Қазақстан • 15 Тамыз, 2017

Мемлекеттік басқару академиясына оқу түсу тәртібі өзгертілді

875 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдауға қойылатын талаптар түбегейлі өзгерді. Енді үміткерлер үш кезеңнен тұратын жаңа жүйе бойынша емтихан тапсырады.

Мемлекеттік басқару академиясына оқу түсу тәртібі өзгертілді

Академияның оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры Әлтаир Ахметовтің пікірінше, үміткерге қойылатын талаптар қазіргі заман ағымына лайық жетілдірілген. Ол мұндай жүйені «Назарбаев университетінен» кейін екінші болып қабылдап отырған Мемлекеттік басқару академиясы екенін айтады.

«Жаңа жүйе арқылы білім алуға ынталы мемлекеттік қызметкерді таңдауға мүмкіндік мол. Қазіргі қабылдау емтиханы тікелей үміткермен жұмыс істеуге, оның қарым-қабілетін бағамдауға өте қолайды», – дейді Әлтаир Ахметов.

Мемлекеттік басқару академиясындағы білім жүйесі де, бағалау да айтарлықтай өзгертілген. Оқу жылы барысында студенттер шетелге барып, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің тәжірибесін үйреніп қайтады. Сондай-ақ, олардың еңбектерін бағалау түрлі деңгейлермен жүргізіледі. Әлтаир Ахметов айтуынша, жаңа жүйе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасының 15-қадамын жүзеге асыру бойынша жасалып жатыр.

Академияға оқуға түсу үшін үміткер үш кезеңнен өтеді. Ең әуелі қажетті құжаттарымен бірге екі шығарма қосып тапсырады. Бірінде ынталандыру жөнінде эссе жазса, келесі шығарманың тақырыбы мамандыққа байланысты. Осы арқылы үміткердің талдамалық және сыни ойлау қабілеті анықталады. Шығармаларды екі сарапшы бағалайды екен. Оларға тексерілетін шығарманың авторы және бір-бірі туралы ақпарат берілмейді. Алда-жалда екі сарапшының бағалауындағы айырмашылық өте үлкен болса, шығарманы үшінші сарапшы тексеретін көрінеді. Қорытынды нәтиже содан кейін шығады. Ал шығарма жазуға керекті ақпараттың бәрі Академия сайтында тұр.

Екінші кезеңде үміткердің ағылшын тілін білу деңгейі анықталады. Әлтаир Ахметов қазақ тілі мен орыс тілі күнделікті қолданыста екенін, сондықтан әлемдік тіл – ағылшын тілі таңдалғанын айтады. Бұл кезеңде APTIS тіл бағалау жүйесі таңдалған. Тесті өткізу құзыреті толықтай British Council-ға сеніп тапсырылыпты. Компьютер арқылы жүргізілетін бұл емтиханның қорытындысы Лондонға жіберіліп, нәтиже 72 сағаттан кейін белгілі болады. Әйтсе де, бұл кезеңнің ерекшелігі бар. Егер үміткер бұған дейін IELTS, TOEFL не APTIS тапсырып, оның нәтижесі қойылған талапқа сай болса, олар бірден келесі кезеңге өтеді. Сонымен қатар, «Назарбаев университеті» секілді білім беру жүйесі ағылшын тіліне негізделген жоғарғы оқу орындарының түлектері де екінші емтиханды тапсыруы міндетті емес.

Үшінші кезеңде арнайы комиссия мүшелері үміткермен бетпе-бет әңгімелеседі. Онда талапкердің кәсіби, талдамалық, коммуникативтік және тұлғалық қасиеттері бағаланады. Сұхбат еркін форматта, үміткер қалаған тілде өтеді екен. Алайда ол қалған екі тілдегі сұрақтарға да жауап беруге міндетті. Әлтаир Ахметовтің айтуынша, комиссия құрамына Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік кеңесі, қала әкімдері секілді құзыретті мекеме өкілдері кіреді.

«Талапкерлер сұхбаттасудың қалай өтетінінен хабардар болса да, дәл бүгінгідей емен-жарқын әңгімелесетінімізді күткен жоқ. Осындай еркіндік арқылы үміткердің бүкіл қабілетінен хабардар болуға мүмкіндік мол», – дейді Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының сектор меңгерушісі Сергей Коновалов.

Басқару академиясына оқуға қабылдау 10 мамандық бойынша жүргізілді. Биыл магистратураға 120, докторлыққа 12 грант бөлініпті. Бұдан бөлек, оқу орнында ақылы түрде де білім алуға мүмкіндік жасалған. Бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия секілді елдердің мемлекеттік қызметкерлері Академияда тәжірибесін жетілдіруге ниет білдіріп отыр. Мемлекеттік басқару академиясына биыл оқуға түскендер алдағы аптада белгілі болады.