Қаржы • 24 Шілде, 2017

«Тендер тентіретіп тұр»

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тендер тентіретіп тұр» деу жауапкершілікті өзгеге ысырудың амалы ма?

«Тендер тентіретіп тұр»

Облыс орталығында қол­же­тімді медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, сапасы­ның қанағаттандырмайтыны біраз­дан бері айтылып келеді. «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының бюро мәжілісіндегі талқылау, тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама бұл саланың әлі ақсап тұрғанын тағы бір айғақтап берді. Былтыр науқас жандар үш ай бойы жеңілдікті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмаған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер жағдайдың биыл да күрделі күйінде қалып отырғанын, оның басты себебі қаражат тап­шы­лығы­на келіп тірелетінін жет­кізді. Пре­па­рат­тарға қажетті қаржы 2,5 миллиард теңгені құраса, республикалық қазынадан бөлінгені – 1,5 миллиард. Жергілікті бюджеттен қарастырылғаны – 132 миллион. Бір сөзбен айтқанда, қолжетімді дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету жайы басы ашық күйінде қалып отырғаны анық. Ал облыстық мәслихаттың депутаты, ересектер ауруханасының бас дәрігері Юрий Белоногтың пікірінше, медицина саласындағы түйткілдерді шешудің бір жолы – тендерге қатысты заңнамалар мен ережелерге өзгерістер енгізу. Конкурс өткізудің нақты мерзімі бел­­гіленуі керек. Әйтпесе, түрлі бю­­­ро­краттық кедергілер мен қа­ғаз­бас­тылықтар салдарынан про­цесс ұзаққа созылып кетіп жүр.

«Авгийдің ат қорасынан бастайық!» (Ғ.Мүсірепов) демек­ші, облыс тұрғындарының «бас ауруына» айналып отырған мәселелерді түзетудің жолдарын жергілікті жерлерде іздестірудің орнына бар кінәні республикалық ведомстволар мен заңдардың «шикілігіне» аудару қаншалықты ойға қонымды бола қояр екен? «Таяқтың екі ұшы болатынын» ескермейтініміз қалай? Әрине, тендер өткізуде қағазбастылық, жемқорлық көлденең көк аттыдай көлбеңдеп шыға беретіні рас. Бірақ, қалай десек те, қабылданған заң бар. Оның ережелерін бұлжытпай орындап, қарамағындағылардан талап ету, тәртіпті орнықтыру арқылы тендерден тентіремей шығып жүрген мысалдар көп-ақ. Олай болса, қордаланған проблема атаулыны бір заңға ысырып тастап, жауапкершіліктен ат-тонды ала қашу қаншалықты қисынды? Біздіңше, дімкәсі жанына батқан науқасқа ең керегі – нақты іс, түпкі нәтиже, яғни сапалы медициналық қызмет, қолжетімді баға. Қаражатсыз-ақ кемшіліктерді түзетудің жолдары аз емес. Мәселен, бас­тау­ыш ардагерлер ұйымының төрайымы Екатерина Ильина­ дәрі-дәрмек бағасының қымбаттылығы жөнінде қанша дабыл қақса да, «баяғы жартас – бір жартастың» кебін құшып келеді. Қатарлас екі дәріхана­да бір препараттың құны әрқи­лы, айырмашылығы әжептәуір. Міне, қолында бақылау, айыппұл төлеттіру құқығы бар мекемелер осы жағын індете тексерсе, талай былық пен шылық әшкереленер еді. 

В.Безлердің мына «жаңалы­ғы» да таңдандырмай қоймай­ды. Оның биыл өңірге келетін 90-ға жуық жалпы тәжірибедегі жоғары білімді мамандарды қысқа мерзімді курстарда оқыту арқылы тар шеңбердегі салалық дәрігерлер мәселесін шешу жөніндегі ұсынысына сену қиын. Өңірде 300-дей дипломды кадр тапшы. Аса зәру саналатын лор, педиатр, окулист, фармакологты қай мамандық есебінен «дайындайтыны» түсініксіз.

Сол сияқты мектептердегі медициналық пункттер сани­тар­лық-гигиеналық талаптарға сай келмегендіктен, 25-не лицензия берілмеуі көп жайтты аңғартса керек. Осылайша бірі тендердің «тентіретіп» бара жатқаны жайлы дабыл қағып, екіншісі қаражат жетіспеушілігін көлденең тартып, жауапкершілікті өзгеге ысырып тастаудың амалына көшкен тәрізді. 

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы