Елдің ЭКСПО-мен «ауырғанына» екі айдан асты. Үлкеннің де, кішінің де аузындағы әңгіме осы. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Келгендер көрме кереметтерін айтып тауыса алмайды. Аттары жетпей алыста жатқан ағайын амалдың жоқтығынан теледидарға телміреді. Бірақ, бәрін біліп отыр.
Әлемдік оқиғаның әсерін тікелей сезінген астаналықтардың әрине, бір тамыры артық соғатындай жөні бар. Олар тоқсан күндік той тамашаларының бел ортасында жүр. Азын-аулақ ақысын төлеп, көңілдерін көк жайлауға қондыра қояды. Атағы аспандаған өнер жұлдызының концертін көре ме, этноауылдағы аламан бәйгеге барып, айқайға аттан қоса ма, көшпенділер мәдениетінің көмбесін аша ма, құр әншейін қуырдақ жеп, қымыз ішіп қана қайта ма, өзі біледі...
Жаһандық мәдениет жауһарлары бізге өз аяғымен келгенін ойлағанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты Пласидо Доминго «Опералия» байқауын бас қаламызда өткізіп жатса, атақты Ла Скала театры Л.Бетховеннің тоғызыншы симфониясын қалай ойнайтынын өз құлағымызбен естігелі отырсақ, әйгілі Николай Рерихтің Америкадағы музейі мұхит асып, қазақстандықтарға бірнеше картинасын ұсынған болса, дүниежүзілік деңгейдегі «Дю Солей циркі» баланы да, шағаны да таңданып, тамсандырған... Әкем-ау, одан артық не керек?!. Біз шетелдік шедеврлердің тек кейбіреуін ғана тілге тиек еттік. Әйтпесе, арнайы тоқтап атап өтерліктей ғаламаттар жетерлік.
«Ауылдың алты ауызын» айтудан да аянып қалмағанымыз анық. Өзіміздің өнерпаздарымыздың да тасы өрге домалады. Қазақстанның Еңбек Ері атанған Асанәлі Әшімов пен Айман Мұсақожаева бастаған, Димаштай дүлдүлдеріміз қостаған сахна саңлақтары мәртебелі меймандарға ел мәдениетінің мәйегінен дәм татырды. Республикамыздың маңдайалды театрлары мен шығармашылық ұжымдары көрермен көзайымына айналды. Үздік туындыларын ұсынып, алыс-жақыннан ат басын бұрған қонақтардың қошеметіне бөленді.
Көрме көрігін қыздыруға облыстарымыз да қомақты үлес қосты. Өңірлер кезек-кезек мәдени күндерін өткізіп, Есіл бойында ән әуелетіп, күй күмбірлетті. Жергілікті мұражайлардан әкелінген аса құнды жәдігерлер тарихтың талай құпияларын ашып бергендей болды. Тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғаларымыз тұтынған заттарды қолмен ұстап, өткен-кеткенді өзімізше еске түсірдік. Шоқанның парша белбеуі, Жамбылдың домбырасы, Ықыластың қобызы, Пазырық кілемі... Тағысын тағылар болып жалғасып кете береді. Осының бәрін көргеніміздің өзі бір ғанибет емес пе?! Бұлардың әрқайсысы шежіре шертеді, арғы-бергіден сыр ақтарады. Ой-өрісімізді кеңейтіп, санамызды сары-жұрт қылған отаршылдық сарқыншақтарынан арылтады. Ұлт ұпайын түгендеуге ұмтылдырады. Төл мәдениетімізді тануға мүмкіндік туғызады. Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісінде мұның маңызы өте зор екені айтпасақ та түсінікті.
Елді елеңдеткен ЭКСПО-ның екі айы артта қалды. Осы уақыт ішінде екі миллионнан астам адам көрме табалдырығын аттапты. Олар көрген-білгендерін отбасына, отандастарына жыр қылып жеткізері сөзсіз. Сол арқылы Қазақстанның абырой-беделі артып, қазақ халқы туралы жағымды пікір қалыптасып жатса нұр үстіне нұр.
Сонымен ЭКСПО-ның соңғы нүктесін қоятын мезгілге де жақындап қалдық. Сәтті аяқталарына сеніміміз мол. Жаһандық жетістіктер жәрмеңкесінде өзгелердің өнегесін көріп қана қоймай, өзіміздің де өремізді көрсетудеміз. Ал, өркениет өріне беттеген Қазақстан үшін мұндай аралас-құраластықтың пайдасы ұшан-теңіз.
ЭКСПО екі айналып келмес саған... Ендеше оның қырық жыл аңыз қылып айта жүрерліктей қызықтарынан құр қалмайық!
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»