Т.Сәдуақасов,
«Назарбай би және туған өлке тарихы»,
Астана, 2000, 21-22-беттер.
Нақты менің өзіме мұндай қабілет тікелей әке-шешемнен жұғысқан сияқты. Әсіресе, шешем ақжарқын, көңілді, айтқыш адам болған. Қандай жағдайда да тауып айтатын, өткір тілді кісі еді. Ер көңілді кісі болатын. Анау жоқ, мынау жоқ деп әйелдікпен әңгіме айтпай, барға қанағат етіп жарқылдап, жайраңдап жүретін. Әншілігі өз алдына бір бөлек. Ауылдағы той атаулы менің анам бармай басталмайтын, бәрі «Әлжан келсін» деп күтетін. Әкем Әбіштің де суырыпсалмалығы барын тұстастары айтып отыратын. – Кластас досыңыз Сәдуақас Есімбай: «Әбіш әкеміз, әсіресе, айтысуға өте шебер болатын. Талай айтыстарды өз құлағыммен естігем. Той-томалақтарда «той бастарды» жұбайы Әлжан анамызбен қосыла той иесіне ризашылықтарын айтумен бірге, кейбір қонақтардың тойдағы ерсі қылықтарын әзілге айналдырып, елді күлдіріп отырушы еді», деп еске алады. – Әке-шешемнің құрдас, құрбылары да қалжыңқой, өлең құрастырғыш кісілер еді. Жалпы, қазақтың қай-қайсысы да екі ауыз сөздің басын құрастырып, бірер шумақты шығара беретін еді ғой кезінде. – Сіздің өміріңізден түсірілген көркем фильмде мектепте тақпақ оқығаныңыз келтіріледі ғой... «Шамалғанның басында...» деп келетін... – Оны фильмді түсірушілер менің кезінде берген бір сұхбатымнан алыпты. Былай болған. Әкемнің өз құрдастарымен қалжыңы таусылмайтын. Солар туралы өзі құрастырған неше түрлі тақпақты үйретіп қоятын. Бірінші сыныпқа барған күнімде мұғалім апайымыз «Ал кім қандай тақпақ біледі?» десе, жаңағыдай шумақтарды тақылдап айтып шығыппын ғой. Оның не өлең екенін мен қайдан білейін? Балалық шақта бәрі болады. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Ең бірінші мектепке келген күнім ешуақытта естен шықпайды. Оның бір тарихы бар. Ең бірінші қалам ұстатып, әліппені қолыма ұстатқан Тәку Смайылова деген мұғалимамыз осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана қайтыс болды. Қарым-қатынасымызды еш уақытта үзгеміз жоқ. Бірінші кластан төртінші класқа дейін барлық пәннен сабақ берген сол кісі. Ол есте қалды. Бірінші класқа барған күннің есте қалатын себебі, менің әкем Әбіш марқұм, шешем Әлжан марқұмдар біздің ауылдағы өте бір көңілді, отырған жерін күлдіріп отыратын, суырыпсалма ән шығаратын, кәдімгідей даусы бар жақсы жақын адамдар еді. Ауылдағы қазіргі тірі жүрген замандастардан сұрасаңыздар, көзбен көрген адамдардан білсеңіздер, мұны растайды. Әсіресе, шешем өте көңілді адам еді. Қазақтарды білесіздер ғой, құрдастарымен ойнай береді. Қазір ондай қалжыңды көтеретін құрдастар жоқ-ау. Мысалы, әкем шешеме бірдеңеге ренжіп отырса, құрдасы оған қой деудің орнына шешемді одан әрі ұрса жөнелетін. Бір құрдасына өлең үйретіп, мектепке барғанда айт деп жаттатқызатын. Оның мәнін мен қайдан білейін. Тойбай деген марқұм болып кетті, балалары бар, мені кешірер. Өзі әдемі, соғыстан келген, бір қолы жоқ болса да шырайлы жігіт еді. Екі беті қып-қызыл, көркем адам болатын, соған былай деп жазыпты. Шамалғанның басында Тойбай отыр, Беті қызыл қатынды қоймай отыр. Екінші досы Жұмахан деген марқұм. Оның балалары бар Нүсіпхан деген. Балаларымен бірге оқып шықтық. Ол ірі қара мал, өгіз бағатын. Соған бір шумақ өлең жазыпты. Сол ауылдағы барлық құрдастарына жаңағыдай ғып, мен тақтаға шығып тарсылдатып тақпағымды айтып отырғанда барлық мұғалімдердің шек-сілесі қата күлетін».Н.Ә.Назарбаевтың
журналистер У.Қалижанов пен
М.Құл-Мұхаммедке берген сұхбатынан.
«Егемен Қазақстан», 1997 жыл, 5 шілде.
– Жамбыл бабамыз сіздің есіңізде қалай қалды? – Әкем Жамбылмен де, Кененмен де таныс болғанын айтып отыратын. Біздің ауыл Шамалған Алматы мен Ұзынағаштың ортасында орналасқан. Әрқайсысынан қашықтығы шамалас болар. Жамбыл ауылының төңірегінде тұратын туыстарға атпен де, ат арбамен де бара беретінбіз. Үлкендердің айтуынша, Жамбыл атамыз да атқа мініп, тау бөктерін аралап жүреді екен. Менің әжем Мырзабаламен жақсы таныс болса керек. Мен ол кездерде 4-5 жастамын. Есімде бірі қалса бірі қалмайтын кез ғой. Жамбылдың Алғадай деген ұлы қайтыс болғанда анам (әжемді «апа» дейтінмін де, анамды «жеңеше» дейтінмін) мені Ұзынағашқа алып барған екен. Сонда атаға көңіл айту үшін Алматыдан, маңайдан көп адам келгені көз алдымда. Үйдің алдындағы мен бұрын көрмеген ұзын қара машина есімде қалып қойыпты. Анам айтып отырушы еді, атаның жанында үнемі бір жалтырбас кісі, бір толық денелі сары кісі жүрген еді деп. Кейін естідім – ол кісілер республиканың басшысы Жұмабай Шаяхметов пен жазушы Сәбит Мұқанов екен. Кезінде Сәбең біздің үйде де болыпты. Оны мен мектептің жоғарғы кластарында жүргенде ғана білдім. Біздің кезімізде мектептегі оқулықтарға еніп жүретін «Колхозды ауыл осындай» деген өлең болатын. Сәбит Мұқановтың өлеңі. Сол өлеңнің соңғы шумағын Сәбең біздің үйде жазыпты. Малшылар өмірімен танысуға бір топ жазушы келген екен. Араларында әншілері де бар. Әншілерінің ішінен жұрттың есінде Жамал Омарова ерекше қалыпты. Қонақтарға Үшқоңырдың жақсы деген киіз үйлері тігіліпті. Сонда біздің киіз үйге Сәбең түсіпті. Әкемнің «Мұндай үлкен кісі де осыншама қарапайым болады екен» деп айтып отыратыны есімде. Әкем інім Сатыбалды екеумізді шақырып, Сәбеңе сәлем бергізіпті. – Өлеңнің бір шумағын үйде жазғаны қалай? – Сәбең жайлау туралы бір өлең жазып, соның аяқталуына өзінің көңілі толмай жүрген болса керек. Әкем мен анам кезектесіп ән айтқанда ол кісі бір кезде қалам-қағазын шығарып, малдас құрып отырған жерінде тізесіне жаза бастапты. Сөйтіп, сәлден кейін ұзақ өлеңді оқып, «Мына соңғы шумағын жаңа ғана жаздым, түйіні келіспей жүр еді, жақсы болды», депті. – Ол шумақ есіңізде ме? – Есімде, әрине. Түнгі дауыс тым алысқа кетеді. Жаңғырықтырып, тауды дірілдетеді. Жайлауында жаздай думан қайнаған Қандай ғажап малшылардың мекені! Тағы бір қызық жағдай бар. Сонда Сәбеңнің шабытын шақырған ән орыстың «Вечерний звон, вечерний звон, Как много дум наводит он» деп келетін әні екен. Әкемнің Шамалғандағы орыс достарынан үйренгені ғой. – Сіз атаңыз туралы «Назарбай – қолында мөрі бар адам болған екен...» деп қана айтумен шектелген едіңіз. Кейін қарасақ, ол кісі ауыл-аймақты басқарған, көп жыл би болған адам екен. Тортай Сәдуақасовтың «Назарбай би және туған өлке тарихы» деген кітабында бұл жайында нақты деректер келтірілген. Атаңыз жөнінде не айтар едіңіз? – Жаңағы сен айтып отырған кітап сол кезде де құжаттардың ұқыптылықпен жүргізілгенін көрсетеді. Архив деректерінде Қаскелең болысының қанша ауылы болса, сол ауылдардың бәріндегі сайлау жасындағы адамдар, олардың жасы, малы (жылқы, қой деп нақты бөлінген, неге екенін, түйе, қара мал саны берілмепті) нақты тізімделген. Мысалы, Сүйінбай бабамызда 70 жылқы, 200 қой болған екен. Жанысбай, Жігітбай, Назарбай деген үш ағайындының малы қоса есептеліп, 3 жылқы, 50 қой деп көрсетіліпті. Бұл ол кез үшін аз мал. Әр үйге бір жылқы, он бес шақты қойдан ғана келіп тұр ғой. Соған қарағанда, жалпы біздің әулет о бастан бай болмаған. Малшылардың, қойшылардың ұрпағымын дейтінім сол. Назарбай бидің мөрін менің әжем ешкімге бермей, өзінде ұстайды екен. Мұны менің анам айтып отыратын. Ол мөр қазір Астанадағы музейге қойылған. – Сәдуақас Есімбайдың «Үшқоңыр – алтын бесігім» деген кітабында сіздің ата-тегіңізді былай тарқатыпты: «Қарасай – Көшек – Айдар – Мырзатай – Кенбаба – Еділ – Сапақбай – Назарбай. Әкемізден Үмбет, Шалабай, Арману мен Әбіш тудық, – деп отыратын Әбіш әкеміз». Әулеттік шежіреде Назарбайдан Шалабай, Үмбет, Әбіш тарайды делінеді. Арману деген кісі кім? – Арману – Назарбайдың қызы. Аты сондай тосындау қойылған екен. Қазақ ата таратқанда әйел затын атамайды ғой. Әбіштен Нұрсұлтан, Сатыбалды, Болат, Әнипа. Сәби кезінде шетінеп кеткен Айсұлтан, Нұрғазипа деген бауырларымыз болды. Назарбай би дүниеден өткеннен кейін шаңырақ иесі Үмбет атамыз болыпты. Құжаттарда Үмбетбай Назарбаев деп жазылады. Үмбетбай атаны мен көріп өстім. Ал Шалабай деген кісі ұрпақ көрмеген екен. Анамның аяғы ауыр кезінде бала туса мен асырап аламын деп келіскен екен. Ол кезде әкем ағасына қарсы болмаған. Бірақ мен туар жылы ол кісі қайтыс болып кетіпті. Ал Арману апамыз ертеректе өмірден өткен. Назарбай атамыз би сайлауына үш рет түскен көрінеді. Ана жылы маған Джонатан Айткен келген. Мына отырған сен сияқты оған да әбден әңгіме айтқанмын. Сол кісі архив құжаттарынан Назарбайдың ауқатты әрі елге сыйлы адам болғанын, 1900 жылы жергілікті төбебилікке сайланғанын анықтапты. Ол деректер бұрын да келтірілген еді. Жабық дауыс беру кезінде 58 рубасының 30-ы Назарбайды қолдап шыққанын жазған. – Джонатан Айткен осы мысалға: «2007 жылы өз атасының өмірбаяны туралы әңгіме арасында оның сайлануы туралы осы тарихты айта отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл біздің осыдан 100 жыл бұрын-ақ қаншалықты демократияшыл болғанымызды білдіреді! Қазақстандағы біздерді демократия туралы білмейді деп кім айта алады?» деп әзілдеді» деген түсініктеме берген. Негізінде, сіз бұл сөзді кем қойғанда әзіл-шыны аралас айтқан сияқтысыз. – Әрине, әр әзілдің астарында шындық жатады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақалы бар халықта демократия жоқ деп ешкім де айта алмайды. Қазақ ханның алдына барғанда да «Дат, тақсыр!» дейді. Сонда «Датың болса айт» деп, сөзін тыңдайтын болған. Біз еліміз демократиялық қоғам құру жолында дейміз. Ал олар болса біздің демократияның еуропалық стандарттарына тез түсуімізді қалайды. Мұның біздің қоғамға қандай залалы боларында олардың шаруасы жоқ. Жалпы, өзгеге жалтақтаудың түбі жақсылыққа апармайды. Жақында бір батыстың сарапшысы жазған М.Горбачев жайындағы пікірді оқыдым. Сонда Горбачев жас кезінен карьерист адам болған деп жазады. Мансапқор өсу үшін, өзінен жоғары тұрған бастықтың алдында ұпай алу үшін ұмтылып, жалпақтап, соның ойынан шығуды ойлайды дейді. Ал өзі бір күні үлкен басшы болғанда кімге жағынарын білмейді, жағынатын адам іздейді дейді. Әдеті ғой. Сонда Горбачев өз елінде жағынатын адам қалмағанда Америка, Еуропа басшыларының мақтауына ілінгісі келген болып шығады. Иә, ол шынында да солардың айтқанын тыңдады, айтқанын істеді. Мұны айтып отырғаным – ел басындағы адам тек қана өз халқының, өз елінің қамын ойлап, соған ғана қарекет жасауы керек. Маған да батыстың жолына түсіңіз, осыдан артық жол жоқ дегендер аз болмады. Түспедің деп сынады. Олардың ақылымен жүрсек, онда өз дәстүр, өз тамырымыздан айырылып, ел ішінде дау-дамай көбейер еді. Нешеме түрлі-түсті революциялардың ішінде жүрген халықтың өмірі мүшкіл болар еді. Оның бәрін көріп отырған жоқпыз ба? – Назарбай бидің өзі өскен өлкеде белгілі бір із қалдырған тұлға екендігі сіздің кішілікпен айтқан әңгімеңізден-ақ аңғарылып тұр. Әйтсе де, сіздің ертеректе шыққан «Әділеттің ақ жолы» деген кітабыңызда: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін» деп жазғаныңыз бар. Рас, бұл кітап кеңестік кезеңде, тәуелсіздікке дейін жарық көрген. Сіз ол кезде атаңыздың би болғанын айтып жатқыңыз келмеген сияқты, әлде олай емес пе? – Бұған не деуге болады? Жалпы, адамның өткенімен мақтана беруі оның бүгін мақтанатыны аз екендігінің белгісі де болуы мүмкін... Солай емес пе? Ата-бабаларың мақтануға тұрарлық тұлғалар болғанда да сенің өзіңнің оған нақты қатысың қандай? Сіңірген еңбегің қандай? Сенің ата-бабаларыңа еңбек сіңіруің мүмкін емес. Сенің еңбегің сіңсе, балаларыңа, немерелеріңе сіңеді. Осындай балалар тәрбиеледім, осындай немерелер өсірдім деп мақтаныш етсең бір жөн. Әрине, халық үшін еңбек еткен адамдарды мақтаныш тұту керек. Егер олар сенің әулетіңнен шықса, тіпті жақсы. Бірақ, бұл арада мақтаныштан гөрі жауапкершілік сезімі алға шыққаны дұрыс. Мен сондай адамның ұрпағымын, қазір бәленшенің ұрпағы деген атты абыроймен алып жүрмін бе деген тұрғыда ойланған, қиналған жөн. Ал енді «ақсүйектер әулетінен емеспін» дегенімнің мәнісі былай. Қазақта бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге ауысып жататын ақсүйектік, яғни аристократтық титулдар жоқ. Мысалы, грузиндерде князьдің баласы князь болып шыға келеді. Ағылшындарда лордтың баласы да лорд. Орыстарда да бұрын солай болған. Дворян әулетінің балалары дворянин, графтың баласы граф деген сияқты. Мұның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Жақсы жағы әулет дәстүрін жалғастыру жауапкершілігінің өзі адамды ширатып тұратынында. Жаман жағы жаңағы атаққа адамның ерекше еңбек етпей-ақ дайын күйінде ие болатынында. – Осы арада бір пікір қосайыншы. 2005 жылы Мәскеуде Андрей Кончаловскийден сұхбат алған едім. Сонда Андрей Сергеевич: «Өзім дворяндар әулетінен шыға тұра Россиядағы пролетарлық революцияның жалғыз жағымды жемісі бар болса, ол аристократияны жойғаны шығар дер едім. Революцияның арқасында қоғам гомогенді болып шықты» деген еді. Осы ой көкейге қонады. Расында да, әр адамның өмірге қадам басардағы старттық жағдайы тең шамалас тұрғанының өзіндік артықшылығы бары талассыз. – Жаңағы ойды аяқтайын. Әркім өз бақытын өзі жасауы керек. Әркім өз несібесін өзі теруі керек. Кімнің нешінші ұрпағы болғанымда да мына жайдың басы ашық. Менің әкем Әбіш қарапайым өмір сүрген, ғұмыр бойы жұмыс істеген адам. Мал да баққан, егін де еккен, бау да өсірген, бақша да салған. Отбасын өзінің ақ-адал еңбегімен асыраған. Мен туғаннан кейінгі жылы біздің таудағы қыстауымызда біреудің абайсыздығынан өрт шығыпты. Әкем сол өртті сөндіріп жүріп, бір қолын иығына дейін қатты күйдіріп алыпты. Соғыс басталғанда әскери комиссариатқа шақырып, дәрігерлік комиссия қолының қатып-семіп қалғанына байланысты майданға жарамсыздық билетін берген. Оны «ақ билет» дейтіні есімде. Көп жыл таудағы жайлауда мал бағып, көшіп-қонып жүргендіктен, біздің бала күнімізде өзіміздің үйіміз де болмаған еді. Ол үйді біз кейін өзіміз салып алғанбыз. – Сіздің кітаптарыңызда, сұхбаттарыңызда әкеңіз Әбіштің алдымен аталатын қасиеті – еңбекқорлығы. Өзіңізді де өмірдің небір сынақтарынан осы еңбекқорлық алып өткен. Әкеңіздің бұл қасиеті бала Нұрсұлтанның бойына қалай жұғысты болды деп ойлайсыз? – Иә, мен нағыз еңбекқор кісі деп әкемді айтар едім. Әкенің балаға айтқан ақылынан гөрі көрсеткен өнегесі көбірек жұғады. Әкем маған ең қарапайым, бірақ ең қасиетті қағиданы ұғындырып кетті. Ол қағида – ерінбей, қажымай-талмай еңбек ету. Солай еңбек етсең ғана бағыңның жанатыны. Осы өнегесі үшін мен әкеме өмір-бақи қарыздармын. Менің әкем мен шешем де еңбек арқылы табысқан. Үшқоңырда танысқан. Сол жерде жұрт әлі күнге «Арестанттар жолы» дейтін жол бар. Тауға шығатын айналма жол. Айтқандай, ол «арестанттардың» (қазақтар оны рыстандар салған жол дейді) кім екенін білесің бе? Әуре болмай-ақ қой. Ешуақытта ойлап таба алмайсың. Үшқоңырдағы жолды салғандар бай-кулактар мен ...жер аударылған молдалар екен!.. Олардың арасында Бұқарада медресе бітіргендер де бар көрінеді. Сонда әкем үш жүз арестантқа бригадир болыпты. Шешем Шу жақтан келіп, жаңағы жерде аспазшы болып жұмыс істеп жүреді. Анама бір жыл сөз салып жүріп үйленіпті. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Егер оны ертеден түнге дейін еңбек етті десем, бәрібір бұл да жетімсіз соғып жатар еді. Мен оның қай кезде ұйықтайтынын немесе ештеңе істемей, құр тынығып отырған сәтін көрген емеспін. Бірде отын жарса, бірде томар қопаратын, енді бірде бірдеңе сату үшін базарға кетіп бара жататын. Ол дәулетті орыстар қолында өскендіктен егін салуды да жақсы білетін. Пәлендей білімі болмаса да, миуа ағаштарын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай алманы кейін еш жерден көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын еді».Н.Назарбаев,
«Әділеттің ақ жолы»,
А.,1991, 18-19-беттер.
– «Балалық шағымның аспаны» деген фильмде әкеңіз Әбіштің жаңа салық саясатына қарсылық ретінде өз қолымен еккен алма бағын бір түнде отап тастағаны көрсетіледі. Кейбіреулер осы оқиғаны фильм сценарийшілердің көркемдік тартыс үшін ойдан қиыстырғанындай көруі мүмкін. Мұның анық-қанығын өзіңіз айтып беріңізші? – Мұның анық-қанығы «Әділеттің ақ жолы» деген кітабымда жазылған. Сценарийшілер де содан алып отыр. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Алайда, күндердің күнінде үй маңындағы жерімізді (ол жарты гектар еді) азайта бастады, әуелі он сотықты, одан соң тағы да бірте-бірте кесіп ала берді... Әкем ат десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ көп ұзамай одан да күдер үзуге тура келді – ат ұстауға да тыйым салынды. Сондағы себеп жемшөп колхозға керек екен. Ал бірде өз көзіме өзім сенбедім: әкем алма ағаштарын өз қолымен отап жатыр. Сөйтсем, әр түп ағаш үшін салық төлеуден құтылу керек болыпты. Үй-іші қатты тарықты: ішетініміз құр шай ғана, анда-санда бір түйір қант болады. Маңдайға біткен жалғыз сиырдан колхозға тапсырылуға тиісті сары май мөлшерінің көптігі сонша, өзімізге тек көк сүт қалатын. Әрине, көп нәрсені түсіндіруге болады. Бірақ соншалықты еңбекқор адамдарымыздың мұндай мүшкіл халге қалай тап болғанын кей-кейде ойлай бастасаң-ақ, сайтан алғырды еш түсінбей бас қатыруға тура келетінін қайтерсің!..».Н.Назарбаев,
«Әділеттің ақ жолы», 19-20-беттер.
Жалпы, әкем көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Әкем жұрт айтса болдының, көп айтса көндінің адамы емес еді. Әр нәрсеге өзінше қарай алатын. Жиын-жиналыста айтпағанмен, дастарқан басында, үй ішінде өзінше пікірлерін де айтып қалатын. ДӘЙЕКТЕМЕ: «...1962 жылы мен, жас металлург, комсомол съезінің делегаты болып Мәскеуден үйге оралғаным әлі есімде. Әрине, әсер деген ұшан-теңіз! Әкем мен көршілерге асығып-үсігіп Хрущев туралы, оның еліміз комсомолдары алдындағы сөйлеген сөзі туралы, қала мен ауыл арасындағы өзгешеліктердің бірте-бірте жойылып, село өмірінде керемет мүмкіндіктер болатынын баса айттым. Үлкендердің маған көңіл бөлгеніне масаттанып, ақсақалдар жүзінде мысқыл пайда болғанын байқамай сайрай беріппін. Ал әкем маған күстаналап қарап отыр екен. Ақыры, нұрлы болашаққа қарай бағытталған қозғалысымызға кедергі жасайтын қосалқы жеке шаруашылық пен үй маңындағы учаскені жөн-жосықсыз жерден алып, жерге салғанымда, қарт Әбіштің төзімі таусылды білем. – Тоқтат, балам, мұндай сөзді радиодан ести-ести құлағымыз сарсыған. Одан дағы мынаны айтшы: Мәскеудегілердің есі дұрыс па өзі? Әлде отызыншы жылдағыдай тағы да аштықпен титықтатпақ па? Ауыл адамында жер болмаса, қойшыны жеке малынсыз қалдырсақ – олар даладағы жел қуған қаңбақ емес пе? Сұлтан (үйде мені осылай атайтын), сен ренжімей-ақ қой, жүрегің жарыла қуанатындай ештеңе жоқ, сен бізге жаманат хабар жеткіздің... Мен сондағы өз қателігімді көп жыл өткен соң жерлестеріме сүйіншілете жақсы хабар әкеліп, түзеттім».Н.Назарбаев,
«Әділеттің ақ жолы», 11-12-беттер.
– Ата-анаңыз біраз жыл перзент сүймей жүріп, Райымбек бабаның басына екі күн қатар түнеп, тәу етіп, содан кейін сізді көргені белгілі. Сіз осындай әулиелі орындарға, олардың киесіне сенесіз бе? – Менің әкем мен анам бабаның басына түнеп, тілек тілегендері рас. Менің бала кезімде ол мола Алматының шетінде үлкен төбе болып көрінетін. Құран Кәрімде тілеу, сұрауды тек Аллаға айту керек дейді. Бірақ біздің салтымызда аруаққа сену де бар ғой. Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті. Түсінде теңізге түсіп кеткен екенмін дейді. Судың түбінде демі тарылмай, кәдімгідей жүре беріпті. Теңіздің түбінен аппақ күмістен жасалған ұзын мылтық көріпті. Жаңағы мылтықты мойнына іліп алып, жүзгеннен жүзіп отырып жағаға шығыпты. Таңертең бейіттің шырақшысы түсін жорыпты. Ұл бала табасың, балаң мықты болады, жасы ұзақ болады, осы балаң сенің мақтанышың болады, ел қорғайтын адам болады депті. Мылтыққа байланысты жорығаны ғой. – Нұрсұлтан деп атыңызды әжеңіз Мырзабала қойған екен. Сонда ол кісі Құрандағы Алланың 99 атының бірі Нұр, бірі Сұлтан екенін білген бе, жоқ әлде мағыналық жағына баса мән беріп қойылған есім бе? – Мұндайда қазақ «аузына құдай салған» дейді. Солай болған шығар. Әжем Аллаға сенетін, бес намазын ұстап, ораза тұтатын адам еді. Алланың 99 аты бар екенін білген болар. Мағыналық жағына да, әуезді естілуіне де көңіл бөлсе керек. Әжем туралы айтайын. Мырзабала әжем мені бес жасқа дейін жұрттан жасырғандай етіп өсіріпті. Әрі тұңғыш, әрі әбден зарығып көрген немересімін ғой. Үйге біреу кірсе мені етпетімнен теріс қаратып жатқыза салады екен. «Немереңіз жүрді ме, әже?» деп сұрағандарға: «Құдай бір немере беріп еді, оның өзін де қауқарсыз етіп берді» дейді екен. Анам ол кісіге ренжіп, қайдағыны айтасыз дейді екен. Мені қашан шауып жүріп кеткенше қып-қызыл матадан киіндіріп қойғаны да өзінше қызық. Көз тимесін дегені. Бір күні қып-қызыл ғып киіндіріп қойған маған аспаннан бүркіт шүйіліп түсе жаздапты. Сөздің реті келіп тұр, менің бала күндерімді, мектептегі шағымды көрсететін «Балалық шағымның аспаны» деген фильмде Мырзабала әжемнің рөлін ойнаған Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға разылығымды бөле айтқым келеді. Әжемнің өзін көргендей болдым. – «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дейді біздің қазақ. Қордай жақта «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз алсаң Қасықтан ал» деген сөз айтылады екен. Әлжан анамыздың әншілігі, әзілге ұсталығы, айтқыштығы жайында біраз жазылған. Анаңыз жайында да өз аузыңыздан естігім келеді. – Не айтайын? Кім айтса да анасының қадір-қасиетін жеткізіп айта алар ма? Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де ана парызы өтелмейді дейді ғой. Мен көп қазақтың балалары сияқты әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен баламын. Әкем күндіз-түні жұмыста, мен анамның жанындамын. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Сол шексіз ана махаббатына оранып өстім. Баланы анасы шын сүйіп өсірсе, ол бала бақытты боларына мен сенемін. Баланы жалдаған әйел емес, анасының өзі тәрбиелегенін ұнатамын. Сондай бала дұрыс жолдан таймасына сенемін. Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді. Менің анам Әлжан Жатқанбайқызы 1910 жылы туған. Құжаттағы 1905 жыл қате жазылған деп өзі айтып отыратын. Мен негізі анама тартқанмын. Нағашыларым да осындай дөңгелек жүзді болған екен. Теміртауда жұмыс істеп жүргенімде анам қонаққа келіп, «Сені көрсем Бөлеген ағам көз алдымда тұра қалады. Өң-түсің де, қимылдарың да аумай қалған» деп көз жасын бір сығып алған еді. Бөлеген нағашым колхоз басқарған, аупарткомда істеген кісі екен. 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кетіпті. Анамды еске алғанда кейде қиялдап отырып, ойлаймын ғой: ол кісінің жасы жүзге жетсе осы кезге дейінгіні көруі мүмкін еді-ау, тоқсанға жетсе елдің есейгенін, баласының Арқада жаңа астана салдырып жатқанын көрер еді-ау, тіпті сексеннен сәл асса да тәуелсіздік таңы атқанына куә болар еді-ау деп. Анам 1977 жылы дүниеден өтті. Менің ат жалын тартып, азамат болғанымды ғана көрді. Аз күн ғана ауырып, ағайын-туғанына аманатын айтып, жүріп кете берген. Менің шетелден әкелген жеп-жеңіл қоңыр тоным бар еді. Соны Гүлжан келініне беріп, «Енемнен қалған көзі еді деп киіп жүрерсің», депті. Келіні: «Қойыңыз, әлі-ақ осы тонмен талай қонаққа барасыз» десе, айтыпты: «Тілімнің сайрап тұрғанына алданып қалмаңдар, дайындықсыз болмаңдар. Дүниеде болжаусыз нәрсе үшеу: толғақ болжаусыз, қонақ болжаусыз, өлім болжаусыз. Ажал айтып келмейді, айла таптырмайды. Алды сайран, арты ойран дүние осы», деп. Осылай кесек-кесек кесіп сөйлейтін, тіліп айтатын адам еді. – Анаңыздың еті тірілігі, өткірлігі Қаскелеңнің аудандық ауруханасында болған тосын жағдайдан да көрінеді. – Ол жағдай ана жылы өзіңнің газетіңде жазылды ғой. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Әсіресе, Әлжан апа Нұрсұлтанын қалай толғатып босанғанын жыр ғып айтатын көрінеді. Ол былай болыпты. «Сұлтаныма тура жеті күн толғаттым. Тамақ іше алмаймын, әл-дәрменім таусылған. Шамалғанда перзентхана жоқ, аудандық аурухана Қаскелеңде. Әбіш арбаны жегіп, үстіне жатқызды. Ол кезде тас жол жоқ, кедір-бұдыр, шиқылдап шұңқырға түскен сайын жаным көзіме көрінеді. Әйтеуір, ауруханаға жеттік-ау. Дәрігерлер жүгіріп жүр. Бір еңгезердей еркек келді де, «босандыру керек, болмаса өліп кетеді» деді. Сөйтсе, бала ісініп кеткен, әрі салмағы 5 килоға жуық екен. Сонд