Әлем • 31 Шілде, 2017

Қазақстанның тумасы АҚШ тарихында алғаш рет генетикалық модификацияланған адам ұрығын жасады

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Генетикалық модификацияланған адам ұрығын шығаруға деген алғашқы талпынысты АҚШ-тың Портленд қаласындағы (Орегон штаты) Шухрат Миталипов бастаған зерттеушілер тобы жасады,  деп хабарлайды америкалық MIT Technology Review журналы.

Қазақстанның тумасы АҚШ тарихында алғаш рет генетикалық модификацияланған адам ұрығын жасады

(Сурет Forbes.kz сайтынан алынды)

Ғылыми нәтижелермен таныс адамдардың айтуынша, зерттеу аясында үлкен көлемдегі бір жасушалы эмбриондардың ДНҚ-сы CRISPR деп аталатын генді редакциялау құралы арқылы өзгертілген.

Америка ғалымдары бұндай зерттеулерге үреймен қараған болатын. Себебі өзге елдердің тәжірибелері сәтсіздікке толы болды. Мысалы, Қытайдың зерттеу нәтижелері бойынша, күтілген өзгерістер эмбрионның тек бірнеше жасушасында ғана жүзеге асқан. Бұл «Мозаицизм» деп аталатын әдістің қауіпті екендігін көрсетті. Бірақ Миталипов пен оның әріптестері генді модификациялау кезіндегі қателіктерге жол бермеудің тәсілін ойлап тапты. CRISPR әдісінің қауіпсіздігі мен тиімділігі модификацияланған гендерді ұрықпен бірге енгізу кезінде дәлелденді.

Бұл сырт көзге молекулалық қайшы арқылы ДНҚ-ны кесіп алып, орнына басқасын орналастыруға ұқсайды. Артықшылығы – генді терапияға қарағанда бұл әдіс нақтырақ. Себебі генді терапия қолданған кезде өзгерістер қалаған жерде және қалаған күйде жүзеге аспауы мүмкін. Ал CRISPR әдісі арқылы гендер өзгерістен кейін тұрақтанып, келесі ұрпаққа беріледі.

Бұл әдіс сәбилерде көптеген тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Алайда, «дизайнер сәби»-лердің пайда болуы қауіп туғызады. Яғни мәселе ата-аналардың ауруды емдеуге емес, сәбиге қалаған қасиеттерді бергісі келуінде.

Үстіміздегі жылдың басында АҚШ-тағы Ұлттық ғылым академиясы мен ұлттық медицина академиясы баяндамасында гендердің модификациялануы тек күрделі аурулардың алдын алу мақсатында ғана қолданылуы тиіс деген болатын. Әзірге АҚШ-та эмбриондарды бірнеше күннен көп өсіруге және жатырға енгізуге рұқсат берілмеген.

Айта кетейік, Шухрат Миталипов, Орегон штатындағы Денсаулық және ғылым университетінің профессоры, Қазақстанның тумасы. Ол 2013 жылы науқастарға айрықша бағаналы жасуша жасау үшін клондау арқылы адам эмбриондарын жасап шығарды. Тағы бір айта кететін жайт, профессор Миталипов, адам эмбриондары мен аналық ұрықтарына тәжірибелер өткізуге рұқсат алған тұңғыш ғалым.


Айгүл ШЕРНИЯЗ

«Егемен Қазақстан»