Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

«Мектепке жол» қайырымдылықтан басталады

2160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін – «Мектепке жол» акциясы басталды. Он жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 300 мыңға жуық балаға әлеуметтік көмек көрсетілмек.

«Мектепке жол» қайырымдылықтан басталады

Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқын қорғау комитетi әдетте жаңа оқу жылының басталуына бiр ай қалғанда «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайы­рым­дылық акциясын өткiзедi. Биылғы акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін  «Менiң таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтедi. Екі ай бойы жүргізілетін ауқымды шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қараусыз қалған балаларды мектепке дайындап, қажетті құрал-жабдықтарын алып беру. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бі­лім және ғылым министрлігі Бала­лар­дың құқын қорғау комитеті төраға­сының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім жылдан жылға акция­ның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеу­шілер мен меценаттардың қатары артқанын жеткізді. Былтыр 320 мың балаға жалпы сомасы 2 млрд 468 млн теңгенің көмегі көрсе­тіліпті. Көмекке мұқтаж балалар­ға көмектесу жағынан Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе об­лыстары көш бастаған. Бұл өңiр­лерде 30 мыңнан астам бала «Мек­тепке жол» акциясына қатысып, мектепке қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіліпті. Ал акция аясында қаржы тарту жағынан Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары алдыңғы лектен көрінген. Әр өңір шамамен 500 млн теңгеден астам қаражат тартып, көмекке зәру жеткіншектерге мектеп құралдарын алып берген.

Мәншүк Әбдікәрімнің айтуынша, биылғы акция барысында оқушылардың жаппай мектепке баруына айрықша көңіл бөлінбек. Былтыр көрінген жерде түнеп, қараусыз қалған 280 бала анық­талған екен. Биыл осындай әлеу­меттік себепке байланысты сабақ­тан қалу жағдайларын болдыр­мау үшін рейдтік шаралар ұйым­дас­тырылатын болады. Тиісті мамандар пәтерлерді, саяжайларды аралап, ата-анасының бақылауынсыз қалған балаларды іздестіреді.

Әлбетте, балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. Жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп, сауап алғанға не жетсін?! Бірақ жылт еткен жақсылығын жұртқа жариялап, соның есебінен өзіне жарнама жасағысы келіп тұра­тын адамдар да жоқ емес. Был­тыр осы акция аясындағы қайырымдылығын жариялы түрде жасаймын деп, бала­лар мен ата-аналардың намысына тиіп кеткен оқиғалар болғаны есімізде. Осыдан сабақ алған ми­нистр­лік өкілдері енді қайырым­ды­­лық көмек ешқандай салтанатты түр­де немесе мектептегі сап түзеуде тап­сы­рылмау жөнінде өңірлерге нұсқау хат жолдапты.

Негізі, «Мектепке жол» акция­сына кез келген жағдайы жоқ отба­сылар қатысып, көмек ала алады. Ол үшін 8-7172-74-25-28 нөмірлі же­дел желіге хабарласуы керек. Ал әлеу­меттік ахуалы төмен отбасы­ларға көмектесемін деген ақ ниетті аза­маттар болса, 8-7172-74-21-40 теле­фонына хабарласып, қол ұшын бе­руге болады.

Брифингте еліміздегі мек­теп­тердің жаңа оқу жылына дайындық барысы, мектебі жоқ ауылдың балаларын орталықтарға тасымалдау мәселесі де айтылды. Министрліктің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Зейнеп Мақсұтованың мәліметінше, рес­публика бойынша биыл 369 мың бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылына мектептердің материалдық-техникалық базасы да, кадрлар құрамы да дайын. Бүгінде барлығы 325 мың педагог болса, 1 қыркүйекте 10 мыңға жуық жас маман мектептерге жұмысқа қабылданбақ.

Жалпы, биылғы 27 шілдедегі көрсеткіш бойынша, 46 мектеп жабылса, есесіне 16 жалпы білім беретін мекеме ашылған. Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 75 жаңа мектеп іске қосылады деп күтілуде.

Бүгінде 22 мың 278 оқушы автобуспен мектепке тасымалданады. Осы мақсатта 768 автобус дайын тұр екен. Оның 42 пайызы соңғы бес жылда жаңартылса, былтыр 23 жаңа автобус сатып алыныпты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»