Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Алматы әкімі қаланың жол инфрақұрылымын қайта жасаудың барысын тексерді

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың жол инфрақұрылымын салу мен қайта жасаудың барысын тексерді. Биылғы жылы қалада 146 км жол жөнделіп, 97 мың м2 тротуарлар абаттандырылады. BRT мен ұзындығы 21 км болатын Орбитадан Көкбазарға дейінгі аумақты қамтитын велодәліз құрылысы жүріп жатыр.

Алматы әкімі қаланың жол инфрақұрылымын қайта жасаудың барысын тексерді

Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында ұзындығы 3,6 км болатын Әуезов көшесі бойымен Тимирязев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі аумақтарды жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бұл учаскелердегі жөндеу жұмыстары 12 тамызда аяқталады деп жоспарланған.

Автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша Желтоқсан көшесі бойымен Тимирязев көшесінен Төле би көшесіне дейін ұзындығы 2,3 км болатын, сонымен қатар Төле биден Райымбек даңғылына дейін ұзындығы 2,081 км болатын көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Алматы әкімі Өтепов көшесі бойымен Розыбакиев көшесінен Атакент көрмесіне дейінгі көшелерді жөндеудің сапасын да тексерді. Аталған нысанда трамвай рельстері алынып, асфальтобетон төселген, жаңа велосипед аймағы пайда болған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша бұл учаскеге он күн ішінде жол белгілері жасалатын болады.

Қала басшысы жұмыс сапары аясында Торайғыров және Каблуков көшелерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстармен танысты. Алматы әкімі жол инфрақұрылымын салу мен қайта жасауда жаяу жүргінші аймақтарына жете назар аудару қажеттігін қадап тұрып айтты.

Атап өтерлік жайт, жыл аяғына дейін 102 өтпелі жол қайта жасалады және түнде оларға жарық беріледі. Автобустар мен троллейбустар жолақтары 100 километрге жетеді. Ақылы көлік тұрағының санын 10 мың орынға жеткізу жопарланған. Ал, 1700 велосипеді бар велобекеттер саны 200 дейін жететін болады.

Сонымен қатар, Фурманов, Абай, Хмельницкий көшелерін үңгілеу және бірнеше жолайрықтарын салу жұмыстары да жалғасуда. Жыл аяғына дейін 500 алматылық аулаларды жөндеу және қайта жасау жоспарланған. Бұлардан өзге жаяу жүргіншіге басымдық беру үшін қайта жаңарған Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңына кеспе тас төсеу, жасыл желектер отырғызу, кіші архитектуралық формаларды орнату, спортинвентарьларын, балалар алаңдарын жасау, веложолдарды абаттандыру, ғимараттардың сыртқы көрінісін жаңарту жұмыстары жоспарланған.