Мақатаев-80
Қазақ поэзиясының өткен ғасырдағы алыптары жыл санап, ай санап азайып бара жатыр. Бірақ, олардың артында қалған өлмес мұра, өшпес үлгі жалғасын тауып, жылдармен жаңарып, ғасыр алмасқанда әр қырынан танылып жатыр. Бір замандары Мұқағали Мақатаев: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да», десе күнделігінде, ал жыр шумақтарында: «Мылқауға тіл бітіп, керең естіп, Жанар пайда болады соқырларға», дейді. Осы арада ойымызға Александр Пушкиннің: «Дабысым ұлы Ресейге кетер жалпақ, Тіл біткен жүрер менің атымды атап», деген екі жол өлеңі орала береді. Мұны жыр алыптарының көрегендігі, не болмаса, өздерінің ақындық қарымына сенгеннен кейін айтты десе де болатындай. Сирек таланттар табиғаттың күнә мен кінәдан таза етіп жаратқан төл перзенттері ғой. Сондықтан да олардың өмірін Алла мәңгілікке ұзартқан. Оған жоғарыда өз сөздерінен дәйек алған ұлылар мысал болса керек.
Шынында, ХХІ ғасыр Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевтың жұлдызы мәңгі жарқырай беретінін дәлелдеді. Қыранды қыран қиядан таниды деген ғой. «Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым, «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің, Әммесінен Қасымның десі басым», деп бағалаған Қасым ақын мен Мұқағалидың рухтас болуы, ендігі жерде ұлт мақтанышына айналуы заңдылық деп білеміз.
Таланттың талантын танып, ол туралы тап басып айта білудің өзі ақылы асқан адамның еншісінде болуы керек. Бұған бір дәлел сол, Мұқағали ақын туралы қазақтың қазіргі айтулы қаламгері, сөз зергері Әбіш Кекілбаев: «Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс... Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқағалиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді», дейді.
Осы сөздің айғағындай, биылғы жылдың бастауы Мұқағалидың 80 жылдығынан өріс алып, енді соның түйіні елордада қойылды.
Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және «Руханият» айының шеңберінде өткізілген Қазақстан халқы тілдерінің ХIII республикалық фестивалін қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының мұзбалағы» атты әдеби-танымдық кешпен қорытындылады. Оған Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкімет өкілдері, М.Мақатаев атындағы қор мүшелері, жыр жампозының замандас достары, ақын шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар, өлеңдеріне ән жазған сазгерлер, шығармаларын орындайтын белгілі әртістер қатысты. Сонымен қатар, Алматыдан арнайы келген жыр дүлдүлінің ұлы Жұлдыз Мақатаев, танымал ақындар Оразақын Асқар, Шөмішбай Сариев, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы, сазгер Бейбіт Дәлденбаев, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, әнші Еркін Нұржан, тағы басқалар болды.
Әдеби-танымдық кеш қазақстандықтарды біріктіретін негізгі фактор ретінде Тәуелсіздіктің басты белгісі әрі рухани байлығы болып табылатын ана тілімізді насихаттауға, оны мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге және тіл мәдениетін жетілдіруге ықпал етер ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Сол тілдің алтын діңгегі қазақ жырының бастауында жатқаны да анық.
«Жоқ! Өлмеймін! Правом жоқ өлуге, Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда», деп, өмірден озғанына жыл толмаған Қадыр Мырза Әлі айтқандай, өлең-жырды қадірлейтін, екінші өмірі ғасыр алмасқан сайын сан қырынан танылған ақынын Аспантауға теңеп, асқақтатқан жұрты тағы да Астана төрінде жұмылып кеп ол туралы ағынан жарылып, естеліктер айтты. Кіршіксіз тамшыдай өлеңдерін төгілдіріп, сөзіне жазылған әндерді орындады.
