Қаржы • 24 Шілде, 2017

Блокчейн технологиясы «индустриалды төңкеріс» жасай ала ма?

1591 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы маусым айында өткен Х «Астана» экономикалық форумында халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін көтерген болатын. Ол валютаның қарапайым, пайдаланушыға бағынышты болуы тиіс екенін айтып, «Блокчейн» сынды технологиялардың дамуын, цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға болатынын атап өтті.

Блокчейн технологиясы «индустриалды төңкеріс» жасай ала ма?

Банктерде, қаржы немесе IT саласында қызмет ететін адамдарға блокчейн, криптовалюта ұғымдары жақсы таныс болуы мүмкін. Алайда, қарапайым халық өкілдерінің бұл сөздерді ара-тұра естіп қалғандары болмаса, олардың мән-мағынасы, маңызы жөнінде бейхабар екені белгілі. Осы орайда блокчейн технологиясының қызметі, оның басым тұстары мен кемшіліктерін зерттеп көруге тырыстық.  

Блокчейн дегеніміз не?

Блокчейн – желіде ақпараттарды сақтайтын белгілі бір тәртіп бойынша құрылған блоктар тізбегі (block-блок, chain-тізбек). Қазіргі уақытта ол түрлі криптовалюталарда транзакциялар жүргізуге қолданылып жүр. Криптовалюта – орталықтан басқарылмайтын цифрлік есептік көрсеткіштер. Қарапайым тілмен айтқанда – электронды валюта. 

Алайда, «блокчейн» жүйесінде өзге де ақпараттарды сақтауға болады. Мамандар бұл технологияны банк жүйесінде, экономикалық салаларда және өзге де индустрияларда қолдануға болатынын айтады.

Дәстүрлі банк транзакцияларымен салыстырғанда блокчейннің негізгі басымдығы – арада делдалдардың болмауы.

Қазіргі таңда ақшалармен, құжаттармен немесе өзге де мәліметтермен жүргізілетін барлық операциялар міндетті түрде делдалдар арқылы жүзеге асырылады. Банктер, мемлекеттік органдар немесе нотариустар әрдайым жүргізілген операциялардың шынайылығын растап отырады. Ал блокчейннің орталықтандырылған органы жоқ. Ол – басшылықсыз қызмет ететін жалпыға ортақ ауқымды мәліметтер базасы. Онда жүргізіп жатқан транзакцияларды жүйенің барлық қатысушылары көре алады. Олар атқарылған әрекеттердің шынайылығын растап, жүргізілген транзакцияларға байланысты ақпараттардан жоғарыда аталған блоктарды тізеді. Ал жүйе қолданушыларының жеке басына қатысты мәліметтер құпия сақталады.

Әлемдік қауымдастықта жаңа технологияға байланысты түрлі кереғар пікірлер айтылуда. Бірі оны көптеген салаларда «индустриалды төңкеріс» жасауға қауқарлы деп бағаласа, енді біреулер жүйенің «анонимдігі» ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді, дейді.

Технологиялық төңкеріс

Мәселен, Ресейдегі «Сбербанк» басшысы Герман Греф Finnopolis инновациялық технологиялар форумында блокчейннің ауыл шаруашылығынан бастап, банктерге дейінгі барлық индустрияларда «төңкеріс» жасайтынына сенімді. Сол үшін «Сбербанк» басшысы банктің көптеген миллиардтық IT-жүйесі ескіріп қалғанын, және де Ресейдің жаңа революциялық технологиядан құр қалмауы керек екенін баса айтты. 

Блокчейн технологиясын Ресейдің байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі де бақылап отыр. Ведомство басшысы Николай Никифоров министрліктің бұл салада түрлі зерттеулер жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Алдыңғы 5-10 жылды болжап, бұл технологияның болашақта халық шаруашылығына, мемлекет пен адам арасындағы қарым-қатынасқа қандай пайда әкеле алатынын түсіну қажет», – деді министр.

Видео-әңгімелесу арқылы клиенттерді сәйкестендіру жүйесін құрған Block Notary стартапының негізін қалаушы Игорь Бариновтың пікірінше, блокчейннің басты басымдығы – ондағы мәліметтердің сырттан өзгертілуінен қорғалуында.

«Блокчейн жүйесіне көп жылдар бойы түрлі шабуылдар жасалып келеді, бірақ олардың ешқайсысы әзірге нәтижелі болған жоқ», – дейді ол.

Қазіргі кезеңде Ресейдегі бірнеше компания блокчейн-шешімдерге негізделген бағдарламалық жасақтама әзірлеумен айналысып жатыр.

Мамандар егер технология күнделікті өмірге енсе, банктердің, мемлекеттік органдардың, аудиторлардың, бақылаушылардың, сақтандыру компаниялары мен тіркеушілердің қызметтері қажетсіз болып қалуы әбден мүмкін екенін айтуда.

Жаңа технологияның қауіп-қатері

Дегенмен, криптовалютаның қауіп тудыратын тұстары да бар. Осы орайда, АҚШ үкіметі мен жеке демеушілер тарапынан қаржыландырылатын RAND Corporation зерттеу орталығы «Ұлттық қауіпсіздік үшін виртуалды валютаның мәні» тақырыбында баяндама жариялады.

Баяндама цифрлық валюталарға және солардың негізінде қызмет ететін технологияларға қарсы тұруға шақырады.

Зерттеушілер криптовалютаны террористер әлеуетті құрал ретінде пайдаланатынына сенімді. Сондай-ақ олар халықтың мұндай технологияларға деген қызығушылығы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, деп есептейді.

АҚШ-пен қоса, өзге де елдердің жаңа технологиядан қауіптенуіне «биткоиндардың», сәйкесінше, блокчейндердің бірнеше рет заңсыз әрекеттер жүргізу кезінде пайдаланылуы негіз болып отыр. Соның бір жарқын дәлелі ретінде Silk Road анонимді электрондық сауда-саттық алаңын келтіруге болады. Онда есірткі, қару-жарақ, ұрланған жеке бастың мәліметтері, тіпті, адамның дене мүшелері саудаланған. Мұндағы төлемдер «биткоин» арқылы жүргізілген. АҚШ үкіметі бағдарламаның негізін қалаушыларды іздеп-тауып, электронды сауда-саттық алаңының қызметін тоқтату үшін біраз күш жұмсаған болатын. 

Осыған байланысты кейбір мамандар мемлекеттің міндетті түрде кез-келген криптовалюта айналымын шектеп, реттеп отыруға тиіс екенін алға тартады. Мұндағы басты мақсат – қылмыстық жолмен табылған қаражаттың заңдастырылуын, терроршылардың сауда-саттығы мен есірткі саудасының алдын алу.

Блокчейн технологиясын тыңғылықты зерттеу қажет

Goldman Sachs, JP Morgan, Credit Suisse және Barclays сияқты әлемдік ауқымдағы банктер блокчейн жұмысын тыңғылықты зерттеу үшін R3 консорциумына біріккен болатын. 2015 жылдың соңына қарай бұл консорциум құрамында әлемдегі ірі 20 банк болды.

Консорциум жаңа технологияны тыңғылықты зерттеп, оны заманауи банк жүйесінде қолдану жолдарын іздеп көрмек. Болжам бойынша, блокчейн негізінде құрылған мәліметтер базасында төлемдер туралы ақпараттарды ғана емес, сонымен қатар, несие жөніндегі деректерді сақтауға, тіпті, көші-қон есебін жүргізуге болады. Нақтырақ айтқанда, жаңа үлгідегі жүйені құруға мүмкіндік туады.

Мамандардың айтуынша, банктер жаңа технологияның арқасында көптеген шығындарды елеулі түрде қысқартуға, тіпті, олардан мүлдем арылуға мүмкіндік алады.  

Ресей банкі алдымен блокчейнді зерттеуді жөн көрді. Бұл үшін Ресей Орталық банкінде арнайы комиссия құрылды. Банктің басшысы Эльвира Набиуллина ең алдымен криптовалюта мен блокчейн технологиясы ұғымдарын ажыратып алуды ұсынды. Себебі болашақта бұл жаңалықты кез-келген салада қолдануға болады. Банкирдің айтуынша, дәл осы себеппен әлемнің ірі банктері жүйеде қызмет ететін валютаны емес, нақты сол жүйенің өзін зерттеуге басымдық береді.

Consumers' Research компаниясының мамандары да осы пікірді құптап отыр. Олар блокчейн жүйелерін үш топқа бөліп қарастырған. Бірінші топқа олар цифрлық валютаны кіргізген. Қалған екі топтағы механизмдердің бірі «ақылды» келісімдермен жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, екіншісі блокчейнді экономикалық мақсатта қолдануға негізделген. Мәселен, келешекте жүйені «Электрондық үкімет» шеңберінде пайдалануға болады.

Цифрлық валютаны қолдану идеясын Ресей президенті Владимир Путин да ішінара қолдап отыр. Ресейдегі форумдардың бірінде ол криптовалюталарды қолдануға болатынын айтты. Алайда, бұл төлем түрінің бүгінгі таңдағы басты проблемасы оның ештеңеге бекітілмеуі болып табылатынын тілге тиек етті.

«Криптовалюталар нақты ештеңеге бекітілмеген, алайда, оларды жалпы есеп айырысу бірлігі ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырып көруге болады. Олар бара-бара кеңінен таралып жатыр», – деді Ресей президенті.

Кейбір ресейлік мамандар егер технология толық зерттеліп, әлемдік беделі бар банктер тарапынан мақұлданса, Ресей үшін санкция секілді халықаралық аренадағы бірқатар шектеулерден арылуға мүмкіндік туатынын алға тартады. Мәселен, «Сбербанк» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Лев Хасистің айтуынша, банктердің блокчейнді қолдану арқылы санкция жағдайында ғана емес, сондай-ақ Халықаралық банкаралық ақпарат аудару және төлемдер жүргізу жүйесінен ажыратылған жағдайда да жұмыс істеуіне мүмкіндігі болады.

Кез-келген жаңа құбылыс секілді, блокчейн технологиясы да әлемдік қауымдастықта пікірталас тудыруда. Дегенмен, бұл тек қаржы индустриясын ғана емес, киберқауіпсіздік немесе өзге де салаларда прогресс жасауға қауқарлы соңғы онжылдықтағы ең маңызды өнертабыстардың бірі екендігі анық болып отыр.

Дайындаған Айдар ӨРІСБАЙ,
«Егемен Қазақстан»