18 Тамыз, 2017

Төлеген Тәжібаев туралы естелік

1861 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мен өмірде академик Төлеген Тәжібаевпен бетпе-бет пікір­лескен емеспін, бірақ Қазақстан КСР Сыртқы істер министрінің еңбек жолы туралы баспасөз беттерінен таныспын. Бірде, оның атақты баяндамасын тыңдаудың сәті түсті. Ол 1946 жылдың күзі еді. Әскерден келген соң, Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен болатынмын.

Төлеген Тәжібаев туралы естелік

Бірде Сыртқы істер министрі  Т.Тәжібаевтың кешкі сағат 18:00-де институттың  акт залында ұжыммен кездесу өткізетіні жөніндегі хабар тез тарады. Зал студенттер мен мұғалімдерге лық толды. Айтылған мерзімде ішке бірнеше адам кіріп, президиумға жайғасты. Олардың қатарында Төлеген Тәжібаев, облыстық партия комитетінің  хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қалалық партия комитетінің  хатшысы бар еді. 
Кездесуді  облыстық партия комитетінің  хатшысы ашып, Қазақстан Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаевтың қонаққа келгенін хабарлады.  Министр жақында ғана В.М.Молотов бастаған Кеңес Одағы делегация­сының құрамында Америкаға іссапармен барып қайтқан екен. Содан кейін Төлеген Тәжібаевқа сөз берді. Мен  бірінші қатарда отырған едім. Төлеген трибунаға шыққан кезде оның мен ойлағаннан өзгеше екенін байқадым. Мен оны интеллигент, бойы ұзын, шляпа киген, көзілдірік тағынып, таяқ ұстаған кейіпте елестеткенмін. Алайда, көз  алдымда орта бо­й-лы, мығым денелі, көзілдірігі мен таяғы жоқ, «кірпі» деп аталатын қысқа шаш үлгісі бар адам тұрды. Ол анық әрі түсінікті етіп, қағазға қарамай сөйледі. Сол жылдары елдің бәрінің қағазға қарауы дәстүрге айналған-ды. 
Оның баяндамасы 1 сағат 10 минутқа созылды. Ол Аме­рикаға  В.М.Молотов бастаған топпен бірге БҰҰ-ның құжат­тарын әзірлеуге барғанын айт­ты.­ В.Молотов Тәжібаевтың Қа­зақ КСР Сыртқы істер ми­нистрі екенінен хабары бар-тұ­ғын. Тәжібаев топ құрамына КСРО сыртқы істер министрі А.Я.Вы­шинскийдің (1883-1954 ж.ж) ұсы­нысымен енген болатын. 
Делегация АҚШ-та 3-4 ай бойы тоқтаусыз еңбек етіпті. Өйткені, америкалықтар әзірлеген БҰҰ құжатының жобасының әр тармағына  қатысты пікір алмасып, нақтылап, өзгерістер енгізуге тура келген. Тіпті, кейде бір мәселеге бола түнгі үшке дейін дауласқан кездері болған екен. Төлеген Тәжібаев америкалықтардың пікір алмасу­ға құлықты емес екенін, не ұсы­нып,  не бас тартатынын түсін­генін айтты. «Біз әр сұрақты тал­қылап, деректер мен аргумент келтірдік. В.М.Молотов біздің жұмысымызды қадағалап, керекті материалдарды Мәскеуден жет­кізіп тұрды. Америкалық өкілдер «иә», «иә»,  не «жоқ», «жоқ» қа­ғидаты  бойынша әрекет етті. Ал біз логикалық тұрғыдан келдік. Сөйтсек, Америкада логика мен философия ғылым ретінде қа­растырылмайды екен. Ал қа­зақтарға логика жете таныс», – деді ол. 
«Бізде оны «уәж», яғни аргумент деп атайды. АҚШ-та жүріп Вышинскийдің заңгер әрі мықты ойшыл екеніне көзім жетті, – деді Т.Тәжібаев әрі қарай. − Кейде ол айтып тұрады, мен жазамын. Көбіне бірге талқылағанда логикасы маған қанық болды. Вышинскийдің топқа мені неліктен қосқанын енді түсіндім, мен одан көп нәрсе үйрендім. Осылайша, БҰҰ-ның бүкіл құжаты біздің айтуымызбен қабылданды. Америкалықтарды аргумент арқылы жеңдік». 
Сөзінің  соңында  Вы­шинский «Фи­лософияны, әсіресе, диалектика мен логиканы терең зер­делеңдер. Олар сындарлы ой­лауға және өз позицияңды ұстап қалуға көмектеседі деді».  
Бұл – өте қызықты кездесу болды, оның мағынасын кейін түсіндім. Кездесу соңында инс­титут директорының  орынба­сары Абдулла Хусаинұлы Темір­беков оған аса қызықты баяндама жасағаны үшін алғыс айтты.  
Төлегеннің Қызылорда мем­лекеттік педагогикалық институтын таңдауы жайдан-жай  емес. Сол жылдары Қазақстанда 7 жоғары оқу орны бар еді. Соның алтауы Алматыда орналасқан. Ал қалған институттар толық емес жоғары оқу орындары болатын. Сондай-ақ, Қызылорда мемлекеттік педагогикалық инс­титуты Владивостоктан көші­рілген-ді. Ұстаздардың көбі Ре­сейден келген педагогтар мен корей халқының өкілдері еді. Сондықтан да  институттың алатын  орны ерекше болды. 
Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарған П.К.Пономаренко Тәжібаевты жоғары бағалады. 1957-1959 жылдары Пономаренко КСРО-ның Үндістандағы елшісі міндетін атқарды. Онымен бірге Төлеген Тәжібаев та консул ретін­де дипломатиялық қызмет істеді.
Төлеген Тәжібаевтың жеке өмірі туралы маған ғалым және қоғам қайраткері, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, пе­дагог, Қазақстан ғылым акаде­мия­сының академигі Хайдар Арыс­танбеков (1919-2008) айтып берді. Бұл 70-жылдардың соңы еді. Біз «Сарыағашта» демалып, әрі емделіп жатқан едік. Люкс нөмір­дің бірінде жиырма күндей жат­тық. Сол уақытта Шыңғыс Айт­матовтың «Боранды бекет» кіта­бының журналдық нұсқасы жарияланды. Біз кітап туралы, ондағы басты кейіпкер жөнінде, адамдар бол­мысының түрлілігіне қатысты  пікір алмасып отырғанда, әңгіме ауа­ны Төлеген Тәжібаевқа ауыс­ты. Ол Төлегеннің жетім өскенін, орыс отбасында, кейіннен интернатта тәрбиеленгенін айтып берді. Сол арада оның білімге деген құмарлығы басталыпты. 
Төлеген мен Хайдар екеуі де та­нымал азамат болған кезінде танысқан екен. Хайдар ол туралы жағымды пікір айтты. Ол өте ұқыпты, байқампаз адам болыпты. Кейде бірге аңшылыққа да шыққан көрінеді. Төлеген дала­ны, таза ауа­ны жақсы көрген. Аң­шылық деген аты ғана, ешқан­дай аң атпаған. Алайда оған мұ­қият әзірленіп, керектің бәрін өз­дерімен бірге алып барады екен. Көбіне Іле өзеніне таяу тұс­тағы Аяққалған құмына таяу маңда серуендепті. Кейде Ғабит Мүсірепов оларға қосылады екен. «Біз осылай демалдық. Төлегеннің әйелі аурушаң болатын. Қонаққа ешкімді шақырған емес, өзі де ешқайда бармайтын. Ол ҚазГУ-дің, мен Аграрлық университеттің ректоры едім. Бос уақытымызды осылай өткізіп тұрдық», – деп әңгімелеп берген еді сонда Хайдар Арыстанбеков. 

Досмұхамбет КІШІБЕКОВ,
академик