Кештің алғашқы сөзін Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед алып, қарғадайынан Мұқағали жырын жаттап өскенін, биыл жыл басынан бері Мұқағали жыры Қазақ елінің барлық өңірінде салтанат құрғанын, ақын сонау ғасырлардағы құдіретті алыптар поэзиясын ХХ ғасырда қайта жаңғыртқанын, ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғағанын, 100 жылдық рухтың үзілмей қаз-қалпында сақталуына өз үлесін қосқанын айтты. Сондай-ақ Абай, Мағжан, Мұқағали үлгісін тамылжыта баяндап, қазіргі қазақ поэзиясы жайында ой өрбітті.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Әкім Тарази өз буынының ішінде прозада Шерхан Мұртазаның, поэзияда Мұқағали Мақатаевтың жарқырап шыққанын тілге тиек ете келіп, Камал Смайылов досына Мұқағали жырларын оқығаннан кейін осы түптің түбінде ұлы ақын болады дегенін, Мұқағалидың алғаш мұражайы ашылғанда қазақ поэзиясының Хантәңірі сенсің деген пайымының қазір шындыққа айналғанын алға тартты. Тағдыр Мұқағалиға бәрін өзі жиып-теріп берген. Абай ұлы Алатау болса, Мұқағали соның бір шыңы. Қазақ деген халық бар жерде ол бірге жасай береді, деді. Ізбасар інісі болған Шөмішбай Сариев, ақын туған жерді көргеннен кейін Мұқағалидың осындай биікке көтерілмеуі мүмкін емес дей келіп, асқар таулар әлемін өз өлеңімен биіктеткен ұлы тұлғаға арнаған жыр жолдарын оқып берді.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртістері ақын жырын ерекше шабытпен жатқа айтып, бірінен-бірі асып түсіп жатты. «Пай-пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні. Тиясың-ау қуанышты, күлкіні. Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген – көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні! Болмағандай, жүрмегендей сенде біз, Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз. Ұрпақтарға береміз де кезекті, Біз кетеміз. Кету үшін келгенбіз. Мына күн де, мына аспан да, дала анау! Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау», деп ақын дауысы сахна төрінен естілді. Оны өнер жұлдыздары жалғастырып алып кетті. «Қандай рахат! Жүрейік, достар, күнде өстіп. Ренжу деген, Ренжу деген – білместік. Бауырларым-ау! Бәріміз қиын күн кештік, Арамызға біздің қай жақтан келді күндестік?!» деген жыр жолдары оның үнімен үндес шығып өмір сабақтастығын анық сездірді. «Қарасаңдаршы, қаншама достан айырылдық... Біріміз нағыз, Біріміз жалған қайғырдық... Тазалайықшы ынтымақ деген айдынды, Қалыпқа түспей тұрғанымызда маймылдық», деген тұсқа келгенде жиылған жұрт ойланып қалды.
«Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін, Оңбайсың сөз өнерін тежегенің! Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар, Бұл тірліктен бір күнде безер едім», деп ақын жыры асқақтап барып, «Дариға жүрекке» ұласқанда оның рухы тіпті шарықтап кетті. Әсіресе, ақын образын сомдаған Ж.Төлепбаевтың үнінен, кескін келбетінен Мұқағалидың бітімін көргендей боласың.
Ақын жыры әнмен ұштасты. Рамазан Стамғазиев Тұрсынжан Шапайдың «Аққулар қош болыңдар» әнін әуелетіп, «Қайран Қара сазым-ай» әнімен ұштастырып алып кетті. Серік Аяғанақын сөзіне жазылған «Ақмарал» әнін шырқаса, белгілі әнші Еркін Нұржанның орындауындағы «Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін» атты әнді жұртшылық жылы қабылдады. Серік Көшкінбаевтың «Бесік жыры» да әсерлі естілді.
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова «Фариза, Фаризажан», «Шеше, сен бақыттысың», «Жапырақ жүрек, жас қайың» әндерін орындап, жұртты бір серпілтіп тастады. Үш әнде де ана айбыны, ақылы, парасаты қозғалған.
Бір замандары Қасым Аманжолов: «Тәкәппарсың, дүние, Көп қорладың аз ұлтты» депті. Сол аз ұлттың бүгін бағы жанды, Тәуелсіз ел болды. «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» (А.Пушкин) деп ел үшін ерен еңбек еткен алты Алаштың арысына айналғандарды танып, біліп, абыройын асырып, мәртебесін көтеріп жатырмыз. Соның бір айғағы, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы дер едік. Туған күні алғашқылардың қатарында елордадағы Назарбаев Университетінде атап өтілсе, енді міне, Президенттік мәдениет орталығында Хантәңірден қанаттанып ұшып, бүкіл халқының мақтанышына айналған Мұқағали тойы Астанада қорытындыланды. Халқына жолдаған хатында ол: «Туған халқым, қатемді кешір менің. Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім. Егерде жырың болмай, ұрың болсам, Алақанға саласың несін мені. Жоқ! Менің жүрек емес төсімдегі, Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі. Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің, Әзірге тастаған жоқ есім мені, Уа, жұртым! Кешір мені! Кешір мені... Бәрін де бір өзіңе АМАНАТТАП, Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным», депті. Жұрты оның осылайша айтқан аманатын адал орындады. Бұл дәстүр алда жалғасын таба бермек.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Астана.