
Әйтсе де дәл қазіргі күні өңірдегі Мәртөк, Қарғалы және Әйтеке би аудандарының астық өсірушілері дәнді дақылдар егістігін оруды еңсере бастады. Мұнда орташа есеппен әр гектардан 10,7 -11,5 центнерден өнім жиналуда. Әрине мұның төмен өнім еместігі анық. Сонымен бірге, оның соңғы көрсеткіш емес екеніне де екпін түсірген жөн. Алдағы күндерде биылғы жылдың жаңа астығының түсімі ұлғаяды деп болжанған.
Тұтастай алғанда биылғы орақ кезінде өңірдегі егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдар 400 мың гектарға жуық алқаптың астығын қамбаға құймақ. Қазір бұл іс бел ортаға таяп келеді. Дегенмен, оның ауыр жүгі әлі де алда деп білеміз. Аймақ аумағындағы астық жинау науқаны тек соңғы күндері ғана қарқын ала түсті, деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.
Біз облыстың егін өсіруге ыңғайлы өңірлеріне журналистік іссапар бойынша жолымыз түскен кезде егіс шаруашылығы тауарларын өндірушілер орақтың алғашқы күндері 5,7 мың гектар алқаптың дәнді дақылдарын жинағанына көз жеткіздік. Әрі бұл деңгейдің мүмкіндік шегі емес екенін де терең түйсіндік. Оның мән-жайын егістіктің бел ортасында жүргендер ірі астықты шаруашылықтар бел шеше кіріскен кезде бұл көлемнің бұдан әрі ұлғая түсетінімен байланыстырды. Сол кезде бүгінгі көрсеткішті 10 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік туғызылмақ. Жоғарыда көрсетілген астық қамырлылығы өткен жылғы деңгейден жоғары екенін ескерсек, орақ науқаны нәтижесінде ақтөбелік астық өсірушілер сапалы әрі қалыпты өнім алатынына күмән тумайды.
Орақ науқаны ырғалып-жырғалуды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Табиғаттың әр күнгі қолайлы сәті диқандар үшін тек тиімділік пен пайда әкеле алады. Қазіргі кезде облыстағы астық жинаушылар қажетті жанар-жағармаймен және өзге де науқанға қажетті техникалармен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл фактордың өзі де орақ науқанын табысты түрде әрі өз уақытында аяқтауға алғышарт қаламақ.
Сонымен бірге, орақтың қызған шағында техникалардың бос тұрып қалмауына жол бермеу ісінің де маңызы айрықша. Бұл бағытта операторлардың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасау тәртібі орныққан. Жаңа астықты қабылдап алу ісінде кідіріс болмауының да алар орны бөлек. Осы орайда облыстағы алты астық қабылдау орны жаңа астықты кешеуілдетпей қабылдай бастағанына куә болдық. Оның бәрінің тиісті лицензиялары бар екен. Осылайша бүгінгі күні Ақтөбе аймағында егін ору науқаны күн сайын қарқын алып келеді. Өңірдегі астық өсірушілердің қазіргі жинақы іс-әрекеті егін орағын белгіленген кестеге сай аяқтауға бағытталған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы