13 Қазан, 2011

“Мемлекеттік тілде сөйлеуді әдетке айналдырайық»

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт жастарының «Тілі бірдің – тілегі бір»  республикалық форумында осындай ұсыныс айтылды Жастардың бұл форумы Қос­танайда өтіп жататын көп ке­ңес­тен өзгерек болды. Олай дейтініміз, облыс орталығында әдетте күнде жиын болса да, мәжілістің таза мемлекеттік тілде өтуі өте сирек, тіпті жоқтың қасы. Содан ба екен, мемлекеттік тілді еркін мең­гер­ген өзге ұлт жастары фо­ру­мы­ның қазақ тілінде өтуі То­был бо­йы­нан бір самал леп есіп, тыныс ашылған­дай әсер берді. Форумға келген­дердің арасында барша ұлт­тың өкілі бар – қазақ та, орыс та, өз­бек пен түрік, неміс пен украин, корей де отыр. Бір уысқа жина­ған даланың алуан гүліндей, жас­тық­тың көркі өз алдына! Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Сергей Кулагиннің жастарға құт­тықтау сәлемін Тіл комитеті нор­мативтік-лингвистикалық жұ­мыс­тар басқармасының бастығы С.Сә­лемов пен облыс әкімінің орынбасары С.Бектұрғанов жеткізді. Форумға Парламент депу­тат­тары Ольга Киколенко мен Хұсайын Уәлиев келді. – Қазақ елінің мемлекет бо­лып сақталып қалуының өзі тіл­дің арқасы. Жастар, сіздер қазақ тілін білу арқылы тарихы терең­нен тартылатын, мәдениеті мен салт-дәстүрі бай қазақ әлеміне ендіңіздер. Бұл сіздер үшін зор рухани байлық,–деді сенатор. Мұнан кейін сөз алған Ал­ма­ты қаласы түрік этномәдени ор­талығының төрағасы, Қазақ­стан халқы Ассамблеяның мү­ше­­сі Қазақбай Қасымов Қазақ­­стан­ның патриотымын деген әр ұлыс­тың өкілі Отанға деген сүйіс­пен­шілі­гін мемлекеттік тілден бас­тауы ке­ректігін айтты. Ал қа­зақ­ша сөй­легенде тілінің мүкісі жоқ жас­тар­дың өзі мінберге кө­те­ріліп, мемлекеттік тілдің қадамын ашу мә­се­­лелерін қозғағанда, қа­зақ тілі бо­лашағының көкжиегі көрін­ген­дей көңіл масайрады. Қы­зыл­ор­да­дан келген Елена Рыбина қазақ тілі­нің нәрімен сусындаған жас екен. – Қобыздың тілін игерген Қор­қыттың, жырдың тілін игерген Жиен­байдың, асыл тастың тілін игерген Шаһмарданның, ақ күріш­тің тілін игерген Ыбы­рай­дың елінен келіп тұрмын, – деп сұлу сөзді төгілтіп бастаған Елена заман­дас­тарына мемлекеттік тілді игеру парыздан бұрын міндет екенін ескертті. – Демо­кра­тияның отаны бо­лып саналатын Еуропа елдері­нің қайсысына бар­саң да сол елдің мемлекеттік тілін игермей, қолың бірнәрсеге жетуі мүмкін емес. Бұл өмірдің заңды факторына айна­л­ған. Бізде де солай болуы керек. Тілдік ортасы кең Сыр елінде Лена қазақ тілін бала кезден сөй­леп өсіпті. Соның арқасында өзі орыс мектебінде оқып, химия сала­сы­ның маманы бола тұрып, өзі сүйетін қызметті қазақ тілін жетік білетіндігінің арқасында тауыпты. Қазір ол облыстағы «Қо­ғам-тв» жер­гілікті телеарна­сын­да диктор бо­лып қызмет істейді. Ол жур­на­лис­терге берген сұхбатында «басқа ұлттың өкіл­дері қазақ тілін қа­жет­тілік бол­ған соң үйренеді, ал қа­зақ­тарға ана тілін білмеу ұят қой енді» деп намысты да бір жанып өтті. Форумда қазақ тілінде еркін сөй­леп қана қоймай, жақсы ой айт­қан­ның бірі Қостанай облы­сы­ның Руд­ный қаласындағы Индустрия кол­леджі­нің мұғалімі Евгений Дадаров болды. Евге­ний­дің қазақ тілін ер­кін мең­герген өзге заман­дас­тары­нан айыр­­­машылығы – ол тілдік ор­тасы жоқ Рудный қа­ла­сында мемлекеттік тіл­ді өзінің еңбек­қор­лығы мен ниеті­нің арқа­сын­да үйренді. Өзі алдына мақсат қо­йып, күніне 100-130-ға дейін сөз жаттап, қазақ достарымен ара­ла­­сып жүріп, Руд­ный индустрия институтындағы қа­зақ топта­ры­на техникалық пәннен сабақ өт­кізе ала­тын дәрежеге жетті. Қа­зақ тіліндегі ба­сылымдарды жаз­дырып алып оқи­тынын да айтып жатты журналистерге. – Тіл үйренуге жағдай жоқ деген – бос сөз. Арнайы курстар бар, сөздіктер, әдебиеттер, кө­мек­ші құ­рал­дар жетеді. Тек ниет пен ең­бек керек. Сондықтан тіл үйрен­гің келсе алдыңа мақсат қой да, істі бүгін­нен бастап кет, деді Евгений фо­рум­ға жиналған жұрт ал­дында. Тілдік ортасы жұтаң Руд­ный­да тек өзінің еңбегімен ғана таза сөй­лей­тін дәрежеге жеткен Евгений Дадаровтың жеткен биігін еліміздегі мемлекеттік тіл сая­са­ты мен ол үшін жүргізіліп жат­қан жұ­мыс­тар­дың жарқын нәти­жесі деп ай­ту­ға болады. Осыдан 20 жыл бұ­рын қазақтары қала хал­қының екі па­йы­зын ғана құ­райтын Рудныйда бү­­гін­де қа­зақ мектебінің саны үшеу­­­ге жетті. Ал облыста тәуел­сіз­дік жыл­да­ры он екі мектеп са­лын­са, соның барлығы да білімді мемлекеттік тілде беретін білім ошақ­тары! Қа­зір қазақ бала­бақ­шалары­ның саны да көбейіп келеді. Об­лыс­­та­ғы қа­зақ балабақ­ша­лары мен қазақ мек­тептерінде оқи­тын өзге ұлт ба­л­а­ларының саны мыңнан асады. Мемлекеттік тіл саясатын жү­­зеге асыруда белсенділік та­ны­­тып жүрген жастарды марапаттау кезінде Алматы қаласы­нан келген Анна Данченко өзінің қазақ тілінде жазған өлеңін оқып берді. Ба­лау­са өлеңнен туған жер­ге, Отан­ға, тілге деген ал­бырт жастың ап­пақ жүрегі атой­лайды. Форумға қа­ты­су­шылар еліміздің барлық жас­­­тарына үндеу қабылдады. Онда «Біз, жастар форумына қаты­су­шылар, қанымыз қазақ болмаса да, туған жеріміз Қазақстан бол­ған­­дықтан және осы елдің аза­мат­тары ретінде мемлекеттік тілді қас­тер­леу­ге, оның күш-қуатын арт­ты­ра беруге шақырамыз!» делінген. Түстен кейін жастарды облыс әкімі Сергей Кулагин қабыл­да­ды. Жастар форум аясында Қос­та­най­дың көрікті жерлерін көр­ді, орталық алаңда «Мемлекеттік тілді насихаттаудың қазіргі за­манғы нысандары» шеберлік сыныптарын, «Өзіңнен баста» ак­ция­сын өткізді, форум деле­гат­тары қатысқан концертті тама­шалады. Республикада осымен үшінші рет өтіп отырған форумнан жас­тар­­дың тілге деген қызығу­шы­лы­ғы, түсіністігі, жақсы ниеті­нің бар­лығы байқалды. Мінберден «Мем­лекеттік тілде сөйлеуді сәнге ай­нал­дырайық!» деген ұсы­ныс та айтылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.