15 Тамыз, 2017

Қаздауысты Қазыбек би: тұлға және мемлекет

11717 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

ХVІІ ғасырдың екінші – ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ елінің бағына ақыл іздегенде табатын нысанасы, ар-абыройының арашасы, жауға алдырмас қорғаны бір топ асылзада азаматтар дүниеге келді. Солардың ішінде Қазақ мемлекетінің ішкі билігіне де, сыртқы саясатына да өлшеусіз еңбек сіңірген Қаздауысты Қазы­бек би бар.

Қаздауысты Қазыбек би:  тұлға және мемлекет

Қазақтың жауынгер ханы Сал­қам Жәңгір 1652 жылы өлген соң, дағ­дарысқа түскен қазақ мемлекетін қай­та құ­­рап, оның саяси институттары мен дәс­түр­лі қоғамдық жүйесін қайта жаңғырту оңай болмаған. Қаздауысты Қазыбек осы бір ауыр кезеңде атқа мінген тұлға және ол заманның ахуалын түсіну оңай емес. Бұл жағынан бізге қазақ арасында сақталған ба­бамызға қатысты аңыздар мен жырлар жақсы жолбасшы болады.

Өкінішке қарай, осы күнге дейін ХVII- ХVII ғасырлардағы қазақтың тарихы мен осы тарихты жасаған елеулі тұлғалары туралы тұщымды ғылыми еңбектер аз. Қолда бардың көпшілігі көркем әдебиет түрінде, не көлемді публицистика деңгейінде жазылған мақалалар мен кітаптар. Кәсіби тарихшылар мен ғалым-заңгерлердің қолы­нан шыққан дәстүрлі Қазақ мемлекеті мен оның құқықтық негіздері туралы еңбек­тер сирек. Осыған байланысты олқы­лық­тың орнын толтыру мақсатында біз Қаз­дауысты Қазыбектің өмірі мен қай­рат­керлік қызметіне арналған бірнеше этюд­ты оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

«Қонтәжіге барғаның, 
он сегізде сол күнде»
Қазақ арасындағы әртүрлі әңгімелерде Қазыбек алғашқы елшілікке 13-14 жасында барған екен деген сөз бар. Шын мәнінде қызы Маңқанның жоқтауында көр­сетілгендей он сегіз жасында барған. Со­нымен бірге, Қазыбек әкесі Келдібектің жа­нында әз Тәуке хан ордасында жүріп дипломатиялық жұмыстарға дайындалған деуге болады. 

1681-1683 жылдары Жоңғариядан аттанған Қоңтәжінің немере інісі Сыбан Рабтан басқарған қалмақтың ірі әскері қазақтың оңтүстік бөлігін шапты, Ташкент-Түркістан маңындағы көрнекті қалалардың көбі қалмақ қолына өтті. Бұл оқиға қазақ шежіресінде «Сауран айналған» деген атпен белгілі. Қазақ қалаларының ішінде ең көп қарсылық көрсеткені де, қирағаны да Сайрам қаласы болды. Осы жолғы шабуылдың кезінде тек қалалар ғана емес, оның маңындағы көшпелі елден де жау қолына түскендер болды. Сыбан Рабтан қазақты Жетісуға қарай кері қуып, оның ішінен таңдап мың үйді Қаратал өзені, Іле бойында отырған Қоңтәжіге сыйлыққа тартты делінеді. 

Қазақ шежіресі бұл жағдайды былайша түсіндіреді: «Бір жылдары қалмақ ханы Қоңтәжі қазақтың малын, малымен қоса ұлы мен қызын әкетеді. Ел «қызымызды күң, ұлымызды құл қылып отыра алмаймыз» деп соғысқа дайындалады. Сонда Тәуке хан «Алдымен елші жіберейік, жүз кісіні бастап қаракесек Келдібек қал­мақ­­тың ордасына барсын», дейді. Кел­ді­бектің шау тартып қалған кезі болса керек, өзімнің орныма балаларымның бірін жі­бе­р­ейін деп рұқсат сұрапты». Бұдан әрі қа­рай шежіреші ауыз әдебиетінің сүйікті қа­­һарманы Телқоңыр деген тайды әңгімеге қосады, ұлы Қазыбекті соған мінгізіп, Тәукенің ордасы Түркістанға жібереді: 
«Тәуке ханның көзі ең алдымен кермеде тұрған осы Телқоңыр тайға түсіпті дейді. Ауыздығын қарш-қарш шайнап, бусанып, елеңдеп тұр екен. Содан кейін барып сәлем беріп жанына келген Қазыбектен:
– Сен басшы болғың келе ме, жоқ қосшы болғың келе ме? – деп сұрапты. 
– Мен ауылда жүргенде балалардың бас­шысы едім, енді ағаларымның атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құ­нан бәйгесін көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім, – дегенде Тәуке қарқ-қарқ күліп: 
– Жарайды, балам, жарайды, барсаң бар. Тайың да жақсы екен, өзің де жақсы екенсің! – дейді».

