Білім • 23 Тамыз, 2017

Ғаламның қасиетін зерделеген еңбек

858 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін әлемнің үдемелі ұлғаю себептері туралы бірыңғай теорияның жоқ екендігі белгілі. Және мұндай теорияның жылдар бойы жасалған зерттеулердің нәтижесінде ғана қалыптасатындығы тағы мәлім (мысалы, Эйнштейн салыстырмалылықтың жалпы теориясын жасауға 40 жыл уақытын құрбан еткен).

Ғаламның қасиетін зерделеген еңбек

Өз біліміне, күш-қайратына сенген ғалым Рәтбай Мырзақұловтың көп­ші­лік ғалымның тісі бата бермейтін Ға­ламды және оның үдемелі даму себеп­те­рін гравитация теориясын дамыту ар­қылы зерттеуі халықаралық танымал ғылыми журналда (European Physical Journal C, 2011, v.71, N9, 1752) жа­рия­­­лан­ған «Accelerating universe from F(T) gravities» атты мақаласы шетел ға­­лымдарын елең еткізбей қоймады. Қазақ ғалымы ұсынған тың жаңалыққа шетелдік ғалымдар беделді басылымдарда бірінен кейін бірі сілтемелер жасай бастады. Сонымен қатар «Nearly Starobinsky inflation from modified gravity» және «Reconstruction of   gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics» атты мақалалары Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ре­сур­стар мәліметі бойынша 2005-2015 жылдардағы әлемдегі 1% жоғары сіл­темеге ие болған еңбектердің құрамына ен­ді. Қазақстандағы физика бойынша ең көп сілтемеге ие болған алты мақаланың үшеуі қазақ физигіне тиесілі. Осылайша, ол Қазақстанның іргелі ғылымын космология және астрофизика саласы бойынша әлемдік деңгейге көтерді. Қазақстан Рес­публикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мем­лекеттік сыйлығына ұсынылып отыр­ған Рәтбай Мырзақұловтың «Қазақ­стандық іргелі ғылымды әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығаруға икем­деуші нақты ғаламның қасиеттерін сипаттайтын гравитация теориясын дамыту» атты ғылыми жұмысы дәл осы саладағы зерттеулерінің нәтижесі. 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Жал­­­пы және теориялық физика кафе­драсының меңгерушісі, университет жанындағы «Еуразиялық халықаралық теориялық физика орталығы» ғылыми зерттеу институтының директоры, ҰҒА кор­респондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов іргелі ғылымдардың жаңа бағыттарының бірі − солитондар теориясын Ресейден Қазақстанға тұңғыш алып келген ғалым. Табиғаттың күрделі де тылсым физикалық құбылыстарын математика тілінде сипаттайтын Рәтбай ұсынған теңдеулер әлемдік деңгейде танылып қана қоймай, осы саладағы көп­теген шетелдік ғалымдардың зерт­теулерінің қайнар көзіне айналып, «Мыр­зақұлов теңдеулері» деген атқа ие болды.

Ғалым Рәтбай Мырзақұлов негізінен физиканың теориясымен айналысады. Оның мақсаты космология саласының (әлемнің неге үдемелі түрде кеңіп бара жатқандығын) негізін, табиғатын, яғни теориясын түсіндіру. Бұл бағытта дүние жүзінің көптеген ғалымдары тер төгуде. Солардың арасында Рәтбай Қағазұлы бас­таған қазақстандық ғалымдардың жүруі – еліміз үшін үлкен абырой. Ғалым­ның астрофизика, гравитация және космология саласын зерттеудегі еңбегі шетел мамандарының халықаралық деңгейдегі жоғары бағасын алғандығын атап өткен орынды.

2015 жылы «Ұлттық ғылыми-техника­лық ақпарат орталығы» акционерлік қо­ғамы мен Springer халықаралық басылымдар компаниясы белсенді түрде ғылыми мақала жариялап, әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан Орталық Азияның белді ғалымдарына арналған «Top Springer Author» сыйлығын тапсырғаны көпшілікке мәлім. Солардың қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі Рәтбай Мырзақұловтың болғаны еліміз үшін үлкен мәртебе.

Ғалымның ұзақ жылғы ғылыми ең­бегі өз нәтижесін беруде. Соның айғағы ре­тінде, мәселен, мына жетістіктерді айтуға болады: 
- осыдан 25 жылдай бұрын ұсынған «Мырзақұлов теңдеулері» атты теңдеу­лерін алыс шетел ғалымдары қабылдап зерттеуде; 
- Thomson Reuters мәліметі бойын­ша әлемдегі ең жоғары сілтемеге ие 1% мақа­лалардың ішіне Қазақстан ғалымдарының 12 мақалалары кіреді екен. Сонын 4-еуі ғалымның үлесінде; 
- Орталық Азия бойынша «Top Springer Author 2015» сыйлығы (2015 ж.);
- Thomson Reuters берген Орталық Азия бойынша «Ғылым көшбасшысы» сый­лығы (2015 ж.) және т.б.
Жоғарыда келтірілген деректерге сүйе­ніп, ой елегінен өткізсек, Рәтбай Мырзақұловтың «Қазақстандық іргелі ғы­лымды әлемдегі озық жетістіктер дең­гейіне шығаруға икемдеуші нақты ға­ламның қасиеттерін сипаттайтын гра­витация теориясын дамыту» атты жұ­мысы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына лайық екендігіне көз жеткіземіз.

Қазбек БАҚТЫБЕКОВ, 
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор