Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Үй тапсырмасының үлесі қандай?

6192 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі оқушы­лар­ға түсетін жүктемені же­­ңіл­­дету мақсатымен үй тап­­сырмасын реттеуді қол­ға алып отырғаны өте бір құптарлық іс. Себе­бі, мек­тепте оқу үдерісін ұйым­дастырудың құрамды бөлігі ретінде үйге бері­ле­тін тапсырмалар көп­те­ген дидактикалық мақ­­сат­тарды жүзеге асы­ру­мен бірге оқушы­ны өз бетінше жұ­мыс істеуге үйретудің, дамыту­дың, жасампаздық, ізденім­паздық қабілеттерін жетіл­дірудің де құралы.

Үй тапсырмасының үлесі қандай?

Алайда, үй тапсырмасын беру талаптары көптен бері орындалмай келе жатқан мәселенің бірі екендігі де белгілі. Оған бірден-бір себеп, оқытылатын пәндердің мазмұнын заман талабына сай, ғылымның даму деңгейіне ла­йық­ты етіп құру керек дегенді бас­шылыққа алып, мектепке жаңа оқу материалдарының көптеп енгі­зілуі болатын. Психологиялық-педагогикалық негізде түпкілікті ойластырылмағандықтан, бірінші кезекте пәндерді мектепте оқыту үшін бөлінген уақыттың шектеулі екендігі ескерілмеді. Екіншіден, оқушы мүмкіндігі мен шама-шарқы есепке алынбады. Үшінші, оқытылатын пәндердің теориялық деңгейін көтеру керек деп мектеп оқушысы білуі міндетті емес материалдар көбейіп кетті. Сондай-ақ, мектепте күнделікті өмірде кең қолданыс табатын, ЖОО бағдарламасын еркін игеріп кетуге берік негіз қалайтын материалдар ғана оқытылуы керек екендігі де есепке алынбады. 

Мектептегі оқу материалда­рының көптігі соншалықты, олар­дың негізгілерінің өзін оқушы­лардың сабақ үстінде игеруі мүм­кін болмай қалды. Сондықтан, мұғалім оны оқушы өз бетінше оқып келсін деп үйге тапсырма ретінде беруге мәжбүр болды. Ал үйге берілген тапсырмаларды оқушы орындайын десе, сабақ үстінде жеткілікті тірек білімдер қаланбаған. Оқушы әрекет жасағанмен, оқу материа­лын түсінуі қиын немесе мүлде түсінбейді. Ендігі жерде оқушы үй тапсырмасын «жылы жауып» қоя салатын болып алды. Соның салдарынан оқушының оқуға деген ынтасы да жойыла бастады. 

Халыққа есеп беру кезінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның министрліктің үй тапсырмасына қатысты жүргізген зерттеуінің қорытындысына сүйеніп, «оқу­шылардың 48%-ы үй тапсырмасын мүлдем орындамайды» деп айтқаны шындыққа жанасады. Ал мұндай жағдайдың орын алуын жай қатардағы дерек ретінде келтірілген ақпарат ретінде қабылдауға болмайды. Бұл үлкен дабыл қағатын, оқу жүйесін ғана емес, бүкіл қоғамды аяғынан тік тұрғызатын мәселе. Егер мектеп оқушыларының жартысына жуығы үй тапсырмасын мүлде орындамайтын болса, онда олар өтілген материалдарды да білмегені, келесі сабаққа дайын болмағаны, онда жаңа сабақты да игере алмағаны емес пе? Демек, қазіргі мектеп оқушыларының жартысы мүлде білім алмайды деген қорытындыға келуге де болады. 

Еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде үй тапсырмасын ұйымдастыру және орындау жөніндегі жаңа әдістемелік ұсынымдар жасалуда екен. Оған сәйкес бұрынғымен салыстыр­ғанда үй тапсырмасы шамамен екі есеге жуық қысқартылатыны көзделген. Бірақ бұл шараның оқушылардың білім сапасын көтере қоятындығына күмәнмен қарауға тура келеді. 

Мәселенің түйіні оқушыларға берілетін үй тапсырмасының көле­мін азайтуға ғана байланысты болмаса керек. Мектеп бірінші кезекте жоғары оқу орындарында оқытылатын немесе орта білім үшін басы артық мәліметтерден арылғаны жөн. Студенттердің ЖОО бағдарламасын игеріп кете алмай жатқан себебі, олардың, мәселен, математикадан мектепте өтілетін жоғары математика элементтерін меңгермегендігіне тіптен де байланысты емес. Оған себеп, мектеп математикасының дәстүрлі тақырыптарын білме­гендігінен. Мәселен, оқушы­ларда математикалық дағды жеткілікті қалыптаспаған, түп­теп келгенде олардың жалпы мате­ма­тикалық мәдениеті өте төмен: математикалық өрнектерге еркін түрлендірулер жасай алмайды, математикалық ұғымдар мен ережелерді меңгермеген, нәтижеде дұрыс пайымдаулар жасап, ақиқат қорытынды шығаруда да дәрменсіздік танытады. Егер мектептің математика бағдарламасы жоғары математика элементтерінен арылатын болса, онда бүкіл жаратылыстану пәндері, оның ішінде әсіресе физика пәнін оқушы шамасына лайықты етіп қайта құрылымдауға болар еді. 

Осындай жағдай коғамдық-гуманитарлық пәндерде де орын алған. Ол туралы жазушы, әдебиет сыншысы Жұма-Назар Сомжүрек «Білім негізін қайтсек дұрыс қалаймыз?» («Егемен Қазақстан», 17.05.2017) деген мақаласында негізгі мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарында оқушы білуге міндеттілерден міндетті емес материалдардың көп болып шыққанын айтады.

Қазіргі кезде біз жаңартылған стандарттар мен бағдарламаларға көшіп жатырмыз делінуде. Біз бастауыш мектеп математика бағдарламасы мазмұнында жаңартылған ешнәрсе де жоқ екенін айтқанбыз («Егемен Қазақ­стан», 14.06.2016). Міне, енді негіз­гі және орта мектептің «жа­ңа­ртылған» математика бағдар­ламаларын алып қарасақ, бұрынғымен салыстырғанда оның мазмұнында да ешқандай өзгеріс жоқ. Оқу жүктемесі сол күйінде оқушы шамасына сай келмейтін жағдайда. Бұл бағдарлама бо­йынша оқытсақ та, бұрынғыдай мұғалімнің әрбір сабақ сайын жаңа материал өтуіне тура келеді. Материалды тиянақтап бекітуге, есеп шығаруға, жаттықтыруға уақыт жетпейін деп тұр. 

Ендігі жерде мына бір кереметті қараңыз, жаңа технология бойынша шеберлік орталығынан білімін жетілдіріп қайтқан мектеп директорлары оқушыларға материалды тәптіштеп түсіндірген, есеп шығару жолдарын көрсеткен мұғалімді «заман талабына сай әдістерді меңгермегенсің, оқушыға бағыт-бағдар беріп, олардың өз бетінше ізденісін ұйымдастырмайсың» деп кінәлайтын болыпты. Бұ­рын оқушылар емтиханға, ҰБТ-­ға да­йындалу үшін ғана репе­титорға баратын болса, қазір олар әрбір сабақтан соң репетиторға «тұра жүгіретін» болды. Себебі, мек­тепте жарытып ешнәрсе бі­ле алмағандықтан оқушы ен­ді үйрететін жерді мектептен басқа жерден іздейді. Бұрын мұғалімнің оқушыларға есепті шығарудың мүмкін болатын барлық жағдайларын көрсетуге уақыты жетпей жататын еді. Енді, міне, мұғалімнің түсіндіруіне, үйретуіне мүлде тыйым салуға дейін баруда. Бұл да шамасы Кембридж әдісінің «жемісі» болса керек. 

Егер «жаңа оқыту технологиясына» сәйкес мұғалім бағыт-бағдар беріп қана қоятын болса, ондай жағдайда оқушы үйде немесе сабақтан тыс кезде өз бетінше оқып-біліп алуы керек қой. Демек, жаңа әдіспен оқыту және үй тапсырмасын шектеу арасында да үлкен үйлесімсіздік орын алайын деп тұрғаны даусыз.

Неге оқушылардың өз бетінше білім алып, олардың ізденістерін ұйымдастыру біздің оқыту жүйесінде тіптен болмағандай етіп көрсеткіміз келіп тұрады осы!? Кембридж әдісінің беделін арттыру үшін бе? Әйтпесе, біз мектепте ондай жұмыстарды жүргізіп келдік те ғой. Мәселен, математика сабағында, тура теореманы дәлелдеп көрсетіп, кері теореманы оқушылардың өз бетінше дәлелдеуіне бердік. Теореманы дәлелдеудің немесе есепті шыға­ру­дың басқа тәсілдерін табуды ұсынып та жатамыз. Есеп шығарудың түрлі жолдары мен тәсілдерін көрсеткеннен кейін, сондай, бірақ басқа есептерді өз бетінше шығаруды тапсырдық. Белгілі бір жаттығулар орындау арқылы ұғымдар мен қандай да бір нысандардың қасиеттері мен белгілерін оқушылар өздері ашатындай жағдай жасау, өзге де іс- шаралар математика сабағында жүргізіліп жатады.

Сондай-ақ, жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде де, қандай да бір нысандарға бақылау жүргізу немесе тәжірибе жасау, нәтижелерін салыстырып, оларды талдау мен жинақтау арқылы бір қорытындыға келуге үнемі үйретіледі. Демек, мұғалім білім алуды оқушылардың ғылыми ізденістер жасай білу дағдыларын қалыптастыруымен ұштастырады. 

Сөйте тұра, бүгінгі біздің білім жүйесіндегі орын алып отыр­ған кемшіліктердің себептері туралы «мұғалім дайын және өңделген ақпаратты жинақтап оқушыға жеткізеді, олардың жаңа білімдерді білуге бағытталған ізденісі ұйымдастырылмайды» дейтін болдық. Адам баласы ғасырлар бойы жинақтаған қоғам­дық тәжірибені, білімдерді ұрпақтан ұрпаққа дайын күйінде үлгі көрсету мен түсіндіру немесе оқыту арқылы қысқа жолмен, аз уақыт жұмсап, тиімді жеткізіп беру мәселесін оқушының жа­сам­­паздықпен білім алуы мен ізденістерін ұйымдастыру мәсе­лесіне қарсы қою үлкен қателік болар еді. 

Лауазым иелерінің енді бірі қазіргі біздің мектебіміз энци­клопедиялық, ақпараттық, тығыз­далған білім берумен ерекшеленеді, енді біз талдай білуге, қорытынды шығаруға, сын тұрғысынан ойлай алуға көшуіміз керек дейді. Сонда осы уақытқа дейін мектепте оқушыларымызды талдау жасап, қорытынды шығаруға ешуақытта үйретпегенбіз бе, қалай? Мен білетін математика сабағында оқушылар есептің шартына, тео­ремаларды дәлелдеу тәсілдеріне талдау жасап, одан қорытынды шығаруға әрбір сабақ сайын үй­ретіліп жатады. Егер оқушы анық­таманы дұрыс айтпаса немесе теореманы дұрыс тұжырымдамаса, онда оған «қарсы мысал» келтіріп, оқушы өз қатесін өзі жөндейтіндей ахуал да туғызылады. Оқушы шыға­рылған есебінің дұрыстығына өзі сенімді болуы үшін орындаған амалына кері амал орындап тексереді, не болмаса жасаған іс-әрекетінің ережеге сәйкестігіне көз жеткізіп отырады. Демек, біз оқушыны тек сын тұрғысынан ойлауға ғана емес, дұрыс, сапалы ойлауға да үйретіп жатамыз. Сыни ойлау болса, ол сапалы ойлаудың дербес бір түрі ғана ғой. 

ЖОО-да білім алушылардың (студенттердің), мысалы, жоға­ры математика пәнін игере алмауы­ның басты себебі, олардың «эн­ци­клопедиялық» білімдерінің молдығынан да, ақпаратты көп жинақтауынан да, «тығыздалған» білім алып, көп біліп кеткенінен де емес, керісінше, олардың көпшілігінде қарапайым білімнің өзі де жоқ екендігінен болып отырған жағдай. 

Қорыта айтарымыз, мек­теп­тегі білім сапасын көтеру, оқу жүктемесін қалыпқа келтіру, оның ішінде, әрине, үйге берілетін тап­сырманы реттеу, орта білім алуға қажетті және жет­кілікті оқу мазмұнын дұрыс таңдап алуымызға тікелей байланысты екендігін ескеру керек. 

Досымхан РАХЫМБЕК, 
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы

ШЫМКЕНТ