Сонымен Тәуке хан: – Жат елдің алдында жақсы елдің баласы құсап тұрың­дар. Қалмақтың ханы Қоңтәжі тасып жүр­ген хан еді! Қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шеше­тін шешен болу қымбат. Елдестірмек ел­ші­ден, жауластырмақ жаушыдан. Ел­де­се алмай жауласа кетсек, сендердің шебер­сіз­­діктеріңнен болады. Жауды алмас қы­лышпен де көндіруге болады, өткір сөзбен де көндіруге болады, мылтықпен дәлдеп атып жығуға да болады, сөзбен дәлдеп айтып жығуға да болады. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек, – деп елшілікті шығарып салады.

Елшілер біраз қиыншылықтарды бастан кешіп, сұрастыра келе Тарбағатай тауының таң жағында, Алтай тауының оң жағында отырған хан ордасына барып жетеді. Ертеңінде қалмақтың ыңғайлы атқа мінгендей, ықшам киім кигендей жігіттері келіп: «Сөзге дәмелің қалмаңдар», деп шақырып келеді. Қазыбек те аттың ішінде қалмай, жігіттермен бірге хан ордасына кіріп келеді. Сонда хан тұрып ашулы жүзбен, түсін суытып, мұртын тікірейтіп:
– Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатыңдарың болса, айтыңдар, – депті. Бұлардың басшысы Тайкелтір би асып айтпайтын кісі екен, «ә» дегеннен шарқыл­дас­ып, шаңқылдасып қайтеміз деген кісіше:
Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық,
Бермесең қалдық.
Сөзді өзіңе салдық! – деп үш-төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай берді. Сонда асып тұрған тәкаппар Қоңтәжі хан Тайкелтірдің төмендеп сөйлеген сөзіне мерейі үстем болып:
– Олай болса, кешке шейін бір жауап қайтарармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тонның амандығында елді тапқан да теріс болмас, – депті. Сөйтіп, Тайкелтір үш-төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай беріп еді, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастады. Үзілген сөзді жалғап қазақ жағынан ешкім ештеңе дей алмайды. Қазақ-қалмақ таразыға бір түскендей болды. Қазақ елшілері тығырыққа тығылғандай болып қалды. Сонда Қазыбек есік жақта өзінің нөкер жігітінің жанында еркелегендей болып отыр еді, айнала бір қарап, ешкім ештеңе демеген соң, орнынан атып тұрып, өздерінің басшысы хан Бертіске жетіп барды.
– Ерден ердің несі артық.
Ептестірген сөзі артық.
Малдан – малдың несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден – жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден,
Шегінген жігіттен,
Өлген аюдың өті артық, – дейді. Содан кейін Қоңтәжіге жетіп келіп, қарсы тұра қа­лып:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – деді. Сонда хан: «Ой, өзің жөніңді айтшы, атың кім?» – депті. 
Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек, хал­қым – қазақ, руым – Қаракесек, – депті.
– Дауысың қаздың дауысындай қаңқ­ыл­дап тұр екен, ал датыңды айтшы! –  депті хан. Міне, осы тұсқа дейін аңыз елшіліктің әң­гімесін әжептәуір шынайы баяндайды. Бірақ әрі қарай «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп басталатын Қазыбектің 1743 жылы Қалдан Серенге айтқан сөзін мәтінге салып жібереді. 

Шын мәнінде Қазыбектің айтқан сөзі:
Ордың Жалғыз ағашына таңба 
салғыз­дың,
О да сенің өнерің-ді.
Мұғалжардан тас алғыздың,
О да сенің өнерің-ді.
Ертістен темекі тартып, ат суарттың,
О да сенің өнерің-ді.
Айналада алты хан бар еді,
Өзіңнен артық кім бар еді?
Қатты қарғысың болса,
Қайырлы жарылғасының бар еді,
Сол жарылғасыныңнан үміт 
қылып келдік!

Cонда Қонтәжі жас жігіттің сөзіне таң қалып, сүйсініп:

– Өзің сөзге келетін бала болсаң, отыр­ған орның қандай төмен еді, былай жо­ғары шықшы, жоғары, – деп қолтығын аша беріпті. Сонда Қазыбек: «Біздің қа­зақ­тың әдетінде жасына қарай отырып, жа­ғына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбе­де отырғаныммен бірдей», деп жалт бұрылып, орнына қайта барып отырады.

– Мен хан болғалы, басыма бақыт қонғалы ешбір адамға тізе беріп көрген жоқ едім, жығылғанымды білдіріп, сіздерге біраз сый қылайын, – деп бұлардың басшы адамының әрқайсысына бір тоғыздан сый беріпті. Қазыбекке қарап:

– Жаным, Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе ме­нің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан, саған екі түрлі белгі бе­р­е­мін. Біреуі – сенің дауысың қаз­дың дауысын­дай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай «Қазд­ау­ысты Қазыбек» болсын; екінші – «қос то­ғыз жүлдені» саған арнап байладым, бұдан бы­лай сен екі сыбағалы бол! – депті. 
Олай болса бабамыздың «Қаз» атағын алу­ы 1684 жылдан басталады деп жорамалдай аламыз. 

Қаз сөзінің мағынасы
Біз көп заман Қазыбектің «Қаздауысты» атануы Қоңтайшының «сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады» деуінен басталады деп жүрміз. Бұл өте қате пікір, ауыз әдебиеті мәтіндерін сын­нан өткізбей қабылдауға үйреніп алған­ның, халықтық қарапайым түсі­ніктерден шық­пағанымыздың нәти­жесі. Түркі-мұң­ғыл көшпелілерінің қоғамдық өмірі демок­ра­тиялық тәртіпке негізделгені белгілі. Бұл елдердің ішінде байы мен кедейі, сұл­таны мен қарашасы болғанымен, олар­дың қарым-қатынасын әлеу­меттік қай­шылық, қанаушылық мағы­на­сында түсіну мүмкін емес. Қоғамды ұстап тұрған ұлы күш – туыстық, рулардың бәрі де бір-бірімен ағайынды, бірі үлкен, бірі кіші. Осы ортада хандардың билігі де шектеулі болуы заңды, олардың барлық күші ру көсемдерінің ниетіне, ықыласына қарай өлшенеді. Ел қолдаса күшті, жаугершілік болса тізгін қолда. Ел көңілінен шықпаса биліктен қалыс. Сол себептен қазақтың да, қалмақтың да қалың ортасында мемле­кет пен қоғам өмірінің маңызды деген мәселелері бүкіл ел басшылары мен қарулы азаматтар қатысқан жиында шешіледі. Осы ұлы нөпір жиынды «Қаз» деп атайды. Оның өткізілу салты да, шешетін мәселесі Күлтөбедегі «Жеті жарғының» отырыстарынан, хан сарайында, астарда өтетін әртүрлі кеңестерден (тоғанақ кеңес, тұрымтай кеңес, т.б.) бөлек. 
«Қаз» дегеніміз – жалпы жауынгер жасақтың мәжілісі, жиыны. Көшпелілердің тәртібі бойынша мұндай жиынға астында аты, қолында бес қаруы жоқ адам қатыса алмайды. Көшпелі қоғамда ондай адамды өзгелер өзіне және тең санамайды. Мәселен, бір жерден қыз айттырамын десе де, алдымен әлеумет шаруасына қатысы бар ма, соған қарайды. Қазға адам көп жина­лады, оның шешімдері де дауыстың басым­ды­лығымен шешіледі. Дау болып ел екіге жа­рыл­са қай жағының дауысы басым, сол жеңеді. Міне, осындай жерде би-шешеннің шеберлігі, дауысының күштілігі жарысқа түседі. Бүкіл қазақтың жиынын меңгеріп кету оңай емес. Қазда мемлекеттің сыртқы саясаты, хан мұрагерлігі, жер иелігі мен ел билігі сияқты жалпы халықтық мәселелер талқыланады, сол себептен Бұқар жырау Абылай ханды тоқтатқысы келсе : 
Ашуланба, Абылай, 
Ашулансаң, Абылай 
Көтерермін, көрермін
Көтеріп қазға салармын, – дейді.

Қай мәселені қазға салу халықтық жиындарда ірі мемлекет қайраткерлерінің, ру басы көсемдерінің қолдауымен шешіледі. Егер осы ұсыныстарды қаз қолдаса, онда бүкіл ел қырылып-жойылса да сол шешімді орындайды.

Қазақ идеясының негізі болған «қаз» ұғымы Еуразия халықтарының көне тарихына бастайды. Кавказ таулы өңірін мекендеген осетин және кабардин халықтарының нарт аталатын эпикалық жырларында «Тот на хасе быть достоин, Кто мечом разрушил горы, Кто познал просторы мира, Кто прошел моря и сушу, Закаляя душу в битвах», деген қазға арналған жарқын шумақтар бар.

Бұл жерде «қаз» (хаса) ең атақты жауын­герлердің кеңесі, қазіргі тілмен айтсақ, парламент дегенді білдіреді. Эпос қазға тек әскери сыннан өткен, жаугер­ші­лікте шыңдалған азаматтар ғана қа­тыса алады дейді. Кап тауындағы кабарда, балқар, қарашай халықтарында ел жақсыларының жиынын әлі күнге «қаз» (хаса) атайды. Қазіргі зерттеушілердің пікірінше «Хасэ, как и столетия назад, является представительным органом власти народа, полномочным парламентом суверенного государства. На Хасэ периодически принимались решения, очень важные для общества».

«Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды...»
Қаздауысты Қазыбектің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі тақ­қан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз» деп басталатын толғауы 78 жасында, 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылайды босатуға барғанда айтылады. Бұл ондаған жылдарға қазақ пен қалмақтың жаугершілігін ауыздықтаған кездесу болды.

«Берсең жөндеп бітіміңді айт, Бермесең діріл­демей жөніңді айт. Не тұрысатын же­рің­ді айт!» деген сөзді бір жағынан, өмір­ден көргені мен түйгені, ақылы мен ай­ласы жарасқан адам, екінші жағынан өзіне, мемлекетіне, оның күшіне сенетін адам айтады. Бұл кезеңде дүрбен-ойрат шүр­шіт-маньчжур шабуылының өтінде болды. Қалдан Серен халха-моңғолды дүрбен-ойратқа енді қайта қосып алмайтынына көзі жетті. Қазақтар болса «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» есін жинап алды, қазақ саудасы бір жағы ескілікті Мәуреннахрмен, Түркістанмен жүрсе, екінші жағынан Ресейдің шекаралық алқаптарынан өзіне жаңа сауда көздерін тапты. Ендеше экономикалық жағынан қазақ қайта күш жинай бастады деген сөз. Осының бәрін ескерген Қалдан Серен Әбілпейізді аманатқа алып қалып, Абы­­лайды босатты, оған Ресей мен Қы­тай­ға төтеп беру үшін өзімен жау емес, әскери одақтас халық керек еді. Бұдан әрі Әбілпейіз өзінің бала-шағасымен, баққан малымен қалмақ арасында екі елдің одақ­тастығының кепілі болып жүрмек. Абылай сұлтан болса зор құрметпен елге оралды. 

Шешімін күткен мәселелер

Қазақ халқының мемлекет және билік тарихын зерделеу мен түсінудің бір жолы – билер институтына назар аудару. Оны қаперден шығарып алған зерттеуші қанша жерден күш салса да біздің өткен тарихымыздан мемлекет деген ұлы құрылымды тани алмайды. Ұлт тарихнамасының осал жері де осы. Қанша жерден әдемі баян­далған, көлемі мол еңбек болса да оның ішінде мемлекет пен дәстүрлі билік­тің ұйытқысы болған билер институты көр­се­тілмесе, ол еңбектің бір жағы ойсырап тұ­рады. Біз ру-тайпа мәселесі дегенде бір­ден трайбализм деп басымызды ала қаш­пай, олардың Қазақ хандығының әкім­ші­лік-территориялық құрылымын түзетін бір­ліктер екенін ұмытпауымыз керек. Осы бірліктерді басқарып және қарым-қа­ты­настарын реттеп тұратын тетік – билер институты.

Әрине, дәстүрлі қазақ мемлекеттілігінің жоғары саяси институттары бар, олар бір орта­лыққа бағынуды қамтамасыз ететін хан билігі, орда, аталықтар, төлеңгіт­тер. Бірақ олар айсбергтің жоғарғы жағы сияқты, негізгі ауыр бөлігі ру-тайпа­лық құр­ылымдар судың астынан аса көрін­бейді. Тек хандық билік әлсіреген уа­қыт­та, не жаугершілік күшейгенде, яғ­ни саяси дағдарыстар кезінде ру-тайпа бас­шы­лар­ының жауаптылықты өздері ала бас­та­ғанын көреміз.

Әсіресе, екі ғасырдың жапсарында (ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ.) бір жағы Жібек жолы бойындағы үлкен сауданың тоқтауына, екін­шіден, қалалық өңірдің дағдарысына, жаугершіліктің күшеюіне байланысты тағдыры тәлкекке түсіп тұрған қазақ елінің билерге үлкен үміт артқаны байқалады. Бұл кезеңде «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіп, жаңа заң жобасын жасап, оны әз Тәуке хан билеген қазақ мемлекетінің құқықтық тұғыры есебінде өмірге кіргізген Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ұлы билер­дің орны бөлек. Бұл аталған билер әз Тәу­ке хан заманында пайда болған жоғары кон­ституциялық кеңес «Жеті Жарғының» құрамында болды. Олар Орталық Азия ерте заманнан мекендеген ұлыстардың заң ережелерінің негізінде «Жеті Жарғыны» қалыптастырды. Сонымен бірге қазақтың ұлы билері сыртқы саясатқа да белсене қатысып, Еуразия құрлығының кіндік өлкесін мекендеген қазақты жан-жағынан анталаған жауларынан қорғаштады. Қазақ-қалмақ, қазақ-қытай, қазақ-орыс ара­сын­дағы қарым-қатынастардың ХVІІІ ғасырда біздің елдің пайдасына шешілуі даңқты билердің тек қана мәмілегер ретінде ғана емес, сонымен бірге ру-тайпалық жүйенің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып халықты ауыр кезеңде сақтай білуінде дер едік.

Тарих және тұлға туралы қалам тартқан ба­тыс­тық ұлы ғалым К.Ясперс. Біздің тақы­ры­бымыздың контексінде оның заман жә­не тұлғаға қатыстылығы бар келесі бір пікі­ріне назар аударуға болар еді: «Тарих – тұрақты және табанды қимыл, жекелеген адамдардың алға жасаған қадамдары. Олар өзгелерді өздерінің соңынан еруге шақырады. Оларды естігендер және тү­сін­гендер бұл қозғалысқа қосылады. Алай­да, сонымен бірге тарих текке айтыл­ған, ешкім соңынан ермейтін, ешкім құлақ қой­майтын ұрандардың, көп туындайтын тарихи оқиғалардың жай ғана жиынтығы болып қала береді».

К.Ясперс тарихты түсінуге мүмкіндік беретін адамзаттың рухани мәдениетінің шарықтауы іске асқан белдік уақыттың бастауын жеке тұлғалардың қайраткерлігімен бай­­ланыстырады. Бұл біздің қазақ шежі­ресі персонофикацияланған, яғни жеке тұл­­ғаларға байланған тарих деген анық­та­ма­мызбен өте сәйкес келеді. Осы тұрғыдан қазақ мемлекетшілдігінің сынға түскен, замана сынына төтеп берген және санада өшпес үлгі қалдырған Қаздауысты Қазыбек дәуірін ерекше атауға болады. 

Жамбыл Артықбаев, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор