ЭКСПО-2017 • 21 Шілде, 2017

Жаңғырмалы энергия дәуірі

1890 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан үшін болашақта жел энергетикасының маңызы өте зор болмақ. Өйткені, соңғы зерттеулер Қазақстанның жел әлеуеті өте жоғары екендігін көрсетті. Ол жылына 920 миллиард киловатт-сағат деп бағаланып отыр. Бұл – әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда, үздік көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ, өз еліміздегі басқа табиғи қуат көздерінен де көп жоғары тұр. Салыстыру үшін айта кетейік, энергия тиімділігін бағалау саласында инжинирингтік және консалтингтік қызмет көрсететін Energy Partner компаниясының мамандары Қазақстандағы күн энергетикасы жылына 2,5 миллиард киловатт-сағат, ал гидроэнергетика саласы жылына 30 миллиард киловатт-сағат энергия өндіре алады деп есептеп шығарған. Демек, Қазақстанның жел энергетикалық әлеуеті суға қарағанда 30 есе, күн энергетикасына қарағанда 350 еседен астам жоғары.

Жаңғырмалы энергия дәуірі

Қазақстандағы желдің энерге­ти­калық әлеуеті қазір бүкіл еліміз болып тұтынып отырған барлық энергия мөлшерінен 10 есе артық. Мұның өзі, жел энергетикасы өзінің әбден дамыған кезінде Қазақстанға қажетті бүкіл энергетикалық қуатты бір өзі бере алатындығын білдіреді. Бірақ дәл осындай жағдай орнай ма, жоқ па, оны кесіп айту қиын. Өйткені, адамзаттың алдағы уақытта бір ғана қуат көзіне тәуелді болып қалғысы келмейтіндігін қазіргі жағдайдың өзі анық аңғартуда. Екіншіден, сол кезде түрлі қуат көздерін өндірудің өзіндік құны мен бағасы қалай қалыптаспақ? Көп мәселенің осыған байланысты болары анық. Былайша айтқанда, қай қуат көзін өндіру арзан да тиімді болса, сол қуат көзінің энергетика нарығында басымдыққа ие болатындығы түсінікті.

