Жазғы спорт • 23 Тамыз, 2017

Студенттер сайысынан күтеріміз көп

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы күндері Қытайға қарасты Тайвань провинциясының астанасы Тайпэйде XXIX Жазғы универсиада-2017 ойындары өтуде. 19 тамызда жалауы желбіреген байрақты бәсекеге әлемнің 142 елінен келген 7600-ден астам студент спорттың 21 түрі бойынша сынға түсуде. Ал Қазақстан құрамасы сапында 120-ға жуық атлет спорттың 14 түрінен ел намысын қорғап жатыр.

Студенттер сайысынан күтеріміз көп

Студенттер арасындағы ха­­лықаралық Жазғы уни­вер­сиада 1923 жылдан бері тұрақты түрде ұйым­дас­ты­­рылып келеді. Студент спорт­шылардың ірі жарысы саналатын Универсиадаға Қаза­қ­стан құрамасы 1993 жылдан бастап ұдайы қатысып келеді. Ал еліміздің құрамасына студенттер ойынының тұңғыш алтын жүлдесі 2003 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қала­сында өткен бәсекеде бұйыр­ды. Сол жылы отандастарымыз екі алтын, төрт күміс медаль олжалап, 174 мемлекет қатысқан сында жүлде қорытындысы бойынша 18-ші орынға тұрақтады. Ал Жазғы универсиада ойындары тарихында спортшыларымыз ең үлкен жетістікке араға 12 жыл салып, Оңтүстік Кореяға қайта оралған байрақты бәсе­кеде қол жеткізді. 2015 жы­лы Кванджуда өткен сында Қазақстан құрамасы алты алтын, төрт қола медаль­мен жалпы есепте 11-ші оры­ннан көрінді. Кореяның оңтүс­тігінде өткен жарысқа 94 отан­­дасымыз спорттың 10 тү­рі­нен бақ сынаған болатын. Ал Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі Спорт және дене шы­нықтыру істері комитетінің төр­ағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша биылғы мақсат – осы межеден асып түсу. 

Тайпэйде жа­лауы жел­біреген XXIX Жаз­ғы универсиада ойындары спорттың 21 түрі бойын­ша өтіп жатыр. Бір айта кетерлігі, халықаралық студенттер ойы­нының ережесі бойынша баскетбол, су добы, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, суға секіру, үлкен жә­не үстел теннисі, спорттық және көркем гимнастика, таэквондо, футбол және семсерлесу спорт түрі Жазғы уни­вер­сиада ойындарының мін­детті спорт түрлері ретінде са­­налады. Қалған спорт бәсе­ке­­лерін Универсиаданы ұй­ым­­­­­дастырушы мемлекет таң­дап, ұсынады. 2015 жылғы бәсекемен салыстырғанда биылғы жарысқа роллер спорты, ауыр атлетика және у-шу спор­ты қосымша енгізілді. Ал қазақ спортшыларының оң жамбасына келетін бокс бә­секесі екі Универсиада спор­тының дәстүрінен түсіп қал­ған. Бокс спорты соңғы рет 2013 жылы Қазанда өткен Уни­­версиадада жарыстар тізіміне енген болатын.

Биылғы бәсекеге жоғарыда айтып өткен қазақстандық 120 спортшы спорттық гимнас­тика, дзюдо, садақ ату, ауыр атлетика, семсерлесу, жү­зу, таэквондо, теннис, үстел теннисі, жеңіл атлетика, гольф, у-шу, ашық суға жүзу және көркем гимнастика бойынша сынға түсіп жатыр. Халық­аралық студенттер жары­­сының бірінші күнінде ел қоржынына алғашқы медаль түсті. Ауыр атлетикадан 56 килода ерлер арасында бағын сынаған қазақстандық зілтемірші Арлей Чонтей қоссайыс бойынша 258 килоны еңсеріп (115+143), қо­ла жүлдені жеңіп алды. Ал Чонтейден зілтемірді 36 кило ауыр көтерген Солтүстік Корея спортшысы Чол Юн Ом Уни­версиада чемпионы атанды. Күміс жүлде 263 кило (119+144) көтерген доми­­никандық Луис Альберто Гарсияға бұйырды. 

Жарыстың екінші күнінде спортшыларымыз бір алтын және бір қола медаль иеленді. Ауыр атлетикадан биылғы Азия чемпионы Альберт Лин­дер Универсиада чемпионы атанды. 69 килоға дейін салмақта сынға түскен Линдер жарыс қорытындысы бойынша 333 кило (148+185) зілтемірді көтеріп, Универсиада рекордын орнатты. Осы салмақ­тағы солтүстіккореялық зіл­темірші Ким Мен Хек 331 килоны (153+178) еңсеріп, Уни­версиаданың күміс жүл­дегері атанды. 325 килоны (145+179) басынан асырған жапон ауыр атлеті Мямото Масонори қола жүлдені қанағат етті. Айта кететіні, Альберт Линдер Азия бі­ріншілігінде 335 кило (148+187) зілтемірді басынан асыр­ған болатын. 

Суға жүзуден қола жүлдені Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин иеленді. Ол 100 метрге брасс әдісімен жүзуден 1,17 минут көрсеткішпен үшінші келді. Еске сала кетсек, 2015 жылы Универсиадада Баландин дәл осы брасс әдісімен жүзуден алтын медаль иеленген болатын. Бұл жолы ол екі жыл бұрынғы жетістігін қайталай алмады. 

Жазғы универсиаданың үшінші күні де ел спортшы­лары үшін сәтті болды. Құра­ма қоржыны бір алтын және бір қоламен толықты. Қазақ­стандық ауыр атлет Айдар Қазов Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. 77 кило салмақта сынға түс­кен отандасымыз жұлқа көте­руде 145 килоны еңсерсе, серпе көтеру сайысында қарсылас шақ келтірмеді. Ол өзінің үшінші мүмкіндігінде 186 килоны көтеріп, чемпион атанды.  Қос сайыс бойынша 331 (145+186) килоны өзіне бағындырды. Ал қола жүл­дені дзюдошы Бекәділ Шәй­мерден иеленді. Бекәділ үшін­ші орын үшін өткен белдесуде алжирлік балуанды же­ңіп, Жазғы универсиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақ­стан құрамасы үш күннің қорытындысы бойынша екі алтын, үш қола  медаль жеңіп алды. Екі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын студенттер арасындағы Жазғы универсиада ойындары 30 тамызға дейін жалғасады. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»