Әлем • 28 Шілде, 2017

«Қытай феноменінің» сыры неде?

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыстағы көршіміз Қытай экономикасының тез өркендеуіне әлемдік қоғамдастық ерекше назар аударып отыр. Ал, батыс басылымдары «Қытай феномені» жөнінде не дейді?

«Қытай феноменінің» сыры неде?

ABC мәліметі бойынша, Қытай экспорты мен импорты соңғы айларда бірнеше есе ұлғайған. Әйтсе де Bloomberg Қытай экономикасының басты қиындығы ретінде жұмыс өнімділігін атап көрсетеді. «Елдің ІЖӨ көлемі жыл басындағы 3 айда 6,9 пайызға өсті. Қытай Премьер Ли Кэцян Далянда өткен Әлемдік экономикалық форумда Қытай экономикасы алға ілгерілеп келе жатқанын айтқан болатын. Алайда экономиканың негізгі көрсеткіші саналатын жалпы ықпал ету өнімділігі мәз емес. Бұл ықпал ету өнімділігі ‒ қосымша жұмыс күші не қаржы шығынынсыз өнім шығару, яғни дамудың негізгі көзі», ‒ дейді Bloomberg.

Еңбек өнімділігінің төмендеп кетуі ретінде Bloomberg Қытай үкіметінің жаһандық дағдарыс кезінде кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетуін келтіреді. Мәселен, Қытай 2008 жылы мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдауға 586 миллион АҚШ долларын бөлген-ді. Бұл қаржы мемлекеттік кәсіпорындарды дағдарыстан құтқарғанымен, жеке меншік секторға зиянын тигізді. Gavekal Dragonomics экономикалық консальтингтік фирмасының зерттеуші директоры Эндрю Батсонның сөзіне қарағанда, мемлекеттік кәсіпорындар елдегі несиенің 30 пайызын алса да, олардың өнімі ІЖӨ-нің 10 пайызына да жетпейтін көрінеді. Осы әдісті Қытай билігінің қайта-қайта қолдануы жекеше сектордың жағдайын әлсіретіп, олардың еңбек өнімділігін азайтқан екен.

«Көп елде нарықтық бәсекелестік еңбек өнімділігін арттыруға көмектеседі. Алайда, Қытайдың индустриялдық саясатқа құмарлығы Си Цзиньпиннің кезінде тіпті артып, осыдан 2 жыл бұрын «Made in China 2025» бағдарламасын қабылдады. Соның мақсаты ‒ оңтайлы несиелендіру, субсидия, салықтан босату жеңілдіктері арқылы аэроғарыш, робот жасау сияқты салаларды дамыту. Осының нәтижесінде Бейжің және жергілікті билік «зомби» корпорациялардың өмірін ұзартып, олардың жеке бизнес түрлерін ығыстыруына мүмкіндік беріп отыр», ‒ деп түйіндейді Bloomberg.

Қытайдың робот жасау, хай-тех саласына ден қойғанын басқа басылымдар да назар аударып отыр. The Guardian басылымы кейінгі жылдары тез дамыған Гуянг қаласын мұндай қадамның мысалы ретінде келтіреді. Бір кезде күйі кеткен шаһар қазіргі таңда «Дерекқордың алып алқабы» атанып отыр. Гуянгке алғашқылардың бірі болып электроника өндіретін Foxconn компаниясы келген-тұғын. Сарапшылар мұны үлкен толқынның басы деп есептейді. Ал Microsoft, Huawei, Hyundai Motor, Tencent, Qualcomm және Alibaba компанияларының Гуянгқа келуіне салық жеңілдігі, мемлекеттік қолдау және шығынның аздығы себеп болды. Бүгінде үндістандық Электроника кәсіби колледжімен келісім жасалып, 30 компаниядан құралған Қытай ‒ Британия деректер қоры технология дамуына кірісіп кетті. Сондай-ақ, бірнеше британдық университет Гуянгпен бірлесудің жолдарын зерделеп жатыр.

CNBC-ге сұхбат берген Ehang компаниясының директоры Дэррик Сионг Қытайдың «Кремний алқабын» қуып жетуге талпынатынын айтады. Оның пікірінше, «аспан асты елінде» стартаптардың дамуына қолайлы жағдай жасалған. «АҚШ нарығында адамдар көбіне негізгі технологиялармен жұмыс істеуге уақыт жұмсайды. Ал Қытайда қабылдану деңгейі мен бизнес үлгілеріне көңіл бөледі. Сондықтан, оның нәтижесі 5-6 жылда көрінеді. Меніңше, осы тұста Қытайдың үйренері көп» ‒ дейді Дэррик Сионг.

Ал The Economist журналы Қытайдың таяу арада жасанды интелект жөнінен АҚШ-тан озып кетуі ықтимал екенін жазады. Оның бірінші себебі ретінде Америкада жұмыс жасап жүрген тәжірибелі басшылардың Қытайға оралуын атап өтеді. «2016 жылдың қазанында Ақ үй Қытайдың жасанды интеллекттің бір саласы саналатын терең меңгеру туралы академиялық мақала жариялаудан Американы басып озғанын мәлімдеген-ді. Консалтингтік PwC 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің дамуы әлемдік ІЖӨ-ді 16 триллион долларға ұлғайтып, соның жартысына жуығы Қытайға тиесілі болатынын айтады. Кейінгі жылдары қытайлық зерттеушілердің жасанды интелектке қатысты патент алуы 200 пайызға өскен», ‒ деп келтіреді аталған басылым.

Сарапшылардың пайымдауынша, Жасанды интелектті дамытуға керекті есептеу күші мен капитал көлемі Қытайда өте көп. Мысалы, Alibaba мен Tencent сияқты алпауыт компаниялар дерекқор орталықтарын көптеп салып жатыр. Соның нәтижесінде бұлтты технология көлемі 30 пайызға артқан. Сонымен қатар, жасанды интеллектті дамытуға арналған қытайлық компаниялар 2012-2016 жылдары 2,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек алған.

Әр дәуірде Қытайдың ешкім білмейтін ішкі сырлары болған-тұғын. Бағзы дәуірде жібек пен оқ дәрінің құпиясын ашуға батыс барынша талпынды. Бүгінде шығыстағы көршіміздің экономикасының өркендеуі басты назарда тұр. Әйтсе де, «Қытай феноменінің» құпиясы қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Баспасөзге шолу жасаған Абай Асанкелдіұлы,

"Егемен Қазақстан".