Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Аңыз өрген Маңғыстаудың мәдени күндері

837 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Үш жүз алпыс әулиеге мекен болған қасиетті Маңғыстаудың мәдени күндері 15 тамызда елорда кіндігінде орналасқан «Отан-Ана» монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Сол күні кешке облыс өнерпаздары ЭКСПО аймағындағы амфитеатрда мәдени шараның шымылдығын түрді. Ертеңінде «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақы ұстанымды ту еткен маңғыстаулықтар Арқа төсінде тыныштық тапқан Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен қайраткер ақын Фариза Оңғарсынованың рухтарына дұға бағыштады.

Аңыз өрген Маңғыстаудың мәдени күндері

Қазақ даласының «теңіз қақ­­пасы» саналып келген бұл ай­мақтың соңғы жылдары тасы өрге домалап, несібесі артыпты. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқ­сан қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 518,5 млрд теңгені құрап, таза табыс жан басына шаққанда 803,9 мың теңгеге жеткен. Оның сыртында өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі алғашқы алты айда 99,4 пайызға жетіп, 1226,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібінің үлесі – 1069,8 млрд теңге. 

Десек те, соңғы жылдары әлемдік дағдарысқа алып келген мұнай бағасының құлдырауы өңір экономикасына аздап әсер еткені байқалады. Яғни, бұл сала өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеген. Жоға­рыдағы көрсеткішті кәсіп­орын­дарға жіктеп есептер болсақ: «ӨзенМұнайГаз» 2,6 пайызға, «Қарақұдықмұнай» 19,7 пайызға, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» 7,5 пайызға құлдырағаны бай­қалады. Осының салдарынан кәсіпорындардың бұрғылау бағдарламасы белгілі мөлшерде қысқаруда.

Бірақ оның орнына табиғи газ өндіру өткен жылмен са­лыс­тырғанда1792,0 млн текше метрге дейін артып, химия өнер­кәсібінде – 5,7 пайыз, металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 12,9 пайыз, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде – 29,2 пайыз, тоқыма бұйымдар өндірісінде – 21,8 пайыз, машина жасауда 20,8 пайыз өсу үрдісі байқалады.

Облыстық кәсіпкерлікті қол­дау картасының шеңберінде жаңадан жүздеген адамды тұ­рақты жұмыспен қамту үшін 7 жоба жасалыну үстінде. Оның 5-уі толықтай аяқталған. Олар: Шыны-пластикалық құбыр­лар зауыты, Шыны-плас­ти­ка­лық құбырлар мен фитингіл­ер өндіретін цех және «Ақтау Ке­­рамзит» ЖШС мен Ке­рам­зит тасын өндіретін зауыт. Қал­ған жобалар кезең-кезе­ңімен іске асып келеді. Бұл жо­­ба­ларға барлығы 52 млрд тең­­ге қа­растырылған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6 ин­фрақұрылымдық жобаның 2-еуі аяқталып, инвесторлардың же­ке бастамаларын орналастыру үшін Индустриалды аймақ құ­рылыпты. 

Сонымен бірге, ағымдағы экономикалық ауқымның кей­бір өсу резервтеріне тоқталар болсақ: Құрық портында екін­ші паром кешенін іске қосу жұ­мыстары басталды. «Жетібай – Жаңаөзен», «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шебі» бағытында автомобиль жолдарының құ­рылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін толық атқарылу мүм­кіндігіне ие.

Тұрғындарды жайлы бас­панамен қамту мақсатында жыл­дың алғашқы алты айында жалпы аумағы 592,7 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­­лануға беріліпті. Бұл өт­кен жы­л­­мен са­лыстырғанда 33 па­й­ыз­­ға артқан. 
Биылғы жылдың алғашқы 6 айында облыстың ауыл ша­руа­шылығы жалпы өнімі 5,1 млрд теңгеге жеткен. Оның ішін­де халыққа қажет азық-түлік тауар­­ларын өндіру 104,1 пайыз көр­сеткішке иек артып отыр. 
Қазіргі күні өңірде 46 мың шағын және орта бизнес субъек­тілері жұмыс істеп тұр. Бұл 2016 жылдың осындай кезеңімен са­лыстырғанда 5,8 пайызға өс­кендігі байқалады. Аталмыш субъектілер жыл басынан бері 141,2 млрд теңгенің өнімін өн­дірген. 
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 1 055,8 млрд теңге қаражат бөлініп, оған өңірлік үйлестіру кеңесінің отырыстарында мақұлданған 112 жоба қамтылған. Сонымен қатар, «Даму өндіріс» бағдарламасы ая­сында өңдеу секторына 12,8 млрд теңге бөлініп, 72 жоба ма­құлданыпты. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ла­ма­сының іске асырылу нәти­же­сінде қаңтар-шілде айла­ры ара­лы­ғында 16 072 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық дең­гейі өт­кен жылғы осы кезеңмен са­лыс­­тырғанда 4,9 пайызға аза­йып­ты. 
Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) – 171,8 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджетке – 100,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 71,8 млрд теңге міндетті тө­лемдер түскен. Сөзімізді тұжырымдай айтсақ, облыс экономикасы даму үрдісін бастан өткеріп жатыр. 