Адамзаттың ескі досы
Сонымен, адамзатқа қуат көзі ре­тінде көне дәуірлерден бері белгілі бол­­­ғаны­мен ХХІ ғасырдың жаңа тех­но­ло­­гиялық деңгейінің ықпалымен ғажайып мүмкіндіктерді ұсына баста­ған жел дегеніміз не? Ол қалай пайда болады?
Жер бетінің кез келген бір бөлігінде ауа қысымы жоғары болса, ол ауа төмен қысымды жаққа қарай ауыса бастайды. Осыдан барып жел пайда болады. Демек, ауаның жердің бетімен бір бағыттан екінші бағытқа қарай ауысуы нәтижесінде пайда болатын екпінді қозғалысты жел деп атайды. Әдетте, ауа қысымы уақыт пен кеңістікте тұрақты күйде тұрмайды. Түрлі факторлардың әсерінен, соның ішінде Жер шарының Күн жүйесінде тоқтаусыз қозғалыста жүретіндігінен және жер бедерінде кездесетін тау, орман, сай мен бел секілді түрлі кедергілердің әсерінен желдің жылдамдығы мен бағыты да үнемі өзгерісте болады. Таулардың ұшар бастарында желдің күші жоғары болғанымен, етекте бәсең, сол секілді қала сыртында соғып тұратын қуатты жел қала ішіне кіргенде едәуір саябыр тартады. Жел қалақшаларын орнатқан кезде міне, осының бәрі есепке алынады. Мәселен, Еуропадан АҚШ-қа ұшқан кезімізде Атлант мұхитының еуропалық жағалауларға таяу бетінен самсаған жел қалақшаларын байқаған едік. Мұның себебі түсінікті. Теңіз бен мұхит беттерінде және таудың ашық жатқан аңғарларында, сондай-ақ, Сарыарқа секілді жазық далаларда ешбір кедергіге кез болмайтындықтан жел еркін соғып тұрады. Міне, осындай жерлерге жел қалақшалары мен генераторлары орнатылады.
Жалпы, жел қуатын пайдалануды адамдар ерте замандардан-ақ меңгерген. Біздің заманымызға дейінгі бес мың жылдай уақыт бұрын қайықтарға желкен керу, желдің күшін пайдаланып жүзу басталған. Мұнан кейін өмірге жел диірмендері келді. Мысырлықтар мен парсылар жел қуатын пайдалануды алғаш меңгерген елдер болды.
XIV ғасырда голландтар жел диір­менін жетілдіріп, дәнді дақыл өнімдерін ұнтақтау үшін қолданды. 1854 жылы АҚШ-та жел энергиясымен жұмыс істейтін су тарту насосы іске қосылды. Оның құрылымы жел диірменіне қара­ғанда, қалақшалар санының көптігімен және желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайтын аспап-флюгердің болуымен ерекшеленді. 1940 жылдары осындай жел күшімен қозғалатын диірменнің саны 6 миллионға дейін жетті. Олар су тартумен қатар, электр қуатын алу мақсатында қолданды.
ХХ ғасырдың ортасында жел энергиясын пайдалануды одан әрі игеру, оларды жетілдіру үдерісі тоқырауға ұшы­рады десе де болады. Өйткені, дәл осы кезден бастап мұнай өндірісі барын­ша белең алды. Ол қатар дамып келе жатқан басқа қуат көздерінің нары­ғына қатты әсерін тигізіп, олардың нары­ғын сая­быр­сытып тастады. Адамзат тірші­лігі­мен қатар, бүкіл әлемдік саясаттың өзі мұнай­дың айналасында өрбіді. 
Бірақ бұл үдерістің өзі тым ұзаққа созыл­майтындығы қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Әлемдік рынокта жиі орын алған мұнай дағдарысы адамзаттың жел энергетикасына деген қызығушылығын қайта оятты. 1981-1984 жылдары АҚШ-тың бір ғана Калифорния штатының өзінде 6870 жел турбинасы іске қосылды. Бірақ 1985 жылы желтоқсан айында мұнайдың 1 баррелінің бағасы 10 долларға дейін құл­дырап, осы жағдай жел қон­дыр­ғы­ла­ры­ның жұмысын қай­тадан мүлдем тиімсіз етіп тас­тады. Осыған байланысты жел қон­дыр­ғысын шығаратын көптеген ша­ғын компаниялар жұмысын тоқ­татты. Мұнай бағасының қай­та­дан шарықтай көтерілуіне орай, нақты айтқанда 1998 жылдан бастап АҚШ-та жел энергетикасы қайтадан даму сатысына көтерілді.
Оның үстіне, Батыс Еуропа мем­­ле­кет­терінің АҚШ пен Қытай­дың қар­жы­ландыруы және қол­дауымен жүргізілген зерттеулер мен сынақ нәтижелері жел энергия­сын пайдаланудың жаңа тех­­но­ло­гиялық дамуына кеңінен жол аша бастады. Мұнай мен газ бағасының құбылуынан осы өнім­дер тапшылығына ұрынған Еуропа мемлекеттері, әсіресе, Гер­мания мен тағы бірқатар елдер жаң­ғырмалы энергия көздерін, соның ішінде жел қуатын молынан пайдалану бағытын ұстады. Осы іске үлес қосқан компаниялар мен тұтынушыларға тарифтік қолдау саясаты жүзеге асырыла бастады.

Еуропалықтар озып тұр
2009 жылдың мамырында әлем­нің 80 елі жел энергиясын комме­рциялық мақсатта қолдана бас­тады. Бұл мәселеге, әсіресе, Еуропа мемлекеттері барынша мән берді. 2010 жылғы деректер бойынша жел электр стансаларының 44 пайызы Еуропада, 31 пайызы Азияда, 22 пайызы Солтүстік Америкада шоғырланды.
2010 жылы әлемнің барлық жел ге­нераторларында өндірілген электр энер­гия­сының мөлшері 430 терраватт-са­ғат бол­ды. Бұл – сол жылы өндірілген бар­лық электр қуатының 2,5 пайызына тең көр­сет­кіш.
2011 жылы әлемдегі барлық өн­дірілген жел энергиясының қуаты 480 тераватт-сағат болды. Сөйтіп, жел қуатын пайдалану көрсеткіші қарқынды түрде өсе бас­тады. Қазіргі күні адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. 2020 жылы оның көлемін 1,4 мың тераватт-сағатқа (1 тераватт-сағат 1 миллиард киловатт-сағатқа тең), жеткізу жос­парланса, 2030 жылға таман 2,4 мың тераватт-сағатқа немесе жаһандық тұтыну мөл­шерінің 9 пайызына дейін жеткізу көз­деліп отыр. Жел энергиясы жөніндегі әлем­дік кеңестің мәліметі бойынша 2030 жыл­ға таман жаһандық энергетикалық өн­дірісте жел энергиясының үлесі 20 па­й­ызға жетпек.
Қазіргі күні жел энергиясының мүмкіндіктерін пайдалану деңгейі барлық жерлерде бірдей емес. Кейбір елдер бұл салада барған сайын дамып, алға басып барады. Мәселен, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 па-
йызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5-1 пайыз деңгейінде ғана болып отыр.
Соңғы кездері әлемнің әр шал­ғайында жел энергиясына байланыс­ты күтпеген қызықты деректер орын ала бастады. Мәселен, 2014 жылдың желтоқсанында Шотландияда жел энергиясы үй ша­руашылықтары тұтынатын электр қу­а­тының 164 пайызын қам­тамасыз етсе, Данияда 2015 жы­лғы шілде айының күн­де­рінің бі­рін­де бұл көрсеткіш 140 пайыз­ды құрады. Дания артылған қуатты Германия, Норвегия, Швецияға жөнелтті.
Bloomberg New Energy Finance дерек­теріне қарағанда, жел энергетикасы беретін электр қуатының көлемі 2000 жылдан бері төрт есе өскен, есесіне оны өндірудің өзіндік құны төмендеген. Мамандар жел арқылы алынатын қуаттың көлемі еселеп өскен сайын, оның құны 19 пайызға төмендейтіндігін есептеп шығарған.

Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері
Осыдан 5-6 жыл уақыт бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып, біздің жеріміздегі жел қуатын және оның тұрақты соғу деңгейін анықтау бойынша арнайы зерттеулер жүргізуді қолға алды. Осы үшін Қазақстанның әр өңірлеріндегі жел кө­бірек соғатын жерлерге қадалар қа­ғылып, оларға жел қуатын есеп­тейтін арнаулы құралдар ор­натылды. Бұл құралдар жылдар бойы желдің екпіні мен соғу жиі­лігін үздіксіз есептеп тұрды. Сөй­тіп, Қазақстанда жел энергиясын дамыту үшін жел қуатының мүмкіндіктері алғаш рет нақты мәліметтер деңгейінде анықталды. Бұл мәліметтер біздің елімізде бірінші рет «Қазақстанның жел атласын» жасап шығуға жағдай туғызды.
Бұл атластың алдағы уақытта Қазақстан үшін беретін пайдасы көп болмақ. Өйткені, біз енді электр қуатын өндіру үшін қай жер­лерге жел қалақшаларын ор­на­туға болатындығын және ол қалақшалар бізге жыл ішінде қаншалықты қуат өндіріп бере алатындығын бұрынғыға қарағанда жақсырақ білеміз.
«Егер Қазақстанның жел атла­сындағы мәліметтерге жүгі­не­тін болсақ, осы уақытқа дейін адам­дардың дұрыс аңғарғанындай, Жоң­ғар қақпасы мен Шу алқабында қүш­ті желдер жиі болып тұрады. Бірақ желдің кең ауқымдылығы мен тұрақтылығы Астанада, Қос­та­найда, Қызылжарда, Қа­ра­­ған­дыда, Павлодарда көбірек сақ­та­ла­ды. Мәселен, осы аталған жерлерде жел­дің орташа жылдық жылдамдығы 7 метр/секундтан айналса, Көкшетау жақта тіпті 8 метр/секундтан да асады. Бұл аталған өңірлерде жел энергиясын дамытудың жақсы мүмкіндігі бар деген сөз», дейді БҰҰ Даму бағ­дарламасының өкілі Геннадий До­рошин.
Осы уақытқа дейін елімізде Ерейментау жел электр стан­са­сы­ның салынғандығы белгілі. Бұл станса жылына 172 млн кВт-сағат электр қуатын өндіре алады және өнімділігі бірте-бірте кеңейтіле бер­мек. Сондай-ақ, еліміздің кей­бір өңірлерінде қа­зақстандық ғалым Альберт Болотовтың отан­дық инновациялық бренд атала бас­та­ған жел роторлы генера­тор­ларын орнату ісі қолға алынды. Мұндай генераторлар ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Ас­­тана қаласына да орнатылды. Олар өзіндік технологиялық ерек­ше­ліктеріне байланысты ба­яу жел­дің өзінде жұмыс істеуге қа­бі­летті болып табылады.
«Қазауылэнергожоба институты» ЖШС-нің мәліметі бойынша, қазір Қазақ­станның 45 өңірінде жел электр с­тансаларының құрылысын салу жобала­ну­да. Осыған байланысты, еліміздің өңір­леріндегі жел әлеуеті жоғары 8 өңір таңдап алынды. Олардың ішінде Жам­был облысының Қордай кенті, Оң­түс­тік Қазақстан облысының Жүзімдік кен­ті, Астана, Форт-Шевченко, Атырау, Ерей­мен­тау, Арқалық, Қарқаралы қалалары бар.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»