Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Франция - Қазақстан қатынасының негізгі 4 бағыты

1267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келген меймандардың әрбір алтыншысы Франция павильонын тамашалаған. Бұл туралы Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толуына орай өткізілген брифингте мәлімдеді.

Франция - Қазақстан қатынасының негізгі 4 бағыты

Баспасөз жиынында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары сөз болып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың нақты 4 бағыты бар. Ең әуелі, экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру қажет. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 3 миллиард еуроға жетіп отыр.

Франсис Етьеннің пікірінше, екінші бағыт – мәдени байланысты нығайту. Мәселен, жоғарғы оқу орындарының студенттерін алмастыру да күн тәртібінде тұр. Елші келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 650-дей қазақстандық студент Францияда білім алады. Келешекте олардың санын арттыру көзделген. Сондай-ақ, мәдени іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып тұруды жоспарлап отыр. Елші әншілер шақырар кезде қазақстандық аудиторияның сұранысына назар аударатынын мәлімдеді.

«Маусымда Патрисия Каас өнері көрсетіп кетті. Алдағы уақытта оны тағы шақырып отырмыз. Оған қоса, классикалық музыка орындайтын оркестрді Қазақстанға әкелу жоспарда бар», – деген Франсис Етьен Димаш Құдайбергеннің талантына разы екенін жеткізді.

Елшінің сөзіне сүйенсек, қарым-қатынастың үшінші бағыты – барлық деңгейде саяси диалог орнату. Осыған сәйкес, екі елдің басшылары, министрлер мен парламентшілер арасындағы екіжақты саяси диалог қарқынды дамып келеді. Үкіметаралық және ведомствоаралық консультациялар тұрақты ұйымдастырылады. Мәселен, биыл 7 қыркүйекте Астанада үкіметаралық комиссия өткізіледі.

Францияның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі павильоны арадағы байланыстың төртінші негізгі бағыты екенін хабарлады Франсис Етьен. Оның айтуынша, «үш жолақты ел» көрмесін білім беретіндей, тартымды, үлгі аларлықтай болуын назарда ұстаған. Соның нәтижесі шығар, көрме ашылғалы бері Франция павильонын 300 мыңнан астам мейман тамашалаған екен.

Жалпы Франция мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жоғарғы деңгейде. «Үш жолақты ел» Қазақстан тәуелсіздігін алғаш таныған Еуропа елдерінің қатарында. Сонымен қатар, Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі. Бүгінде екі ел арасындағы саудаайналымы да жоғарғы деңгейде. Атап айтар болсақ, уран өндірісі, темір жол локомотивтері, титан құймалары, мұнай, цемент, фармацевтика, сумен қамтамасыз ету және агро-индустрия салаларында қарқынды байланыс орнатылған. Ресми мәліметке сүйенсек, Франция Қазақстанға 13,6 миллиард еуро қаржы құйған екен.