* * *
Маңғыстау өңірі жо­ғары­дағы экономикалық біре­гей көр­сеткіштерінің сыртын­да заң­ғар жазушы Әбіш Кекіл­баев айтқандай «ашық аспан астындағы музей іспеттес» көрік­ті мекен. Ерте дәуірде оғыз бен түркінің белдеуіне баланған Үстірттің бір қапталында Кас­пийдің толқындары жағаға ұрып жатса, екінші қапталы түгін тартса майы шы­ғатын құнарлы аймақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауға ат басын бұр­­ған кезекті сапарында «Маң­ғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» дегені бар. 
Демек, бұл өлке – тарихқа бай, тағылымға толы өңір. Облыс жерінде мемлекеттік қорғауға алынған 449 ескерткіш болса, оның 21-і республикалық, 428-і жергілікті маңызға ие. Сондай-ақ, археологиялық ескерткіштер саны – 253, ансамбльді кешендер – 136, сәулет нысандары – 60. Осында тізімге алынған көне қорым-бекіністер мен керуен-сарайлардың тарихы жайлы цикл­ді фильм түсіру мақсатында экспедиция ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Кетікқала, Қы­зылқала, Қарақабақ сияқты ор­­тағасырлық қалашықтарға, қо­ла дәуірге тән Саура қоры­мына, ерте темір дәуірінің мұ­расы Айғырлы бекінісі мен Түп­қараған ғибадатханасына, Алтынқазған ғұрыптық кешеніне жүргізілген қазба жұмыстары әлі де жалғасын табуда. 

Жоғарыдағы қазба жұмыс­тары кезінде табылған сақ дәуі­рінің мұралары артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музей қорына алынған. Қазіргі таңда музей қорында 79250 жәдігер бар. Бұдан басқа маң далада өсетін өсімдік түрлері мен теңіз жа­ғалауын мекендейтін 300 түрлі құстың тұлыбы экспонат түрінде музейде сақталған. 

Маңғыстаулық ағайындар жоғарыдағы экспонаттар ара­сынан тек ғана зергерлік бұ­йымдарды іріктеп алып келіп, елорда іргесіндегі «Этноауылда» көрме ұйымдастырды. Оны көппен бірге бізде тамашалап қайттық. Әсіресе, XVIII ға­сыр­дың мұрасына жататын Адай қыздарының әшекейі: өңіржиек, өңіртал, өңіралқа, үкіаяқ көрме сөресінің сәнін келтірсе, хас шебер Әуез Сағы­наева жаңғыртып жа­саған «Адай қызының сәу­келесі» мен 12 бөліктен тұра­тын белдік, қостанапты құдағи жүзік, ілмежаулық, сәйкі әйелдерге тән білезік, қайқылар ұстаған күміс шақша сияқты жауһар жәдігерлер көрерменнің көзайымына айналды.

«Этноауылда» музей жәді­гер­лерімен қапталдас өлке ше­берлерінің қолынан шық­қан құнды дүниелер де сөреге жай­ғастырылыпты. Дені зер­герлік бұйымдар. Атақты қолөнер ше­бері Түгел Оразовтың шәкірті Сағидолда Оразов осында өзі жасаған 30-ға жуық зергерлік қымбат бұйым түрлерін әкелген екен. Сағидолда зергердің бас­ты ерекшелігі – ұлттық дәстүр жалғастығын сақтай отырып, көне сіркелеу тәсілі арқылы зерлеу, кесуді пайдалануында. Сонымен қатар, саз аспаптарын жасаудың маманы әрі 2017 жылы Атырау қаласында өткен «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы Нұржан Мұсаев пен ағаш ұстасы Дәулетжан Үсе­новтің қолынан шыққан домбыра, қобыз, ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар әдемілігімен көз тар­тады. 

Маңғыстау түйесі

Үстірт өңірінде баяғыдан бері сақталып келе жатқан та­ғы бір құнды дүние – қыз жа­­сауына қатысты ғұрыптық бұйымдар. Егер де, қыз ұза­тып, келін түсірер болсаңыз, маң­ғыстаулық тігінші-оюшылар Нағима Тасмұхамбетова мен Бақтылы Бопанаевалардың қо­лы­нан шыққан шымылдық, қыз ұзату көйлегі, жасау көрпе сияқты дүниелерді қазақтың қай бұрышына да ұялмай апаруға дәтіңіз жетеді. 

Бұлардан басқа тек осы өл­кеге тән тың жаңалық – түйенің түбіт жүні мен оның қылшықты шудасын және қойдың биязы жүнін пайдаланып өндірілген өнімдер. Атап айтқанда, аппликация әдісімен ұлттық на­қышта жасалған паннолар, к­әдесыйлар, сонымен қатар жұқа киізді ою-өрнекпен безендірілген күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы ер және әйел адамның киімдері, балаларға арналған кәжекейлер, сөмкелер, бөкебай­лар... көрер көзге тартымды екен. 

Бұл заттарды шетелдік саяхат­шылардың қызықтап сатып алып жатқанына куә болдық. Әсіресе, жібек пен жүнді араластырып, өрнекті пішін тудырушы ісмер Күлшат Балғабаева, қыста киюге қолайлы киіз-шапанның авторы Жансая Жұманова, киіз-қамзол жасаудың шебері Әлия Апақаева мен жұлдызқұртты көбелек матадан іс тігудің шебері Айнұр Қилыбаева, киізден бойтұмар пішіндес кәдесый жасаушы ханымдар – Ольга Варталевская, Қарлығаш Күлжанова, Күміс Жаңаева, Дариха Сүйеубаева сияқты шеберлердің бұйымы әдемілігімен әсерлі көрінді. 

* * *
Астана тұрғындары мен шетелдік меймандар маңғыс­таулықтардың көрмесін тамашалаумен қатар өңірдің өнеріне де куә болды. Өйткені, Үстіртте оғыз дәуірінен бері үзіл­­­мей ұштасып келе жатқан қайқы-жыршылардың керемет дәс­түрі бар. Оның сыртында тума мә­дениетін бұзбай сақ­таған берекелі жұрт. Қазіргі таңда об­лыс көлемінде 66 кітап­хана жұ­мыс істеп тұр. Осы­лардың 50-і ауылдық жерде орналасқан. Сон­­дай-ақ, аймақта 39 клуб болса, оның 36-сы тағы да ауыл­дық­тар­­дың үлесінде. Бұ­лардан басқа 6 му­зей бар. Өңірдің мәдениет са­ла­сында 1882 адам қызмет істейді. 
Астанада өткен мәде­ниет күндері барысында маң­ғы­с­таулықтар барлығы 34 мәдени шара өткізіп үлгерді. Оған 600-ге жуық өнерпаз қамтылса, осылардың 233-і кәсіби әртістер де, қалған 120-сы этномәдени бірлестіктердің қатардағы өнер­паздары екен. 

Әсіресе, «Этноауылда» өт­­кен этнографиялық театр­лан­дырылған мәдени қойылым ке­зінде жергілікті қайқы-жыр­­­шылардың төгіп айтқан ағын­ды сарындары естушіні есінен тан­дырды. Сонымен қатар, «Сту­денттер» саябағында қо­йыл­ған облыстық қуыршақ театр­ының «Айжан әженің ерте­гісі» атты спектаклі, «Жерұйық» сая­бағында өнер көрсеткен «Сер­пер» фольклорлық ұжымы, «Гүл­­дәурен» халықтық би ан­сам­блі мен «Керуен» вокалды то­бының концерттік бағдар­ла­ма­лары көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, әнші Тамара Асармен бірлесіп өнер көрсеткен «Жорға» халықтық би ұжымының шы­ғармашылығы да биік межеден көрінді. 

* * *
Әр облыстың мәдени күндері аясында бұған дейін өткізіліп келген ұлттық спорт шаралары да өз жалғасын тапты. 18 тамыз күні «Қазанат» атшабарында маңғыстаулық «Адай ата» көкпар командасы мен Астана қаласының «Тұлпар» көкпар командасы арасында жолдастық сайыс ұйымдастырылып, Үс­тірттің ұландары жеңіске жетті. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге салу, саятшылық, құмай тазы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түр­лері­нен өткізілген жарыстар мен ше­­бер­лік көрсетілімдер жұрт­шы­л­ық­қа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. 
Осылай төрт тәулікке созыл­ған мәдени күндердің соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов елор­дадағы Ана мен бала ор­талығында балалар онкологиясы бөлімшесінде емделіп жатқан бүл­діршіндерге арнайы сыйлық жасап, ауыр дерт меңдеген сә­билерге қуаныш сыйлады. Сөй­тіп, ән-жырмен басталған шара сауаппен аяқталды. 


Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»