелей қатынаста, солардан туындауына байланысты. Саясатты өнер ететін адамдар, түрлі топтар, саяси партиялар. Кім халыққа жағымды, кім сүйкімді, кім елді өз соңынан ерте алады. Мұның барлығы саясат өнері. Кейбір партиялар ұлтшылдық, отаншылдық ұрандарымен электоратты тартса, келесі партиялар экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, халықты өз соңынан ертуге тырысады. Тіптен агрессиялық, шовинистік ұрандармен халықты өз соңынан ертіп әкететін партиялар да бар. Саясатта әділет, қулық, арамдық, халықшылдық, патриотизм, т.б. түрлі көзқарастар шым-шытырық орын алып жатады. Саясат феноменінің күрделі болуы да осында.
ХХ ғасырдағы КСРО-да басталған социалистік қоғамды құру саясаты 60 миллионға жуық адамның өмірін жалмаса, шовинистік фашизм саясаты да осыншама адамның өмірін құрбан етті. ХХ ғасыр фашизм мен социализмнің текетіресі болса, ХХІ ғасыр жаһандық қарама-қарсылықтың шиеленісе түсуімен ерекшеленуде. Техникалық прогресті адамзатты сақтау, адамның өмір сүру мүмкіндігін арттыруға жұмылдыру саясаты шешуші маңызға ие болуда.
Мемлекеттер мен халықтарды жақсылық пен жасампаздыққа немесе жаулық пен зорлыққа да бастайтын саясат. Мүдделі топ ізгілікті, гуманизм мен демократияны басшылыққа алса, өркениеттіліктің жолындағы даму бағыты ашылады. Ол топ агрессияны, зорлықты басқа халықтарды бағындыруды мақсат етсе агрессияшыл, зорлық саясаты таңдалады. Қоғамдық шындыққа сәйкес келмейтін саясатта немесе оны бұрмалайтын саясатта болашақ жоқ. Ондай саясат қоғамды, мемлекетті тоқырауға ұшыратады, кері кетіреді. Жалғандыққа, мақтау мен ұраншылдыққа негізделген саясат та тиімді емес. Ондай қоғамдар үнемі дағдарыстарға ұшырап отырады. Өтірік уағдалардан, орынсыз мақтаулардан халық тез жерінеді. Өз халқын объективті шындықтар мен нақты ахуалға дұрыс баға беру саясатымен тәрбиелеген мемлекеттер ұдайы табыстарға жетеді.
Саясат құбылысы барлық мемлекеттерге ортақ болғанымен әрбір ел өзінің мүдделеріне сәйкес саясат ұстанады. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттердің саясатын аз санды билеуші топтың эгоистік, жем-
қорлық, топтық саясаты айқындайды. Ондай мемлекеттерде халық билеуші топ саясатына іштей немесе ашық қарсылық көрсетуде болады. Адамзат тарихында басым мемлекеттер өзінің саясаты арқылы өз құндылықтарын әлем халықтарына таңуға үнемі ұмтылып келеді. Агрессиялық, басқыншы саясатты ұстанған мемлекеттер де бар. Әлсіз халықтардың жер байлықтарын, еңбек ресурстарын ғасырлар бойы қанаған отаршыл мемлекеттердің отарлық саясаты оларға көп пайда әкелгендігі белгілі. Еуропа қалаларын көркейтіп тұрған зәулім, әсем сарайлар мен үйлер ХV ғасырдан басталған отарлау саясатының табысына салынғаны белгілі.
Қазір дамыған мемлекеттер дәстүрлі отарлау саясатынан бас тартқанымен неше түрлі айла-тәсілдерге негізделген неоимпериа-
листік саясат ұстануда. Технология, ақпарат, бизнестік жобалар, инвестициялар т.б. әлсіз халықтарды «сорудың» жаңа саясатына айналған. Әсіресе, әлемдік бұқаралық мәдениетті уағыздау, тарату кең қанат жаюда. Америкалық поп музыка, эстрада, джаз, т.б. әлем халықтарын мәдени бірегейлендіруде.
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы адамзат тарихында шешуші рөл атқарып отырған басым саясат – жаһандану саясаты. Жаһандану үрдістері әлемдік унификацияланған нарықтық қатынастар негізінде пайда болды. Бірегейленген экономикалық, қаржылық жүйелер, америкалық трансұлттық корпорациялардың күшеюімен бірге келген АҚШ долларының әлемдік валютаға айналуы, әлем мемлекеттерін жақындастырған сауда-саттық, ақпараттық тасқын мен ортақ технологиялар жаһандану тенденциясын тіптен күшейте түсуде. Барлық елдерде дерлік материалдық байлыққа құштарлықтың артуы, адамдар санасының ақшаға құнығуы жаһанданудың жаңа бір ортақ белгісін ашып берді. Ол белгі – қайтсем де ақша табам, қайтсем де бай боламын деуге құлшыныс. Басым державалар өз мил-
лиардерлерінің және мемлекетінің баюы мүддесі үшін дамушы елдерге неше түрлі айла-тәсілдермен, күш көрсетумен зорлықтар жасауда.
Неоимпериалистік, жаңа отарлау саясатының мақсаты – дамушы елдердің ресурстарын «сору» арқылы баи түсу. Жаһандану саясатындағы осы қайшылық әлемдік қауіптер мен қатерлердің себептеріне айналуда. Батыс державаларының жаһандану саясаты арқылы әлемді бағындыру саясатына ашық қарсы болған Ирак, Ливия, Ауғанстан сияқты мемлекеттер халықаралық агрессияға ұшырауда. Әлемді бағындыруға ұмтылған АҚШ мемлекеті «америка ұлтының мемлекеттік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді» деген сылтаумен Ауғанстанды, Сирияны тас-талқан етті. Әрине, бұл мемлекеттердің ішкі ахуалы мен саясаты өз халықтарының мүдделеріне сәйкес келген жоқ. Бірақ, АҚШ пен оның одақтастары үшін әр ұлттың өз тағдырын өзі шешуі, өз билігін өзі таңдауы маңызды болып отырған жоқ. Жаһандану саясаты күрделі үрдістер арқылы халықтар мен мемлекеттерді біріне-бірі ұқсас ете түсуде. Батыстық стандарттар қазіргі кезеңде инвестициялар, технологиялар, қарыз беру, біріккен құрылыстар салу, ортақ бұқаралық мәдениет арқылы тіптен жылдам таралуда. Әлем мемлекеттері мен халықтарында ортақ белгілер мен құбылыстар көбейе түсуде.
Жаһандану саясатының түпкі мақсаты – әлем халықтарына америкалық, батыстық ойлау жүйесін және өмір салтын таңу. Сонымен қатар, жаһандану үрдісінің табиғи тарихи себептері де бар. Адамзат қоғамының дамуының өзі жаһандану үрдістерін әкелуде. Мұндай себептердің қатарына әлемдік экологиялық дағдарысты, түрлі індет аурулардың таралуын, азық-түлік пен қуат көздерінің тапшылығын, халықаралық терроризмді, тағы басқа да құбылыстарды жатқызуға болады. Сондықтан жаһандану үрдісінің бір жағынан жасанды, екінші жағынан объективті себептері бар.
Қазіргі қоғамда әлем мемлекеттері саяси жүйелерінің жаһандану үрдісінің ықпалына ұшырағаны байқалуда. Халықтардың неғұрлым әділетті, тиімді, халыққа жақын саяси жүйені жасауға ұмтылуы әлемдік аренадағы демократиялану үрдісін өмірге әкеледі. Демо-
кратия – әлем халықтарының әділетті билік жасаудағы ортақ, озық тәжірибелерінің жиынтығы. Саясаттағы ізгілікті, гуманитарлық ойдың озық жетістіктері адамның бостандықтары мен құқықтарын қорғаудың, оның өмірін қалыпты етудің жолдарын демократия құндылықтарынан тапты. Сондықтан қазіргі кезеңде әлемдегі 194 мемлекеттің 150-ден астамы демократиялық жүйені және демократияландыру саясатын таңдап отыр.
Адамзаттың гуманитарлық ойы демократиядан басқа дұрыс, әділетті қоғам құру жолын таба алған жоқ. Белгілі кемшіліктеріне қарамастан, демократиялық қоғам құру саясатынан озық ештеңе жоқ. Демократияны таңдаған мемлекеттер ғана дамудың жолына сенімді түрде түсе алуда. Бірақ, демократия жасанды, көзбояу үшін ғана болмауы керек. Шын мәніндегі демократия әлемдік саяси ой мен тәжірибеде әбден сыналған әмбебап принциптерге негізделеді. Олар: биліктің халық алдында есепті, жауапты болуы, негізгі билік тармақтарын халықтың басым көпшілігінің дауыс беруімен сайлануы, сайлау нәтижелерінің әділ болуы, оны бұрмалауға жол бермеу, билік тармақтарының бөлінуі, бірін-бірі қатаң бақылауы, Конституция мен заңдардың толыққанды орындалуы, сөз, баспасөз, көзқарастар бостандықтарының болуы, қоғам үшін ортақ нормалар принциптері мен ережелердің орындалуы, т.б. Міне, осындай мемлекеттік саясатты таңдаған елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуда табысқа жете алатындығына сенім күшті.
Демократияландыру саясаты Қазақстанда шын мәніндегі дамыған мемлекет құруға жол ашуда. Қазақстан әлемдік демократия толқынына еніп, нақты демократиялық құндылықтарды қалыптастыруда. Жоғарыда аталған демократиялық қоғам белгілерімен қатар қазақ халқының ұлттық тілінің, мәдениеті мен өнерінің, тарихы мен дәстүрлерінің сақталуына күш салатын саясат Қазақстанның бағын ашады. Демократия талаптары мен ұлттық құндылықтардың ұштасуы Қазақ-
станның даму моделінің негізгі белгісі болмақ. Осы талаптар орындалған жағдайда өмір сүруге қолайлы қауіпсіз мемлекет жасалады. Онда азаматтар сапалы білім ала алады, медициналық көмектен кенде болмайды.
Мемлекеттік билік өз азаматтарының белсенді еңбек етуіне барынша қолайлы жағдай туғызады. Табысты еңбек арқасында әр отбасы азық-түліктен таршылық көрмейді. Олардың әрқайсы өз үйлерінде тұруға қол жеткізеді. Еңбек демалысы толыққанды болып, әр азамат мәдени демалу мүмкіндігіне ие болады. Азаматтар саяси пікірлері мен көзқарастарын ашық айта алады. Осындай әлеуметтік мемлекет құру саясаты дұрыс саясат ретінде таңдалады. Қазіргі халық үшін капитализм, либерализм, социализм маңызды емес. Ол үшін тыныш, отбасының бай-қуатты өмірі маңызды.
«Қазақстан-2050» стратегиясында осындай халықтық және мемлекеттік құндылықтарды ұштастырып шешу міндеттері күн тәртібіне қойылып отыр. Әлемдік
4 индустриялық революция көшінен қалмау мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілген. Ол қадамдарды өз мерзімінде орындау Қазақстанды жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жеткізеді. Ел билігі дұрыс саясат таңдап отыр. Осы халықтық саясатты іске асырсақ, Қазақстан шын мәніндегі Мәңгілік Елге айналады.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
АЛМАТЫ